Reuters материалын негізге алған Aikyn.kz бағалы тастар нарығындағы өзгерістердің себебін талдайды.
Көлемі бойынша Пентагоннан да асып түсетін, Үндістанның өсіп келе жатқан сауда амбициясын бейнелейтін Сурат алмаз биржасы қазір үрейлі тыныштыққа оранған. Онда санаулы трейдерлер ғана жұмыс істеуде. Себебі түсінікті. Сауда баяулап, болашаққа деген болжамдар көңіл көншітпейді.
Қытай тарапынан сұраныстың төмендеуіне байланысты Үндістанның алмаз өнеркәсібінің экспорты соңғы 20 жылдағы ең төменгі деңгейге жетті. Бұған АҚШ президенті Дональд Трамптың жоғары кедендік тариф енгізуі қосылып, әлемдегі ең ірі нарықтың есігі жабылды. Америкалық нарыққа Үндістанның 28,5 млрд долларлық қымбат бағалы тастар мен зергерлік бұйымдар экспортының үштен бірі тиесілі. Суратта әлемдегі өңделмеген алмаздардың 80%-дан астамы бедерленіп, гауһар тасқа айналады.
Шағын экспорттаушылар тарифтерден қатты зардап шегуде. Ал ірі ойыншылар бизнесін 15%-дық төмен тариф қолданылатын Ботсвана сияқты елдерге көшіруді жоспарлауда. Үндістан үшін қолданыстағы 25%-дық тариф 27 тамыздан АҚШ президентінің жарлығымен екі есе артады.
Dharmanandan Diamonds компаниясының атқарушы директоры Хитеш Патель:
«Тамыз айының соңына дейін күту және бақылау режиміндеміз. Бірақ жағдай өзгермесе, өндірісті Ботсванаға көшіруіміз мүмкін», – деп мәлімдеген. Ол АҚШ тарифтері жылдық табысты 20-25%-ға азайтады деп болжайды.
Үндістанның ішкі нарығындағы гауһар тастарға деген сұраныстың өсе бастауы үміт беруде. Фото thefederal.com сайтынан алынды
Әдетте бұл уақытта Сураттағы өндіріс Рождество және Жаңа жыл қарсаңындағы америкалық сұранысқа байланысты қарқынды жұмыс істейді. Бірақ биыл жағдай басқаша. «Сұраныс соншалықты төмендеді, былтыр 25 000 рупиге (шамамен 285,8 доллар) сатқан алмаз пакеттері қазір әрең дегенде 18 000 рупиге бағалануда», – дейді Сураттағы алмазды бедерлеу және жылтырату цехының иесі Шайлеш Мангукия. Ол шеберлер санын екі есе қысқартып, 125 адам қалдырған.
Үндістан мен АҚШ арасында тарифті төмендететін сауда келісімі болмаса, 150-200 мыңға жуық жұмысшы жұмыссыз қалуы мүмкін.
АҚШ-тың жаңа тарифтері америкалық сатып алушыларды Израиль, Бельгия және Ботсвана сияқты елдерден алмаз сатып алуға мәжбүрлеуде.
Суратта әлемдегі алмаздардың 80%-дан астамы бедерленіп, гауһар тасқа айналады. Фото blog.brilliance.com сайтынан алынды
Үнді экспорттаушылары Азия, Еуропа және Таяу Шығыс нарықтарына көбірек шығуға ұмтылуда. Бірақ жаңа сатып алушы табу оңай емес. Көптеген кәсіпорындар ақша айналымын сақтау үшін шикі алмаз сатып алу көлемін азайтып, минималды қорлармен жұмыс істеуге көшкен.
Үндістанның ішкі нарығындағы гауһар тастарға деген сұраныстың өсе бастауы үміт беруде. Ел жақында Қытайды басып озып, әлемдегі екінші ірі алмаз нарығына айналды. Venus Jewel компаниясының серіктесі Хитеш Шах:
«Соңғы 10-15 күнде сатылымымыз біраз бәсеңдеді. Бірақ айтарлықтай емес. Америкалық сұраныстың төмендеуі ішкі нарықтағы тұрақты сұраныспен өтеліп отыр», – дейді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.