in

Бизнес-омбудсмен бәсекелестік туралы жаңа заң жобасын сынға алды

Қанат Нұров заң жобасында бірқатар экономикалық және құқықтық тәуекелдер барын айтып, құжатты қазіргі редакциясында қабылдауды кейінге қалдыруды ұсынды.

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, біріншіден, аталған заң жобасында ұсынылып отырған нормаларды қолданудың нақты өлшемдері айқындалмаған. Құжат мазмұнына қарағанда, бұл талаптар тек ірі кәсіпорындарға ғана емес, барлық бизнес түріне әсер етуі мүмкін. Бұл жағдай сарапшыларды алаңдатып отыр.

Осы ретте Қанат Нұров «үштік жаза» деп аталатын мәселеге ерекше тоқталды. Яғни, антимонополиялық заңнаманы бұзғаны үшін қолданылып жүрген санкцияларға қоса (монополиялық табысты тәркілеу және мемлекет пайдасына айналымдық айыппұл салу), белгісіз тұтынушылар тобының пайдасына шексіз өтемақы өндіру ұсынылды.

Кәсіпкерлердің құқықын қорғау жөніндегі уәкіл тұтынушыларға өтемақы төлеудің өзге де тиімді тетіктері барын айтты. Мәселен, антимонополиялық орган зардап шеккен тұтынушылар арасында монополиялық табысты бөлу туралы нұсқама шығара алады. Мұндай тәсіл бұрын Kcell және Air Astana компанияларына қатысты істерде қолданылған.

Сондай-ақ ол заң жобасындағы зиянды өтеу тәсілін де сынға алды. Өтемақы нақты дәлелдерге сүйеніп емес, «басқа зардап шеккендерге қалай төленсе, соған қарап» есептелмек. Мұндай тәсіл тұтынушыларға төленетін өтемақының олардың нақты шығынынан әлдеқайда асып кетуіне әкелуі мүмкін. Бизнес-омбудсменнің айтуынша, бұл жағдай құқықтық тұрғыдан түсініксіз.

«Тұлғалар тобының әлеуетті мүшелері» деген ұғым да күмән тудырады. Яғни, сотқа талап қоймаған адамдардың өзі кейін талапқа қосылуы мүмкін деген сөз. Ал қолданыстағы Азаматтық кодекске сәйкес, әр адам өз құқығын өзі қорғауы тиіс. 

Бизнес-омбудсменнің айтуынша, ұсынылып отырған нормалар азаматтық және азаматтық процестік заңнаманың негізгі қағидаттарына қайшы келеді.

Қолданыстағы заңда зиянды өтеудің, соның ішінде ұжымдық талап қоюдың тетіктері қарастырылған. Ал «тұлғалар тобы» деген ұғым ұлттық құқық жүйесінде дербес құқық субъектісі ретінде танылмайды.

Азаматтық кодекстің қолданыстағы нормаларына тікелей қайшы келетін жаңа ережелерді енгізу құқықтық жүйенің тұтастығын бұзуы мүмкін.

Сонымен қатар нақты анықталмаған тұлғалардың атынан талап қою мүмкін емес екені де айтылды. Себебі олар талаптан хабардар болып, оған қатысудан бас тарту құқығына ие болуға тиіс.

Жалпы алғанда, заң жобасындағы бұл нормалар оны қолдану кезінде түсініксіздік тудырып, салдарын алдын ала болжауды қиындатуы ықтимал. 

Бизнес-омбудсмен тұтынушылардың құқығын қорғау басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататынын да атап өтті. Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі негізінен бәсекелестікті дамытуға жауап береді және тұтынушылардың құқығын тек осы бағытта ғана қорғайды. Осыған байланысты ол агенттік тарапынан бизнеске бақылауды күшейтудің орынды екеніне күмән келтірді. 

Қанат Нұров «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұстанымын қолдап, ЕАЭО жағдайында отандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін экономикалық шоғырланудың қажет екенін айтты. Бұл ТМД елдерінен, әсіресе Ресей мен Беларусьтен келетін өнімдермен бәсекеде маңызды рөл атқарады.

Осы айтылғандардың барлығын ескере отырып, бизнес-омбудсмен аталған заң жобасын қабылдамауды ұсынды. Егер жоба қабылданса, ол өзіне берілген реттеушілік апелляция құқығына сәйкес құжаттың теріс салдары бойынша Президентке жүгінетінін мәлімдеді.