in

Моноқалалар: ескі өндірістен жаңа өріске

Жалғыз кәсіпорынға күні қараған шаһарлардың тағдыры әртүрлі қалыптасты: бірі жаңа заманның ағымына ілесіп өрлеу жолына түссе, кейбірі әрі қарай тоқырау тұңғиығына батып, ахуалы ауырлай түсті. Олқылықтың орнын толтырып, өңірлерге соны серпін беру үшін Үкімет жаңа шараларды қолға алды. Бұл өзгерістер моноқалалардың түтінін түзу ұшырып, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтере ала ма?

Өз Жолдауларында Мемлекет басшысы моноқалалар мәселесіне үнемі жеке тоқ­та­лады. Мысалы, 2024 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев алып өндірістің арқасында ғана тіршілігін болашаққа жалғап жатқан қалаларды заман талабына сай жаңғыртудың жолын нұсқады. 

– Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыс­тық техника шығаратын өндірістер іске қо­сылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет. Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол аша­тын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек, – деп тапсырды Президент.

Бұл тапсырма қаншалықты орындал­ды? Үкімет шағын шаһарлардың эконо­микасын сәтті диверсифика­ция­лауды­ң мысалы ретінде Қарағанды облы­сындағы Саран (Сораң) қаласында автокөлік шина­ларын шығару өндірісінің іске қос­ы­луын алға тартты. Осының арқасында ол моно­қалалар санатынан құтылыпты. Сондықтан бұл тәжірибені жаңа өсу нүктелерін құру үшін басқа өңірлерде де қолдану қарастырылған. 

Сондай-ақ Сарандағы негізгі жоба­лардың қатарында теледидар және кіржу­ғыш машиналар шығаратын зауыт та аталып жүр. Silk Road Electronics тұрмыстық техника зауытында өндіріс жұмыстары 2025 жылдың 18 тамызында басталды. Жыл соңына дейін 10 мың теледидар мен 25 мың кіржуғыш машина шығарылыпты. Кәсіпорын толық қуатқа шыққан кезде жылына 150 мың теледидар мен 200 мың кіржуғыш құрастыруға қауқарлы. Онда SmartThings экожүйесін (ЖИ элементтері және қашықтан басқару функцияларын) қолдайтын кіржуғыштың 17 түрі жасалады. Бұл – қазақша ин­терфейсі бар осындай алғашқы техника. Мұның сыртында Crystal UHD 4K, FHD және HD формат­тарындағы Smart TV теледидарларының 21 моделі өндіріледі.

Аспанмен қайта қауышқан Арқалық

Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыр­күйектегі соңғы Жолдауында Арқа­лықтың әуежайын қалпына келтіру жұ­мыс­тарын тезірек аяқтауды, тұтастай алғанда, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуын айрықша назарда ұстауды Үкіметке қадап тапсырды. Пре­зи­дент қойған бұл міндет орындалды. Өткен апта соңында, араға 33 жыл салып, Арқалық әуежайы қайта ашылды. Оның әуе қақпасы 2026 жылдың 22 тамызында елордадан ұшқан алғашқы жолаушылар рейсін қабылдады. 

Әуежайды қалпына келтіру жұмыс­тары 2025 жылы басталып, оған жалпы құны 20,4 миллиард теңге жұмсалған. Құрылыс барысында қираған әуежайы және басқа инфрақұрылымы толығымен жаңартылып, жаңа жолаушылар тер­миналы, заманауи ұшу-қону жолағы, диспетчерлік мұнара және құтқару стан­сасы салынды. Халық­аралық әуе көлігі қауымдастығы Арқалыққа AYK кодын қайтарды. SCAT әуе компания­сы CRJ200 ұшақтарымен тұрақты рейстерді бастап та кетті. 

Үкіметте өңірлерді дамытуға жауап беретін тұлға, вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қостанай облысының Арқалық қаласын және Торғай өңірін әлеуметтік-экономи­калық дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданғанын жет­кізді. Үшжылдық жоспар 10 негізгі бағыт бойынша 51 іс-шараны қамтиды. 

Жоспарда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асы­руға, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвес­тициялық белсенділікті қолдауға ерекше назар аударылды. Арқалық қаласында бірқа­тар ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың ішінде 6 мың бас ірі қара малға модульдік репро­дуктор құру, желатин және биоактивті сүйек матрицасын шығаратын зауыт салу, 10 мың бас қой үшін мал шаруашылығы кешенін, 6 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу. Бұдан басқа, құрамажем зауытын пайдалануға беру, қуаттылығы жылына 300 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жоспарланған.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2026 жылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-шараны іске асыру көзделгенін хабарлады. «Барлығы жоспар­лы мерзімде іске асуы үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Осы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді. Бұл негізгі жобаларды толық көлемде қаржы­ландыруға мүмкіндік берді. Оның ең бастысы – Арқалық әуежайының құры­лысы. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, көлік қатынасы, инвес­тициялық тартымдылықты айтарлықтай арттырып, өңірді дамытудың жаңа кезеңін ашты», – деп атап өтті Қ.Ақса­қалов.

