Financial Times басылымының Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті туралы жазған материалы негізінде Aikyn.kz халқы көп екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды талдайды.
Владимир Путин, Нарендра Моди мен Си Цзиньпин ШЫҰ-ның саммиті алдында әңгімелесті. Тяньцзинь, Қытай, 1 қыркүйек 2025 жыл. Фото foxnews.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Suo Takekuma
Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди «бәсекелес емес, серіктес» екендерін айтуда. Әлемдегі халқы көп екі мемлекет Дональд Трамптың сауда саясатының салдары аясында қарым-қатынасты нығайтуға талпынып отыр.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) аймақтық қауіпсіздік форумының алаңында өткен кездесуде Си Цзиньпин Қытайдың Үндістанға қауіп төндірмейтінін мәлімдеді. Бұған дейін Гималай шекарасындағы қақтығыстар мен Бейжіңнің Пәкістанды қолдауы Үндістанның алаңдаушылығын тудырған еді.
«Қытай мен Үндістан – бәсекелестер емес, ынтымақтасқан серіктестер», – деді Си Цзиньпин Тяньцзинь қаласындағы кездесу барысында. Оның айтуынша, екі ел бір-біріне қауіп төндірмейді, бірлесіп дамуға мүдделі.
Бұндай келісімге келу екі тарап үшін де маңызды. Өйткені ШЫҰ саммиті аймақтық бірлікті көрсететін маңызды шара болып бағалануда.
Бүкіл әлем назарын тіккен жиынға Ресей президенті Владимир Путин, сондай-ақ Иран, Пәкістан және Орталық Азия елдерінің басшылары да қатысуда. Үлкен жиында Қытай дамушы елдер үшін Трамп әкімшілігінен гөрі сенімді серіктес екенін көрсетуде. Себебі АҚШ-тың сауда шаралары одақтастарға да, қарсыластарға да зиянын тигізуде.
Өткен жылы Үндістан мен Қытай қарым-қатынасты қайта жандандыруға қадам жасады. Бұған 2020 жылғы шекарадағы қақтығыстан кейінгі дағдарысты еңсеруге бағытталған Ресейдің Қазан қаласындағы премьер-министр Моди мен төраға Сидің кездесуі түрткі болды. Соңғы айларда бұл процесс жылдамдай түсті. Әсіресе АҚШ президенті Үндістан экспортына 50 пайызға дейін баж салығын енгізіп, үнді үкіметімен арадағы байланысты әлсіреткеннен кейін. Бұған дейін Нью-Дели АҚШ-пен жақындасуды көздеген болатын.
«Біздің ынтымақтастығымыз екі елдің 2,8 миллиард тұрғынының мүддесіне сай келеді», – деді Моди Си Цзиньпинге. Бұл Үндістан премьер-министрінің Қытайға жеті жылдан бергі алғашқы сапары болды.
Нарендра Модидің айтуынша, шиеленісті азайту шаралары аясында екі ел тікелей әуе қатынасын қайта жандандырып, шекарадағы жағдайды жеңілдетуге уағдаласқан.
«Әскерлерді шегіндіргеннен кейін шекарада бейбітшілік пен тұрақтылық орнады», – деді Моди Си Цзиньпинге.
Үндістан СІМ таратқан мәлімдемеде: «Үндістан мен Қытай стратегиялық тәуелсіздікке ұмтылады және олардың қарым-қатынастары үшінші елдің көзқарасы тұрғысынан бағаланбауы тиіс» делінген.
Сонымен қатар, екі елдің басшылары «екі жақты сауда және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сауда тапшылығын қысқарту бағытындағы саяси және стратегиялық қадамдарды қажет деп санағаны» хабарланды.
«Мұны нақты «жақындасу» деп атау қиын. Бірақ біз шиеленістің азайып, тұрақтылыққа бет алғанын көрудеміз», – дейді Үндістанның бұрынғы Сыртқы істер министрі әрі Қытайдағы елшісі болған Нирупама Рао.
Қазіргі таңда ШЫҰ-ға 10 мүше ел, сондай-ақ 16 «диалог серіктестері» мен бақылаушы мәртебесіне ие. Жексенбі күні Си Цзиньпин қатысушы мемлекеттердің басшыларына ресми саммит қарсаңында банкет ұйымдастырды. Дүйсенбіде саммитке қатысушы тараптар бірлескен декларацияға қол қойды.
Қытайдың Тяньцзинь қаласында өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммитінің нәтижелері Қазақстан үшін де нақты және ауқымды болды. Саммит Қазақ елінің халықаралық беделін нығайтуға, стратегиялық бастамаларын ұйымның күн тәртібіне енгізуге, сондай-ақ Қытаймен құны 15 млрд долларға жуық бірлескен жобаларды алға жылжытуға мүмкіндік берді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.