Quartz хабарламасына сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz бұлтта емес, құрылғыға орнатылған ЖИ-дің артықшылықтарын түсіндіреді.
Тим Кук 1 қыркүйектен бастап бас директор қызметінен кетіп, компанияның атқарушы төрағасы болады. Енді Apple-ды аппараттық технологиялар бөлімінің жетекшісі Джон Тернус басқарады. Инвесторлармен өткізген соңғы конференциясында Кук жасанды интеллект саласында «орасан зор мүмкіндіктер» бар екенін атап өтті.
Apple стратегиясының негізгі ерекшелігі – ЖИ тапсырмаларының бір бөлігін iPhone және Mac компьютерлерінің өзінде өңдеу. Бұл үшін компанияның өзінің чиптері пайдаланылады. Есептеу қуатын көбірек қажет ететін күрделі сұраныстар ғана сыртқы серверлерге жіберіледі.
«Сұраныстардың белгілі бір бөлігін тікелей құрылғыда өңдеу мүмкіндігі – стратегиялық және бәсекелік артықшылық», – дейді Тим Кук.
Бұл тәсіл пайдаланушы деректерінің құпиялылығын сақтап қана қоймай, бұлттық есептеуге жұмсалатын шығынды да азайтады. Кук шығармашылық индустрия өкілдерінің ЖИ-ге негізделген жұмыс үдерістерінде Mac құрылғыларын көбірек таңдай бастағанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, құрылғының өзінде есептеу интеллектуалдық меншікті қорғауға және бұлттық токендерге кететін шығынды қысқартуға мүмкіндік береді.
Apple-дың капиталдық шығындары да бәсекелестерінен әлдеқайда төмен. Компания екінші тоқсанда 2,46 млрд доллар инвестициялаған. Бұл Alphabet, Amazon, Meta және Microsoft жоспарлап отырған жүздеген миллиард долларлық шығындармен салыстырғанда өте аз. Аталған компаниялардың әрқайсысы ЖИ инфрақұрылымына жылына 100 млрд доллардан астам қаржы жұмсауды көздеп отыр. Дегенмен Apple жасанды интеллектіні дамытуға жұмсалатын операциялық шығындарын көбейтуде. Жаңартылған Siri биыл күзде таныстырылып, компания стратегиясының алғашқы маңызды сынағына айналмақ. Құрылғының мүмкіндігі жетпейтін, соның ішінде кескін жасауға қатысты күрделі сұраныстар Google Cloud инфрақұрылымы арқылы өңделетін болады.
Apple болашақта Siri-ді белсенді пайдалануды iCloud+ жазылымымен байланыстыру мүмкіндігін де қарастырып отыр. Алайда Тим Кук бұл қызмет үшін ақы төлеу жүйесі әлі толық анықталмағанын айтады.
Компанияны басқа да қиындықтар тосуда. ЖИ серверлеріне сұраныстың артуы жад микросхемалары мен сақтау құрылғыларының бағасын көтерді. Кук бұған дейін Apple өнімдерінің қымбаттауы «шарасыз қадамға» айналғанын ескерткен. Осылайша, Тим Кук Apple-ға бұлттық алпауыттармен шығын көлемі бойынша емес, құрылғылардың қуаты, құпиялылық және тиімділік арқылы бәсекелесетін стратегия қалдырып отыр.