Президент, ең алдымен, көлік саласы қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтап, оларды еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жатқан нағыз еңбек адамдары деп атады.
– Мемлекет үшін көлік саласының стратегиялық маңызы айрықша. Бұл – айқын нәрсе. Көлік жүйесі – әрбір елдің дамуының көрінісі. Онсыз экономиканың алға басуы мүмкін емес. Сондықтан бұл салаға біз аса маңызды басымдық ретінде қараймыз. Көлік құралдары – экономиканың қозғаушы күші, өсіп-өркендеу кепілі десек, артық болмайды. Еліміздің осы саладағы мүмкіндіктері мол, тіпті бірегей деуге болады. Қазақстан – Еуразиядағы негізгі транзиттік хабтың бірі. Біз қазір Транскаспий халықаралық көлік бағдарын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Бұл – Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасында тауар жеткізудің төте жолы. Былтыр Сиань қаласында көлік-логистика орталығын аштық. Оны «Бір белдеу, бір жол» атты жаһандық бастама аясында Қытай елімен бірлесіп жүзеге асырдық. Бұл қадам халықаралық жүк тасымалын арттыруға септігін тигізуде, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстан аумағы арқылы өтетін дәліздердің инфрақұрылымын біртіндеп жақсарту қолға алынғанын айтты.
– Логистика орталықтары және қоймалар салынуда. Теміржол құрылысы жанданып жатыр. Осындай маңызды шаралар сыртқы сауда айналымын ұлғайтуға мүмкіндік береді, экономиканы өркендетуге ықпал етеді. Биыл «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі салынып бітеді. Соның арқасында жүк көлемі бес есе артады. Осы ауқымды жобаны, негізінен, өз жұмысшыларымыз жүзеге асырып жатқанын да атап өту қажет. Сондай-ақ жыл соңында Алматы бекетін айналып өтетін теміржол іске қосылады. Нәтижесінде, жүктеме азайып, жүк жеткізу мерзімі қысқармақ. Көлік-тасымал саласы озық, заманауи және бәсекеге қабілетті болуы керек. Сол себепті алдағы уақытта еліміздегі теміржолдың ұзындығын едәуір арттыру көзделіп отыр. Он бір мың шақырым теміржолды жөндеу жұмысы жалғасады. Жаңадан 5 мың шақырым жол салу және оны жаңғырту жоспарлануда. Қазір Транс-Қазақстан теміржол дәлізі ауқымды жобасы қолға алынды. Менің тапсырмаммен ұзындығы 323 шақырым болатын «Мойынты – Қызылжар» теміржолы салынып жатыр. Бұдан бөлек, «Дарбаза – Мақтаарал» және «Аягөз – Бақты» теміржол өткелінің құрылысы қарқынды жүруде, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тағы бір маңызды бағыт – машина жасау секторы. Әлемнің ең озық компанияларын тарта отырып, жергілікті өндірісті дамыту өзекті.
– Қазір Қазақстанда шетелдік үздік компаниялар жұмыс істейді. Мен жыл басында Астанадағы электровоз құрастыру кәсіпорнына бардым. Онда жүк және жолаушылар тасымалдайтын электровоз бен қосалқы бөлшектер шығарылып жатыр. Ең бастысы, осындай маңызды жұмысты өз мамандарымыз атқаруда. Мемлекет мұндай жобаларға жан-жақты қолдау көрсете бермек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әуеқатынастарын дамыту көлік саясатындағы басым міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Бүкіл ел бойынша авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мысалы, былтыр Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар іске қосылды. Әуежайлардың өткізу қабілеті айтарлықтай артты. Бұрын Алматы әуежайы жылына 2,5 миллион жолаушыға ғана қызмет көрсете алатын. Бүгінде бұл көрсеткіш 14 миллионға дейін ұлғайды. Менің тапсырмаммен Зайсанда, Қатонқарағайда және Кендірліде үш жаңа әуежай салынып жатыр. Арқалық әуежайы қалпына келтіріле бастады. Мұндай жобалардың жүзеге асуы жолаушылар нөпірін көбейтіп қана қоймайды. Сонымен қатар логистика, туризм, сауда және басқа да қосалқы салалардың дамуына серпін береді. Әуе рейстерінің географиясын кеңейту мақсатында тұрақты түрде жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Қазір Қазақстанның 30-дан астам елмен тікелей әуеқатынасы бар. Бірақ бұл аз. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, алдағы маңызды міндет – әуе арқылы жүк тасымалын дамытып, Қазақстанды аймақтағы жетекші авиациялық хабқа айналдыру.
