Aikyn.kz үлкен сыйақы тағайындалу себебін Quartz сайтының хабарламасына сүйеніп түсіндіреді.
Директорлар кеңесінің шешімімен Илон Маск 29 млрд сыйақы алады. Фото bradmunchen.substack.com сайтынан алынды
Директорлар кеңесі Илон Маскті бас директорлық қызметте қалуын ынталандыру үшін оған Tesla-ның 96 млн акциясын сыйақы түрінде беруге келісім берген. Бұл сыйақы Маскты Tesla-да ұстап қалу үшін қажет болған. Бұдан бөлек, электромобиль шығаратын компания осы жылдың басында Делавэр судьясы тыйым салған Маскке 56 млрд доллар өтемақы пакетін қалпына келтіруге тырысып жатыр. Судьяның шешімінде Tesla-ның Директорлар кеңесі «компания мүддесіне сай әрекет етпеді» және шын мәнінде Маскқа тәуелді деп танылған еді. Бірақ 56 млрд өтемақы беру туралы шешімді Директорлар кеңесі қайтадан бекіткенімен, апелляциялық процесс әлі жалғасуда.
Масктың компанияны бақылауын күшейтетін бұл пакет оның тарихтағы ең жоғары жалақы алатын бас директор мәртебесін қайта нығайтты.
«Бұрын-соңды болмағаны – тек төлемнің мөлшері ғана емес, сондай-ақ кеңестің бұған мүмкіндік беріп отырғаны», – дейді Northwestern университетінің Келлогг бизнес мектебінің профессоры Гарри Крамер. Ол Директорлар кеңесін «өте әлсіз жұмыс істеп отыр» деп сынға алған.
«Сіз бас директорға толық жұмыс уақыты ішінде міндеттерін атқаруы үшін жалақы төлейсіз. Ал Илон Маск бір уақытта SpaceX-пен айналысып, Twitter-ді сатып алып, Вашингтондағы түрлі істерге де араласып жүр. Егер мен Кеңесте болсам, оның жұмыс уақытының 100%-ын Tesla-ға арнауын қалар едім», – дейді Крамер.
Масктың бұл бонусы тарихтағы ең ірі төлем болғанымен, бұған дейін де көптеген бас директорлар жүздеген миллион, тіпті миллиардтаған доллар көлемінде өтемақы беріліп келді.
«Егер бас директорлардың табысы мен қарапайым қызметкердің табысы арасындағы айырмашылықты қарасаңыз, соңғы жылдары ол шарықтап кетті. Бірақ бұл капитализмнің еркін нарықтық жүйесінде белгілі бір дәрежеде ақталуы мүмкін. Сіз қалаған маманды тарту үшін оған жоғары жалақы беруге мәжбүр боласыз. Бұл пакеттерді акция опциондарына байлап түсіндіруге болады», – дейді Крамер.
Оның айтуынша, көп жағдайда бас директорлар компания акцияларының өсуі арқасында үлкен табысқа жетіп отыр, ал акционерлер болса риза.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.