Сонымен қатар Арқалықта абат­тандыру жұмыстары жүргізіліп, бос тұрған ғима­раттар қалпына келтіріліп жатыр. Аула­ішілік аумақтар мен вокзал маңындағы алаңдар жөнделген. Қалада университет ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Жезқазған–Арқалық авто­жолын жөндеу жұмыстары соңғы кез­еңге өтті. Кезінде боксит өндірісімен күн көрген қала бүгінде ауыл шаруашылы­ғына ден қойды. Arkalyk QUS ЖШС құс фабри­касының тең құрылтайшысы Максим Божко бұл кәсіпорынды ірілендіру үшін қос сатылы жаңғырту жобасы бас­тал­­ғанын мәлімдеді. Бұл өндіріс көлемін екі есеге – жылына 150 млн-нан 300 млн жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік береді.

– Биыл 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа қораларды пайдалануға береміз. Өзіміздің құрамажем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы 80 млн құсқа қора тұрғызылады. Қазір бізде шамамен 250-270 адам жұмыс істейді. Штатты 370 қызметкерге дейін көбейте отырып, 100-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар, – деді М.Бож­ко. Сөйтіп, бүгінде Арқалық моно­қалалар тізімінен шығарылып отыр. Бұдан былай ол шағын қала саналады.

Таулар аясындағы жаңа тыныс

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өзіндегі моноқалалардың дамуына қатысты ақпарат ұсынды. Шағын шаһарлардағы әрбір жаңа инфрақұрылым – ірі оқиға, өрлеудегі серпін болса керек. Ресми мәлі­метке жүгінсек, Риддер қаласында 70 орындық Ridder Inn қонақүйі пайда­лануға берілді. Екінің бірі біле бермес, бірақ осы моноқала – тау туризмін, экс­трим мен таза ауаны ұнататындар үшін біршама тартымды орын. Қала маңында және оған жақын аймақта туристік тар­тымды орындар жеткілікті. Ішіндегі ең бір көр­нектісі – Алтай тау жүйесінің құрамына кіретін Иванов жотасы мен «Үміт» асуы. Альпілік шалғындар мен жасыл ормандармен жанарды жаулайтын бұл аймақ – треккинг пен жаяу серуен жасауға таптырмас жер. Мұнда таудың саф таза ауасымен тыныстап, жанға жайлы тыныштық табуға болады.

«Ақбас» және Үбі өзенінің өзі неге тұрады?! Таудан аққан мөп-мөлдір, айна­дай жарқыраған таза өзендер мен сарқыра­малар туристерді қызықтырады. Өзен бойы рафтинг жасауға және эколагерь құруға қолайлы. Риддер маңында тау шаң­ғысы базалары бар. Мұнда марал шаруашылықтары дамытылып жатыр. Қаржы құйылса, Риддер өңірінде пантымен емделіп, денсаулықты жақсарту мақсат­ындағы емдік туризм қарқын ала алар еді. Қалада Емдеу және аңшылық мақсат­тағы ірі марал шаруашылығын салу жо­ба-сы қолға алыныпты. Нысан 2027 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.

«ШҚО турификациялау картасы» бекі­тілді: оған сәйкес жағажай, тау шаңғысы, емдеу-сауықтыру, экологиялық және ауылдық туризм бағыттары бойынша 23 басым туристік аумақ бекі­тілді. Оларда турбаза, қонақүй сала­т­ындарға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұ­рылымды әкімдік тартып береді. 

Халықтың объектілер мен қызмет­терге қол жеткізуінің міндетті деңгейін қам­тамасыз ету үшін қаланың өзінде 2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Риддерде 200 төсектік стационар, бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емха­наның құры­лысы аяқталды. Валюта бағамының өз­геруіне және медициналық жабдықтар­дың қымбаттауына байла­нысты гематоло­гия орталығының құры­лысын тәмамдау 2026 жылға ауыс­тырылған екен. Сонымен бірге спорт бағытында қалада шаңғы-рол­лерлік трасса ел игілігіне тапсырылды. Қаржы жетіспеуіне байланысты Риддер және Шемонаиха қалаларында денешын­ықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы 2026-2030 жылдарға көшірілді. 

Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша биыл «Қазмырыш» ЖШС Риддер метал­лургиялық кешеніндегі ГК-30-1 нысанын реконструкциялап, іске қосқан. Серебрян бейорганикалық өндіріс зауытының қыз­меті қайта басталыпты. Бұрыннан құла­зып, қирап, бос жатқан тағы бір зауыт Ertis Bereke Oskemen компаниясына сенімгерлік басқаруға беріліп, екінші тынысы ашылыпты. Инвестор 6,1 млрд теңге қаржысын салып, қазақстандық Su Bereke брендті ауыл шаруашылығы суару машина­ларының өндірісін жолға қойған.  

