in

Капитал қайда барасың?

Дегенмен экономиканың басты әлсіз тұсы айқындала түсті: мемлекет қаржысына тәуелділік артып барады. Ал кен өндіру саласына инвестицияың бәсеңдеуі тәуелділікті одан сайын ұлғайта түсуі мүмкін. Бұл «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында Мемлекет басшысының назар аударған өзекті мәселенің бірі болатын. Президент өңдеу саласына көбірек қаражат тарту алдымызда тұрған басты міндеттің бірі екенін қадап айтты. «Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде ел экономикасының өсім қарқыны елдегі инвес­ти­­­ция­лық белсенділіктің қай са­ла­лар­да тиімді нәтиже беріп жат­қа­нын айқын көрсетеді. Жуырда Эко­номика министрлігі еліміздің ЖІӨ биыл тамыз айында 6,5 пайыз­­­ға артқанын жария етті. Са­лыс­тырар болсақ, өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш екі есе­ге жуық төмен болатын. Бұл –  эко­но­­микадағы ең маңызды көр­сет­кіш­тердің бірі. Әдетте эко­но­ми­ка­ның қарқынды дамуы ком­­­­­­п­а­ниялардың табысын арт­ты­рып, инвестор­лар­дың тәуекелге ба­ру ниетін кү­шей­теді. Өйткені са­рапшылар қауым­дас­тығы мен ин­весторлар сол ар­­қылы эко­но­ми­ка­лық жағдайдың жал­пы деңгейін ға­на емес, сонымен бір­ге өсімге әсер ететін оң және те­ріс фактор­лар­дың жайына қаны­ғады. 

Инвестордың өз еркі, қайда қаржы құйса да…

Соңғы жылдары мемлекетіміз «ши­кізаттық ел» деген көзқарасты бұзып, жаңа даму бағытын таңда­ға­нын көріп те, біліп те жүрміз. Со­ның ішінде көлік, құрылыс, цифр­лан­дыру мен өнеркәсіп сияқты  са­лаларға салынған инвестиция ел­дің ұзақмерзімді тұрақтылығын қам­тамасыз етіп, жаңа мүм­кін­дік­терге жол ашуда.

Сарапшылардың айтуынша, соң­ғы он жыл ішінде елге 216,7 $ млрд тікелей шетелдік инвестиция тар­тылған. Оның 60 пайызы ши­кі­зат­тық емес секторларға бағыт­тал­ған. Бұл – елдің жаңа эконо­ми­ка­лық саясатты табанды түрде жүзеге асырып отырғанының айғағы. Тек құрылыс саласының өзінде 141 млн шаршы метр тұрғын үй, ондаған мек­теп, балабақша мен аурухана пай­­далануға берілген.

Осыған дейін премьер-ми­нистр­дің орынбасары Серік Жұ­манғарин алғашқы жартыжыл­дық­та ең көп инвестиция тартылған са­лаларды атап өткен болатын. Мы­салы, білім беру – 3,5 есе, қар­жы қызметі – 86,2%, өңдеу өнер­кә­сібі – 48,9%, денсаулық сақтау – 32,8%, көлік-16,2%-ға көп ин­­­­вестиция тарта алған. Оның ай­туын­ша, аталмыш секторларды бо­ла­шақтың экономикасын құрау­шы бағыт болып саналады.

Ал Экономикалық зерттеулер инс­титутының сарапшысы Есен­ғали Байсабайдың сөзінше, еліміз соңғы уақытта тек мұнай-газдан тү­­­сетін табысқа ғана арқа сүйеп отыр­май, жаңа өндірістерді дамы­туға ден қойған. Сарапшы маманда, әсіресе шикізаттық емес салаларға құйылған рекордтық инвести­ция­лар болашақтың кепілі, жаңа жұ­мыс орындары мен экспорттық әлеует­тің бастауы екенін алға тарт­ты.

Сонымен қатар отандық өң­деу­ші өнеркәсіп те соңғы жылдары ай­тарлықтай қарқын алған. «Сала шамамен 50 пайызға өсіп, жал­пы  ішкі өнімдегі үлесі 10,2%-дан 12,4%-ға дейін артты. Бұл – елдің эко­номикадағы құрылымдық өзге­ріс­терге бет бұрғанының айқын дә­лелі. Ал керісінше, кен өндіру са­ласының үлесі қысқарып, өнді­ріс­тің бағыты жаңа сипатқа ие бо­лу­да. Экспорт көлемі де тарихи ме­желерді бағындырып отыр. Өң­дел­ген өнімдер экспорты 18,5 млрд АҚШ долларынан 28,8 млрд АҚШ долларына дейін көтерілсе, жалпы сыртқы сауда айналымы 141,4 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – Қа­зақ­станның тек шикізат емес, қай­та өңделген өнім арқылы да әлем­дік нарыққа шығуға қадам бас­қа­нын көрсетеді», – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, еңбек на­ры­ғында да оң өзгерістер бай­қалады. Өйткені соңғы жыл­дары 700 мың жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақ­ты табысы үштен бірге өскен. Мұ­ның барлығы инвесторлар ал­дын­дағы ел беделінің жоғары бо­лып қала беруіне сөзсіз ықпал ету­де. Қазақстанның халықаралық ре­зервтері 104 млрд АҚШ дол­ла­ры­нан асып, беделді Moody’s агент­тігі 2024 жылы еліміздің рей­тингтік болжамын «позитивті» дең­гейге көтергені де осы сөзімізге дә­лел бола алады.

