in

Google Chrome-да жеке тапсырмаларыңызды орындайтын көмекші пайда болды

CNBC телеарнасының хабарламасы негізінде Aikyn.kz  интернеттегі іздеу қалай өзгеретінін талдайды.

18 қыркүйекте Google-дың блогында Mac және Windows компьютерлерінде, мобильді құрылғыларда Chrome браузерінде Gemini іске қосылғанын хабарлады. Әзірше, бұл өзгеріс АҚШ-та ғана қолжетімді. Біраз уақыттан кейін жаһандақ аудиторияға да ұсынылмақшы.

Пайдаланушылар Gemini-ден белгілі бір веб-беттің мазмұнын түсіндіруді, бірнеше беттермен бір мезгілде жұмыс істеуді немесе бір беттің аясында әртүрлі әрекеттер орындауды сұрай алады. Мысалы, кездесулерді жоспарлау немесе YouTube-тен видео роликтер іздеу.

«Біз браузерді интернетте барынша тиімді пайдалану үшін дамытып жатырмыз. Осы тәсілдер бірнеше жыл бұрын мүмкін емес деп саналатын. Біз мұны Chrome-ның көптеген адамдар ұнататын жылдамдығын, қарапайымдылығын және қауіпсіздігін сақтай отырып істейміз», – дейді Google компаниясының платформалар мен құрылғылар бойынша аға вице-президенті Рик Остерло.

Интернет-браузерлер – тұтынушылық жасанды интеллект саласындағы үстемдік үшін күрестің ортасында тұр. Өйткені олар ақпарат пен контентке қол жеткізудің басты қақпасы болып есептеледі.

Google мен Apple көп жылдар бойы интернеттің негізгі таралу нүктелерін бақылап келді. Бұл – АҚШ Әділет министрлігінің Google-ды Chrome-нан бас тартуға мәжбүрлегенде айтылған басты себептердің бірі болған. Осылайша америкалық министрлік интернеттегі іздеу бойынша Google-дың төтенше монополиясын бұзғысы келді.

Алайда жуырда судья Google-дың Chrome-ды қалдыруына рұқсат берді. Бұған басты себеп – генеративті жасанды интеллектінің бәсекелестік ортаны түбегейлі өзгертуі.

Жасанды интеллектіге негізделген бәсекелестер қолданушының тәжірибесін бақылау үшін өз браузерлерін енгізіп жатыр. Қаңтарда OpenAI Instacart қосымшасынан сатып алу тапсырмаларды орындау үшін браузерді пайдаланатын Operator агентін жариялады. Компания сондай-ақ Chromium ашық кодына негізделген жеке браузерін әзірлеуде деген хабарлар тарады.

Өткен айда Anthropic Claude AI модельдеріне негізделген жасанды интеллект браузер агентін іске қосты. Шілде айында Perplexity өзінің Comet атты AI-браузерін жариялап, оны ақылы жазылушыларға қолжетімді етті.

Chrome-ға енгізілген жаңа Gemini Google-дың Күнтізбе, YouTube және Карталар сияқты қосымшаларымен біріктірілді. Осылайша пайдаланушылар бөлек веб-беттерге өтпестен, бірден осы сервистерді пайдалана алады.

Технологияның оң және теріс жақтарын мына видеодан көресіз:

Алдағы апталарда жаңа мүмкіндік Google Workspace корпоративтік өнімін пайдаланушыларға да қолжетімді болады. Олар «корпоративтік деңгейдегі деректерді қорғауға» ие болады.

Google сондай-ақ Chrome-дағы Gemini үшін жаңа агенттік мүмкіндіктерді жариялады. Агенттік жасанды интеллект пайдаланушыларға нақты тапсырмаларды орындай алатын жеке қызметтерді құруға мүмкіндік береді.

Алдағы айларда пайдаланушылар Gemini агентіне белгілі бір тапсырмаларды сеніп тапсыра алады. Мысалы, шаштаразға жазылу немесе бір аптаға азық-түлікке тапсырыс беру сияқты. Бұрын бұл функциялар қызметкерлер арасында танымал болған Project Mariner атты ішкі сервистің бөлігі еді.

Google-дың бейсенбідегі (18-қыркүйек) хабарламасына дейін Chrome-дағы Gemini-ге қол жеткізу үшін браузерді қолданушылар белгілі бір Google жазылымдарын рәсімдеуі тиіс болатын. Енді қосымша анағұрлым қолжетімді болып, әлдеқайда көп мүмкіндіктер ұсынады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.