Моноқалалар тізімі өзгерді

Алып кәсіпорындардың айналасында қалыптасқан қалалардың дамуына жаңа серпін беру мақсатында Үкімет 2025 жылдың соңынан «Өрлеу» атты жаңа бағдарламаны іске қосты. Ол ірі кәсіп­орындар маңындағы өндірістік коопера­цияны өрістетуге, оларға қызмет көр­се­тетін, шикізаты мен өнімін өткізетін, қа­жетті материалдармен қамтамасыз ететін шағын және орта бизнесті дамытуға бағыт­талған. Биыл бұған жалпы 750 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 300 млрд теңгесі – «Даму» қорынан, 450 млрд теңгесі – банктерден. Бұл қаражат жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын жеңілдетілген кредит түрінде беріледі.

Өңірлердің орнықты әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін Үкімет Қазақстанның 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасын бекітті. Құжат халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және моноқалалардың эконо­микалық әлеуетін ашуға да бағытталған. Әлеуметтік, инженерлік және көлік нысандарына қолжетімділіктегі тең­сіздіктерді жоюға айрықша назар аударылмақ. Ал даму деңгейі ең төмен өңірлерге Өңірлік стан­дарттар жүйесі негізінде республикалық бюджеттен басым тәртіппен қаржы бөлінетін болады.

Моноқалаларды дамытудың өзге де шаралары әзірленді. Олардың қатарында ірі кәсіпорындар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында ұзақмерзімді келі­сімшарттар мен офтейк-келісім­шарттар жасасу, индустриялық аймақтар құру, ішкі құндылық бағдарламаларын енгізу, шағын және орта бизнесті дамыту және басқа да тетіктер бар.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасы қабылданғалы бері он бес жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңге көз жүгіртсек, ең алды­мен бір маңызды өзгеріс көзге түсе­ді: моноқалалардың саны шамамен 30%-ға қысқарған. Алғашқы бағдарламада 12 өңірдегі 27 қала қамтылған еді. Уақыт өте келе, Текелі, Қаратау, Жаңатас, Жез­қазған, Саран, Арқалық, Екібастұз және Серебрян моноқала мәртебесінен айыр­ылды.

Алайда бұл өзгерістің бәрі үшін бірдей жақсы жаңалық болған жоқ. Бір қалалар жаңа кәсіпорындар ашып, экономикасын әртараптандыру арқылы моноқала мәртебесінің тар шеңберінен табиғи түрде «өсіп шықты». Мәселен, Саран мен Екібастұз осындай жолдан өтті. Ал кейбір қалалар, керісінше, тоқырауға ұшырап, шағын қалалар санатына ауысты. Серебр­янскінің тағдыры – соның бір мысалы.

Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қазіргі тізімде халқы 9,8 мыңнан 175,7 мың адам­­ға дейінгі 19 моноқала қалды. Даму әлеу­еті орташа моноқалалар тобына 11 елді мекен жатады. Соның алтауында өт­кен жылдар ішінде халық саны да аз­ай­ған. Мәселен, Жаңаөзен 2012 жылдан бері 22,5 мыңға жуық тұрғыннан айырыл­ған, халық саны 22,7%-ға кеміген. Лисаковскіде тұрғындар саны 15,6%-ға, Риддерде 11,7%-ға қысқарды. Ал Хромтауда халық саны 22,8%-ға, Құлсарыда 19,8%-ға, Абайда 6,3%-ға өсті.

Ең перспективалы санатқа, яғни экономиканы әртараптандыру жолына түскен қалалар тобына 5 елді мекен кіреді. Олардың қатарында халық саны ең көп Теміртау (175,7 мың), сондай-ақ Рудный, Ақсу, Кентау, Степногор бар. Бұлардың экономикалық тұрақтылығы жоғарырақ. Себебі олар ірі өнеркәсіптік қалалардың ықпал ету аймақтарында орналасқан және экономиканың даму көрсеткіштері де тұрақты.

Бүгінде моноқалаларға бағдарланған мемлекеттік қолдау шаралары жаңа өн­дірістер мен сервистік нысандарды іске қосуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­деуді, сауданы, логистиканы және тур­истік қызметтерді кеңейтуге жағдай жасауға бағытталып отыр. Негізгі міндет – жаңарған инфрақұрылымды жаңа жұмыс орындарын ашумен, халықтың табысын арттырумен ұштастыру.

Осының бәрі моноқала тұрғындарына туған жерінде қалып, жемісті еңбек етуге, табысын еселеуге, кәсіпкерлікпен айна­лысуға және қаланың экономикалық өміріне белсенді араласуға кең мүмкіндік береді. Ең бастысы – бір кәсіпорынға тәуелді қалалардың тағдырын өзгертіп, олардың болашағын әртараптандырылған экономикамен, жаңа өндірістермен және жергілікті бизнестің қуатымен байла­ныстыру.

Айхан ШӘРІП