Алайда сарапшылардың сөзін­ше, жаһандық жағдай әлі де күр­делі. Валюталардың құбылуы, ши­­­­кізат бағасының қымбаттауы, логис­ти­кадағы қиындықтар – бәрі жаңа эко­номикалық сын-қатерлерге жол ашуы мүмкін. Дегенмен даму­шы елдер саудадағы шиеленісті азай­тып, өңірлік келісімдерді кү­шейт­кен жағдайда, өз экономи­ка­сын жылдам қалпына келтіре ала­ды.

Отандық нарықтағы оң өзгерістер

Шетелдік инвестиция сы­ры­на қанықтық, ал отан­дық кәсіптің  қаржысы қалай ай­налуда? Әсіресе, негізгі капи­тал­ға салынған инвестициялар елдің өн­дірістік әлеуетін кеңейту, нарық­та­ғы сұранысты арттырып, инно­ва­ц­ияның жақсаруына ықпал ету ар­қылы экономикалық өсуді ынта­лан­дырады. Ұлттық статистка бю­росы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–шілде ай­ла­рында Қазақстанда негізгі ка­пи­тал­ға құйылған инвестициялар да 16,1%-ға өскен. Алғашқы жар­ты­жыл­дықпен салыстырғанда атал­мыш көрсеткіштің қарқыны баяу­лағанымен, былтырғы жылғы дең­гейден айқын алда келеді. 

Дегенмен бұл өсімнің басты «қоз­ғаушы күші» мемлекеттік қар­жы мен инфрақұрылымдық жо­ба­лар. Ал жеке капиталдың үлесі тө­мендеп, банктердің инвес­ти­цияға қа­тысуы бар болғаны 3,5%-ды құ­рап отыр. Сарапшылардың ай­туын­ша, мұндай үрдіс жалғаса бер­се, ұзақмерзімді тұрақтылыққа қауіп төндіріп, мемлекет иығына ауыр жүк артуы мүмкін.

Halyk Finance сараптама орта­лы­­ғының маманы Санжар Қал­даров­тың айтуынша, өткен жылы бюд­жет қаржысын игеру баяула­ған­дықтан, биылғы серпін салыс­тыр­­малы түрде жоғары болып кө­рі­неді. Мұны экономистер «төмен ба­за әсері» деп атайды. Яғни, бұ­рын­ғы көрсеткіш төмен болса, қа­зіргі кез келген өсім шын мәнін­де үлкен болып көрінеді. Бірақ бұл артықшылық уақытша ғана. Қазір сол «төмен база» әсері жойылып ба­ра жатыр. Сондықтан жылдың соңы­на қарай инвестицияның қар­қы­ны қайтадан бәсеңдеуі мүм­кін.

«Жеті айдың қорытындысы бойынша, ең көп инвестиция білім са­ласына құйылды – 427 млрд тең­ге. Бұл өткен жылмен салыс­тыр­ғанда 131,3%-ға артық. Мұндай сер­пін жаңа мектептер салу бағ­дар­ла­­­­­­масының арқасында болды. Екін­ші орында – өңдеуші өнер­кә­сіп. Мұнда инвестициялар 342 млрд теңгеге жетіп, 38,7%-ға артты. Әсі­ресе, химия, мұнай өнімдері, азық-түлік, автокөлік жасау сала­ла­рында айтарлықтай өсім бар. Үшін­ші орында – көлік секторы (296 млрд теңге), онда да өсім бар, бір­ақ былтырғыдай аса жоғары емес. Бұл саладағы шығынның үш­тен бірі мемлекет қаржысына тие­сі­лі», – дейді маман. 

Жылжымайтын мүлік сала­сы­на да қомақты инвес­ти­ция салынды – 253 млрд теңге. Ол ішкі сұранысты қамтамасыз ет­­­­­кенімен, ұзақмерзімді эко­но­ми­ка­лық әсері шектеулі. Электр қуа­ты мен сумен жабдықтау салалары да ілгеріледі: тиісінше 40% және 28%-дық өсім тіркелді. Ал ауыл ша­руа­шылығында көрсеткіш 27%-ға өсіп, сала біршама еңсесін тіктеді.

Ең үлкен құлдырау кен өндіру сек­торында байқалды: инвести­ция­лар бір жылда 290 млрд теңгеге азайып, 17,9%-ға төмендеді. Бұл, ең ал­дымен, Теңіздегі ірі жобаның аяқ­талуымен байланысты. Жақын бо­лашақта осындай ауқымды бас­та­малардың жоқтығы саладағы жағ­дайды қиындатады.

Инвестиция құрылымына көз жү­гіртсек, қаржының басым бөлігі – 67,7%-ы құрылыс пен ғи­марат­тарды жөндеуге жұмсалған. Ал құ­рал-жабдық сатып алуға небәрі 27,8% тиесілі. Бұл – инновациялық серпін үшін жеткіліксіз көрсеткіш. Ең бастысы, жеке сектордың бел­сенділігі бәсеңдеп, экономика бар­­ған сайын мемлекет қаржысына тәуел­ді болып барады. Банктердің инвестициялық үлесі де мардымсыз – 3,5% қана.

Сарапшылардың пікірінше, мұн­дай үрдіс қысқа мерзімде өсімді ұстап тұрғанымен, ұзақ мерзімде тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан Қазақстан үшін алдағы жылдары басты міндет – жеке және шетелдік капиталды тарту, бизнес­тің жолындағы кедергілерді азайту, ғылыми-инновациялық инфра­құрылымды дамыту. Сонда ғана ел тек дайын технологияларды пай­даланып қоймай, өз өнімін жасап, жаһандық нарықта бәсекеге қабі­летті бола алады.

Кәмила ДҮЙСЕН