in

Muse Charm жаңа ЖИ құрылғысы сіздің өмірдегі көмекшіңіз бола ала ма?

CNBC материалына сүйенген Aikyn.kz  Meta-ның ЖИ-құрылғылар нарығына не үшін бет бұрғанын және Muse Charm компанияны Apple-ға тәуелділіктен қаншалықты құтқаратынын түсіндіреді.

Meta Connect конференциясында компания 2026 жылдың соңына дейін ЖИ-ді қолдайтын 100-ден астам көзілдірік моделін шығаруды жоспарлап отырғаны жарияланды. Бұдан басқа Цукерберг Muse Charm деп аталатын жаңа кулонды көрсетті, бірақ оның нақты бағасы айтылмады. Кулон түріндегі жаңа құрылғы Meta-ның Muse AI агенті арқылы жұмыс істейді.

Muse электронды хаттарға жауап беріп, сапарды жоспарлайды, тауар сатып алып, пайдаланушының атынан басқа да әрекеттерді орындай алады.

Meta генеративті ЖИ жарысына OpenAI, Anthropic және Google-дан кеш қосылды. Соған қарамастан Muse қосымшасы Apple App Store рейтингінде ChatGPT-ті басып озып, бірінші орынға көтерілді. Компания акциялары Muse таныстырылғаннан бері 25%-дан астам өсіп, бір күннің өзінде 4,5%-ға қымбаттаған. Mizuho сарапшыларының пікірінше, Meta биыл Muse-ты компанияның аппараттық стратегиясының өзегіне айналдырды. ЖИ агенті енді толықтырылған шындық көзілдіріктерінен бастап,  Muse Charm-ға дейінгі құрылғылар экожүйесіне біріктірілмек.

Цукерберг үшін бұның тағы бір стратегиялық себебі бар. Ол – Apple-ға тәуелділіктен кету.  Қазір Meta өз қосымшаларын таратқанда Apple платформасына сүйенуге мәжбүр. Бұл мәселе 2021 жылы Apple құпиялылық саясатын өзгертіп, қолданушыларды жарнама үшін пайдалануды шектегеннен кейін ушыға түсті.

Meta аппараттық бағытта бұған дейін де қадам жасаған. EssilorLuxottica компаниясымен бірлесіп шығарылған Ray-Ban смарт-көзілдіріктері нарықта белгілі бір табысқа жетті. Енді Muse агенті осы көзілдіріктерге де енгізіледі. Компания осы жолы келесі жылы сатылымға шығатын, бағасы 1 299 доллар болатын жаңа Meta VR Glasses құрылғысын да таныстырды.

Бірақ Muse Charm-ға нақты сұраныс бола ма, жоқ па? Ол жағы белгісіз. Құрылғыда саусақ ізі сенсоры болады және оны іске қосқаннан кейін пайдаланушы өзінің ЖИ персонажымен сөйлесе алады.Wayvia компаниясының бас директоры Энтони Ферри жаңа гаджетке күмәнмен қарайды.

«Неге мен тағы бір құрылғыны өзіммен бірге алып жүруім керек? Ол телефоннан ыңғайлы болмаса, бұл тек қуаттауды қажет ететін тағы бір зат болып қалады», – дейді ол.

Counterpoint Research сарапшысы Аншика Джайн, керісінше, Muse Charm ЖИ-мен өзара әрекеттесудің жаңа форматына айналады деп ойлайды. Оның айтуынша, құрылғы сұрақ қою, еске салғыш түрінде, жоспар құру немесе қозғалыс кезінде ақпаратқа қол жеткізу үшін пайдалы болуы мүмкін.

Meta тағы бір маңызды мәселені шешуі керек. Ол – Muse-тан тұрақты табыс табу жолы. Цукерберг уақыт өте келе ЖИ агенті арқылы жасалған транзакциялардан шағын комиссия алу жоспарланып отырғанын айтады. Алайда Amazon Muse-тың өз платформасын сканерлеп, клиент атынан сатып алу жасауына шектеу қойып үлгерді. Сондықтан Meta-ның басты артықшылығы – OpenAI-дан бұрын құрылғыны көрсетуінде емес, ЖИ агентін күнделікті өмірге қаншалықты табиғи енгізе алатынында болып отыр. Muse Charm тұтынушылар үшін шынымен смартфонды толықтыратын пайдалы құралға айнала ма, әлде кезекті эксперимент болып қала ма? Оны нарық анықтайды.