– Үкімет ұлттық жүк тасымалдаушы әуекомпаниясын құру туралы жоспарын мәлімдеді. Жалпы, еліміздегі азаматтық авиация мен әуе арқылы жүк тасымалын дамыту мәселесі тек көлік қызметі ретінде қарастырылмайды. Оның ауқымы одан әлдеқайда кең. Бұл – еліміздің экономикалық өсіміне, халықаралық аренадағы орнына және егемендігіне тікелей әсер ететін стратегиялық вектор, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы автокөлік жолдарының сапасын жақсартуға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударды.
– Былтыр 7 мың шақырым автокөлік жолы пайдалануға берілді. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Алматы, Ақтөбе – Атырау – Астрахан бағытындағы күрежолдар жаңғыртылды. Жергілікті автокөлік жолдары да жөнделіп жатыр. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет іске асатын болды. Бұдан бөлек, басқа да ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Былтыр халық көптен күткен Бұқтырма су қоймасындағы көпір ашылды. Бұл – Қазақстандағы ең ұзын көпір. Осы өткел екі облысты және жеті ауданды байланыстырады, сондай-ақ Қытай мен Ресейді жалғайды. Шақпақ баба асуында еліміздегі ең алғашқы туннель іске қосылды. Шын мәнінде, «Жол – тіршілік көзі, жол бар жерде қайнаған өмір бар» деп бекер айтылмаған. Осы нысандардың игілігін ең алдымен халық көреді. Сапалы жол азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Жалпы, Қазақстанда көлік-транзит саласы қарқынды дамуда. Бұл – өздеріңіз сияқты азаматтардың қажырлы еңбегінің жемісі. Қазір осы салада 770 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Сіздер адал қызмет етіп, елімізді көркейтуге мол үлес қосып жүрсіздер. Мен бүгін барлық көлік саласы қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз бір ел болып заң мен тәртіпке бағынатын Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Бұл – мемлекетіміздің болашағы үшін өте маңызды жұмыс, оны міндетті түрде орындауымыз керек. Көлік саласы мамандары өз міндеттерін мінсіз атқарып, мемлекеттік маңызы бар іске белсенді түрде атсалысып келеді. Алдағы уақытта да ел игілігіне қызмет етесіздер деп сенемін. «Еңбек еткен елден ырыс кетпейді» дейді халқымыз. Еңбекқорлық пен кәсібилік – өркениетті қоғамға тән қасиеттер. Еңбек адамы ең жоғары марапатқа лайықты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Салтанатты жиында еліміздің көлік саласын дамытуға, қатынас жолдарының инфрақұрылымын қалыптастыруға және жаңғыртуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградамен марапатталды. Атап айтқанда, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы «Қазақстан темір жолы» компаниясының ардагері Қалтай Сәмбетовке берілді. Ол 66 жыл үздіксіз жұмыс істеп, теміржол саласын және көлік инфрақұрылымын дамытуға зор үлес қосқан. Ең жоғары мемлекеттік награда көлік саласының өкіліне алғаш рет табысталып отыр.
Сондай-ақ былтыр мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ енгізілді. Соның бірі – «Қазақстанның көлік саласының еңбек сіңірген қайраткері». Бүгін бұл құрметті атақ еңбек ардагерлері – Борис Исинамановқа, Владимир Аверкинге, Қанат Шайминге және Андрей Горватқа берілді.
Жиында сала ардагері, «Қазақстанның Еңбек Ері» Қалтай Сәмбетов, «Гидротехникалық құрылыстар» филиалы Бұқтырма шлюзінің «Тайфун» сүңгуір стансасының капитаны – жоғары санатты механигі Владимир Аверкин, «Шымкент әуежайы» АҚ ұшу аппараттарын жуушы Нұрзейнеп Пірманова сөз сөйледі.
Б.МАРАТҚЫЗЫ