Жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерінің серпінді құрылысы басталады. Сондай-ақ барлық өңірде тұрғын үй, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтермек. Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасы елге тағы қандай игілік әкеледі?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Жаңа тарихи кезеңді» жария етті. Оның айтуынша, бұл кезеңде әрбір азамат толыққанды әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылады. Себебі, бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты.
Бүкіл Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналады. Бұл жекелеген нысандарды салумен ғана шектелмейді. Мемлекет басшысы барлық аймақта жаппай құрылысты жандандыру міндетін жүктеді. Үкімет пен әкімдер әр облыстың қажеттілігін жан-жақты зерделеп, әрқайсында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында нақты қандай нысан керегін анықтайды. Бұл жұмысты созбалаңға салмай, қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды. Өйткені алдағы құрылыстың ауқымы мен бағыты осы талдау нәтижесіне тікелей байланысты болмақ.
– Жаңа тарихи кезеңге қадам баса отырып, біз барлық азаматтық инфрақұрылымды салу және жаңғырту ісіне кірісіп жатырмыз. Алдағы бірнеше жылда барлық аймақта қарқынды құрылыс жүргізіледі. Біз жаңа автожолдар, өнеркәсіп және энергетика нысандарын, теміржолдар, көпірлер, инженерлік желілер, гидротехникалық нысандар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендерін және мәдениет ошақтарын саламыз. Заманауи инфрақұрылымдарды салу ісі ондаған жаңа өндіріс орындарын ашуға ықпал етіп, ең бастысы, халықтық цифрлық экономиканы дамытуға мүмкіндік береді, – деді Президент.
Мұның сыртында Үкімет бұрын-соңды болмаған «Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын» әзірлеу жұмысын қолға алды. Осы ауқымды әрі кешенді жоспарды қаржымен толыққанды қамту үшін алдағы үш жылда, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге (14 миллиард доллардан көп) қаржы бөлінеді. Соның ішінде биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік нысандарды іске қосуға 1,5 триллион теңге көлемінде қаражат қарастырылады.
Ұлттық қор болашақ Қазақстанға арналған. Келешек ұрпақтың жарқын келешегін қамтамасыз ету үшін бұл бағыттағы іске бүгіннен бастап кірісіп, нақты әрі батыл шешімдер қабылдау қажет. «Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы: кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің міндетіміз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – деді Президент.
Ол өскелең ұрпаққа мол қаржымен қатар, технологиялық өркендеген, күшті экономикасы, озық инфрақұрылымы бар, өмір сүруге қолайлы, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет қалдыруды «тарихи маңызды миссия» деп атады.
Өркендеудің өрісті жолы
Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасы ел өміріне бірнеше бағытта оң өзгеріс әкелуге бағытталған: мультипликативті әсері зор болмақ. Бұл – тек құрылыс жобалары емес, халық тұрмысын жақсартуға, адам капиталын дамытып, азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашуға және ел болашағына инвестиция салуға арналған ауқымды бағдарлама. Ол азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін «төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жобаға» айналуға тиіс.
Мысалы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беріледі. Қ.Тоқаев мұны «стратегиялық маңызы бар міндет» деп бағалады. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингіне нақты шешімдерді қабылдау жүктелді.
Бұдан бөлек, жаңа бастама мұнайға тәуелділіктен арылуға күш салған экономиканың жаңа тірегі – өңдеу саласын өрге сүйрей алады. Бағдарлама аясында «өнімді терең өңдеумен айналысатын, еңбек өнімділігін арттыратын жобаларға басымдық беріледі». Соның нәтижесінде, алып инфрақұрылым жобаларын тұрғызуға қажетті құрылыс материалдары, металл конструкциялары, инженерлік жабдықтар елімізде өндіріле бастауға тиіс. Мұндай жаңа зауыт-кәсіпорындар да «Халықтық құрылыс» бағдарламасының бір бағытына айналмақ.
Жалпы, Үкімет жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлейді. Бұл тізім барлық аймақты қамтиды. Бұған қоса, осынша ауқымды жобаны жүзеге асыруда қаржы мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Ұлттық қор қаражатын жинақтау мен жұмсау арасында тепе-теңдіктің сақталғаны маңызды. Ел қаржысы тек қоғамға нақты пайда әкелетін, елдің дамуына үлес қосатын жобаларға бағытталуға тиіс.
Жобаларды жүзеге асыруға жергілікті жердегі шағын және орта бизнес өкілдерін кеңінен тарту да маңызды. Әсіресе техникасы мен материалдық мүмкіндігі бар, тәжірибесі мол кәсіпкерлерге басымдық берілмек. Бұл бір жағынан құрылыстың сапасын арттырса, екінші жағынан жергілікті бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарына жол ашады. Бүкіл құрылыстың барысы қатаң бақылауға алынады.
