in

Байлығын бір күнде 2,3 миллиард долларға көбейткен

Quartz сайтындағы мақалаға сүйенген Aikyn.kz  америкалық 4 миллиардердің байлығының өсуіне ЖИ қалай көмектескенін түсіндіреді.

Технологиялық миллиардерлер ЖИ-дің арқасында байлықтарын жылдам өсірген. Фото finbold.com сайтынан алынды

ЖИ технологияларынан пайда тапқандардың арасында Nvidia бас директоры Дженсен Хуан жиі назарға ілінеді. Бірақ басқа технологиялық миллиардерлер де ЖИ-дің арқасында байлығын жылдам өсірген. Соңғы екі жылдағы жасанды интеллект бумы технологиялық компаниялардың акциялары мен таза активтерін аспандатып жіберді. Биыл ЖИ арқасында байлығын еселеген төрт миллиардермен таныстырамыз.

Былғары күртешесін костюм мен галстукке ауыстырған Дженсен Хуангтың байлығы оның Nvidia-дағы 3,5% үлесімен байланысты. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Chip Somodevilla

Төртінші миллиардер

Nvidia негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Дженсен Хуангтың байлығы жасанды интеллектің дүрбелеңі кезінде ЖИ чиптеріне сұраныстың арқасында өсті. Bloomberg миллиардерлер индексі бойынша Хуангтың таза байлығы биыл 63,5 миллиард долларға өсіп, 107 миллиард долларға жеткенін жариялады. Хуангтың байлығының көп бөлігі оның Nvidia-дағы 3,5% үлесімен байланысты.

Forbes миллиардерлер тізіміне сәйкес, Хуангтың нақты байлығы жұма күні (4 қазан) түстен кейін 108,6 миллиард долларды құраған.

Қыркүйек айында Nvidia нарықтық капитализациясы 3 триллион доллар болатын компаниялар клубына кірді. Оның акциялары өсіп, Хуангтың таза байлығын 2,3 миллиард долларға арттырды. Nvidia акциялары биылғы жылы шамамен 158%, ал былтырғы жылмен салыстырғандағы өсім 180%-дан асқан.

Майкл Делл биыл өзінің байлығын 31,6 миллиард долларға арттырды. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Justin Sullivan

Үшінші миллиардер

Bloomberg миллиардерлер индексіне сәйкес Dell Technologies (DELL) компаниясының негізін қалаушы және бас атқарушы директоры Майкл Делл биыл өзінің байлығын 31,6 миллиард долларға арттырды. Делдің 110 миллиард долларлық таза байлығының көп бөлігі оның компьютерлік компаниядағы үлесінен құралған, Dell Technologies-тің жартысы миллиардерге тиесілі. Компанияның акциялары осы уақытқа дейін шамамен 58,4% өсті.

«ЖИ-ге оңтайландырылған сервер сегментіндегі біздің күшті позициямыз өсуде, тапсырыстар 40%-ға, тапсырыстар портфелі екі есеге жуық өсіп, қаржы жылын 2,9 миллиард доллар табыспен аяқтады», – дейді Dell төрағасының орынбасары және бас операциялық директоры Джефф Кларк. 

Екінші тоқсанда Dell-дің ЖИ серпіні жылдамдаған және әр тоқсан сайын ЖИ шешімдерін сатып алатын тұтынушылардың саны артып келеді. ЖИ-ге оңтайландырылған серверлерге сұраныс 3,2 миллиард долларды құрап, бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 23% және жыл басынан бері 5,8 миллиард долларға өскен.

Forbes миллиардерлер тізіміне сәйкес, жұма күні (4 қазан) түстен кейін Dell-дің нарықтық құны 104,9 миллиард долларды құраған.

Цукерберг қазіргі 204,3 миллиард доллар таза байлығымен әлемдегі үшінші бай адам. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Alex Wong

Екінші миллиардер

Bloomberg-тің миллиардерлер индексі бойынша Meta негізін қалаушы Марк Цукербергтің байлығы биыл 78,1 миллиард долларға өскен. Цукербергтің таза байлығы 206 миллиард долларға жетті, бұл Forbes миллиардерлерінің тізіміне сәйкес Безостан небәрі 1 миллиард долларға артық. Цукерберг қазіргі 204,3 миллиард доллар таза байлығымен әлемдегі үшінші бай адам. Meta акциялары биыл шамамен 69,5% өсті. 

«Бізде күшті тоқсан болды, жыл соңына қарай Meta ЖИ көмекшісін ең көп қолданатын әлемдегі көшбасшы компания болады. Біз ашық кодпен ЖИ-дің алғашқы моделін шығардық. Ray-Ban Meta AI көзілдіріктеріне жақсы қолдау көрсетуді жалғастырамыз және қолданбаларымызды жетілдіреміз», – дейді Цукерберг.

Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисонның таза байлығы жұма күні (4 қазан) түстен кейін 206,8 миллиард долларды құрады. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Phillip Faraone 

Бірінші миллиардер

Қыркүйек айында Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисонның таза байлығы Amazon-ның негізін қалаушы Джефф Безостан асып түсіп, Эллисон әлемдегі екінші ең бай адам атанды.

Жұма күні (4 қазан) түстен кейін Эллисонның нақты байлығы Forbes миллиардерлер тізіміне сәйкес 206,8 миллиард долларды құрады. Oracle төрағасы Bloomberg миллиардерлер индексі бойынша әлемдегі ең бай бесінші адам саналады.

Oracle акциялары осы жылы бұлттық бизнестің арқасында шамамен 62,7%-ға өскен. Forbes мәліметтері бойынша, Эллисон Oracle-тің айналымдағы акцияларының 40%-на иелік етеді.

«Бұлттық қызметтер Oracle-дің ең ірі бизнесіне айналғандықтан, операциялық кірістің де, акцияға шаққандағы кірістің де өсуі жеделдеді», – дейді Oracle бас директоры Сафра Катц.

Компанияның тоқсандық кірісі былтырғы жылдағы осындай тоқсанмен салыстырғанда 7%-ға, ал тұрақты валютадағы табысы 8%-ға өскен. Бұлттық қызметтер бөлімінде Oracle-дің табысы бір жыл ішінде 12%-ға өссе, компания құны 22%-ға өскен.

Мына әзіл видеода шапалақтың көмегімен байлықты көбейту жолдары көрсетіледі: Бұл АҚШ-тың технологиялық саласында ЖИ-дің көмегімен өскен компанияларды басқаратын 4 миллиардерге қатысты мәліметтер. Олардың байлығы банк есепшотында немесе нақты доллар түрінде күзетілетін қоймада сақталмайды. Миллиардтар компанияның нарықтағы акцияларының құнына байланысты есептеледі, сондықтан олардың байлығы да минут сайын өзгеріп отырады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.