Сенатта Премьер-Министр Олжас Бектенов пен Үкімет мүшелерінің қатысуымен отырыс өтуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Жиында «Республикалық және облыстық бюджеттердің, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттерінің арасындағы 2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы», «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңдардың жобалары қаралуда. Заң жобаларын бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісі мақұлдаған болатын.
Үкімет Сенатқа 2026-2028 жылдарға арналған трансферттер көлемі туралы заң жобасын ұсынды.
Парламент Сенатының отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» ҚР Заңының жобасын таныстырып, жергілікті бюджеттердің толық теңгерімділігін атап өтті.
«Жергілікті бюджеттер теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Барлық базалық шығыстар ескерілді. Даму бюджеті республикалық бюджеттің мүмкіндігін ескере отырып қалыптастырылды», — деп атап өтті вице-премьер.
Жергілікті бюджет кірістері 2026 жылы 10,7 трлн теңге болады деп болжануда.
Парламент Сенатының отырысында вице-премьер Серік Жұманғарин жалпы сипаттағы трансферттердің параметрлерін қарау барысында өңірлердің алдағы үш жылға арналған кірістерінің болжамды көлемін айтты.
Жергілікті бюджет кірістері 2026 жылы – 10,7 трлн теңге, 2027 жылы – 12,1 трлн теңге, 2028 жылы – 13,3 трлн теңге болады деп болжануда. Шығыстар 2026 жылы 14,9 трлн теңгені құраса, 2028 жылға қарай 18,7 трлн теңгеге дейін өседі.
Үш жылға арналған өңірлерді дамыту бюджеті 9,1 трлн теңгені құрайды. Парламент Сенатының кезекті отырысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин өңірлердің инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін теңестіру үшін даму бюджетінің жыл сайын артуы туралы мәлімдеді.
«Даму бюджеті жыл сайын артып келеді: 2026 жылы – 1,8 трлн теңге, 2027 жылы – 3,2 трлн теңге және 2028 жылы – 4,1 трлн теңге. Үш жылда барлығы – 9,1 трлн теңге», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Сонымен қатар жиында «Бәйтерек» АҚ-ны капиталдандыруға шамамен 1 трлн теңге қарастырылатыны айтылды.
Парламент Сенатының отырысында экономиканың нақты секторын қаржыландыру тетіктерін таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин даму институттары арқылы ауқымды қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
«Экономиканың нақты секторын дамыту үшін «Бәйтерек» АҚ-ны шамамен 1 трлн теңгеге капиталдандыру көзделуде. Автомобиль және теміржолдарды салу мен реконструкциялау сияқты инфрақұрылымдық жобаларға мемлекеттік кепілдіктер көлемін арттыру жоспарлануда», — деді вице-премьер.