Қ.Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру барысында қаржының шығындалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлімдеді. Комиссия құрамына салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық Кеңесі мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер мен журналистер кіреді. Сөйтіп, бағдарламаның жүзеге асуына қоғам өкілдері де тікелей атсалыспақ.
Елге қызмет ететін инфрақұрылым
Мемлекет басшысының бастамасы аясында бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету стансалары, балаларға арналған оңалту орталықтары, ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.
Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталады. Бұдан өзге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінеді. Көптеген елді мекенге газ және таза ауызсу тартылады.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Президент тапсырмасын орындау үшін өңірлердегі медициналық-демографиялық жағдайды және тиімділік өлшемшарттарын ескере отырып, денсаулық сақтау нысандарын салу қажеттілігіне талдау жүргізгендерін жеткізді. Талдау қорытындысы бойынша елдің барлық өңірінде 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланды.
– Атап айтқанда, «Халықтық құрылыстың» алғашқы кезеңінде еліміз бойынша 1 700 төсекке арналған 8 заманауи перзентхана салынады. Оның екеуі Астанада, қалғаны Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қаскелең, Қызылорда, Орал қалаларында бой көтереді. Балаларға көрсетілетін медкөмекті кеңейту, мамандандырылған, жоғары технологиялы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін Атырау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қаскелең, Семей, Ақтау қалаларында жалпы саны 1 550 төсекті құрайтын 7 көпбейінді балалар ауруханасы, Астанада 200 төсекке арналған Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы және 350 төсекке арналған Балалар хирургиясы орталығы тұрғызылады, – деді министр.
Ақтау, Атырау, Қызылорда, Алматы мен Семейде «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының» 5 үлгілік өңіраралық филиалы ашылады. 8 ірі денсаулық сақтау объектісі де пайда болады: арасында Жамбыл облысындағы жұқпалы аурулар ауруханасы, ШҚО, Абай, Түркістан облыстарындағы көпбейінді ауруханалар, емханалар мен мамандандырылған корпустар бар. Соның нәтижесінде шамамен 1,8 млн шаршы метрлік медициналық инфрақұрылым құрылады. Стационарлардағы төсек саны 9,2 мыңға ұлғаяды. Амбулаториялық көмек қуаты ауысымына 5 мыңнан астам келушіге көбейтіледі.
Бастама аясында Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика және Оқу-ағарту министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін өңірлердің қажеттіліктерін талдап, жергілікті жолдарды, инженерлік желілерді, білім беру нысандарын салу және жаңғырту жобаларының тізбесін қалыптастырады. Өнеркәсіп министрлігіне құрылыс материалдары мен жабдықтарын шығаратын отандық өндірушілердің құрылыс жұмыстарына кеңінен қатысуын қамтамасыз ету жүктелді.
Көлік министрлігі келесі 2027 жылы барлық көлік өткізу бекеттерін салу мен жаңғырту жұмыстарын аяқтап, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосады. Жергілікті автожол желісінің жай-күйін, жолдарды салу мен жөндеу мәселелерін ерекше бақылауға алады.
Жаңа әуе айлақтарын салу да – жаңа бағдарламаның ажырамас бөлігі. Жақын арада Зайсан, Қатонқарағай және Кендірлі әуежайлары жұмысын бастайды деп күтіледі. 2027 жылы Астанада жаңа заманауи әуежайдың құрылысына кірісу жоспарланып отыр. Жобаға саланың әлемдік лидерлерінің бірі серіктес болмақ.
– Тура бір ай бұрын осы жоба бойынша Астана әкімдігі, Көлік министрлігі және Сингапур әуежайының басшылығы арасында меморандум бекітілді. Техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сондай-ақ зерттеу жұмыстары басталды. Жалпы, бұл – нағыз мегажоба. Әдетте, мұндай құрылыс 5 жылдан көп уақытты талап етеді, – деді Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.
Энергетика министрлігі «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Түркістан, Қызылорда, Алматы және Екібастұз қалаларында электр стансаларын салуға тиіс. Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құрылысы басталады.
Қорыта айтқанда, «Халықтық құрылыс» – елдің бүгінгі сұранысы мен келешек ұрпақтың мүддесін тоғыстырған стратегиялық бастама. Қазақстанның әр өңірінде басталатын жаңа әрі ірі құрылыстар ел экономикасына тың серпін беріп, халық пен бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашуға тиіс. Бүгінгі ауқымды бағдарлама ертеңгі қуатты экономиканың, жайлы өмірдің және жарқын болашақтың берік іргетасына айналса, қойылған ұлы мақсаттың орындалғаны.
Айхан ШӘРІП