New Atlas сайтында жарияланған материалдың негізінде Aikyn.kz жаңа веломобильмен таныстырады.
14 жыл бұрын көпшілік алғаш рет Elf туралы естіген еді. Бұл – төбесіндегі күн панелі арқылы зарядтауға болатын педальды әрі электрлі веломобиль болатын. Енді оның жаңа нұсқасы пайда болады. Ол анағұрлым жайлы, қуатты болады және екі жолаушыға арналған.
Солтүстік Каролина штатының Дарем қаласында орналасқан Organic Transit компаниясы жасаған бастапқы Elf негізінен жабық үш дөңгелекті көлік болатын. Оның алюминий жақтауы, бір орындығы, артқы жүк бөлімі, вакуумдық қалыптау әдісімен жасалған ABS-композит корпусы және поликарбонаттан жасалған алдыңғы әйнегі болды.
Ол 750 Вт қуатты тұрақты магнитті қозғалтқышпен жабдықталған еді. Қозғалтқыш 88,8 В литий-ионды аккумулятор блогынан қуат алатын. Жүргізушілер педаль тебу немесе қосымша аккумулятор орнату арқылы жүріс қорын арттыра алғанымен, бір аккумулятор блогы бір зарядпен шамамен 48 шақырым жететін.
Оның аккумуляторын стандартты розеткадан екі сағатта зарядтауға болатын. Сонымен қатар Elf төбесіне орнатылған 60 Вт фотоэлектрлік панельмен жабдықталған еді. Ол жеткілікті күн сәулесі түссе көлік тұрақта тұрған кезде аккумуляторды қосымша зарядтап тұратын.
Бастапқы Elf кейін 2.0 моделімен алмастырылды, ал енді Organic Transit компаниясы жақында Elf 3.0 сатылымға шығатынын хабарлады. Оның ерекшелігі неде?
Бастапқы модельде тек алдыңғы аспа болса, 3.0 нұсқасында алдыңғы да, артқы да аспа (подвеска) болады. Сонымен қатар 2.0 моделінде 100 Вт фотоэлектрлік панель қолданылса, 3.0 нұсқасында бұл көрсеткіш 200 Вт-қа дейін ұлғайтылған. Қажет болса, оны 400 Вт-қа дейін арттыруға болады. Сыйымдылығы бастапқы модельмен салыстырғанда шамамен 2 есе үлкен аккумулятор батареясы да стандартты жинаққа кіреді.Иә, енді жүргізушілер өзімен бірге бір жолаушыны отырғыза алады. Ол жүргізушінің артындағы орындықта отырады. Көлікте артқа қарай ашылатын бүйір есіктер болады.
Тағы бір жаңа ерекшелік – бағдарламаланатын трансмиссия. Ол Elf 3.0-ді 1, 2 немесе 3-сыныптағы көлік құралы ретінде, не болмаса қала ішінде жүруге арналған электр көлігі (NEV) ретінде жіктеуге мүмкіндік береді. Соған сәйкес оның ең жоғары жылдамдығы да өзгереді.
Шын мәнінде, Organic Transit компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Роб Коттердің айтуынша, 3.0 модельдерінің кейбірі тіпті велосипед тебуге арналған жабдықпен қамтылмайды. «Бұл велосипед тебе алмайтын мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін немесе мүлде велосипед тепкісі келмейтіндер үшін құнын төмендетеді», – дейді ол.
Көлікке электрондық иммобилайзер де орнатылады. Ол қуат өшіп тұрған кезде көліктің қозғалуына жол бермейді. Ұрланған жағдайда иесі көліктің орналасқан жерін бақылай алады.
Басқа сипаттамаларына келсек, 3.0 әлі де 750 Вт қозғалтқышпен жабдықталады. Есептелген жүріс қоры 322 шақырым болады. Веломобильде толыққанды жарықтандыру жүйесі болады. Жалпы салмағы – 73 келі. Жүргізуші, жолаушы және жүк үшін жалпы көтеру қабілеті – 250 келі. Аккумуляторды толық зарядтау 2,5 сағатқа созылады.
Organic Transit қазіргі уақытта 3.0 модельдерінің алғашқы партиясын өндіруді қаржыландыру үшін WeFunder платформасында қаражат жинауды аяқтауда. Сонымен қатар компания сатып алушылардан 50 доллар көлемінде алдын ала тапсырыс қабылдауда. Компания базалық бағаны 7 500 АҚШ доллары деңгейінде белгілеуді жоспарлап қойған.