Aikyn.kz жаңа смартфонның қытайлық реттеуші органдардан лицензия алу ықтималдығын CNBC телеарнасының материалына сүйеніп болжайды.
Қытайда iPhone Air моделін сату eSIM дизайнына қойылған талаптарға сай кейінге шегерілмек. Фото scmp.com сайтынан алынды. Авторлығы: Reuters
Apple-дің айтуынша, eSIM дизайнына байланысты Қытайда iPhone Air моделін сату кейінге шегерілмек. Қытайдағы ұялы байланыс операторлары eSIM бар жаңа құрылғыларды сату үшін алдымен үкіметтен арнайы лицензия алуы тиіс. Әзірге операторларға мұндай рұқсат берілмеген.
Компания құрылғыны Қытай нарығында мүмкіндігінше тезірек қолжетімді ету үшін жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Apple жақында iPhone Air моделін нарыққа шығарғанын Aikyn.kz «Жаңа iPhone 17 ескі бағамен сатылады» атты материалында жазған болатын. Қалыңдығы бар-жоғы 5,6 мм болатын бұл құрылғы 2017 жылғы iPhone X шыққалы бері iPhone дизайнындағы алғашқы елеулі жаңалық саналады. iPhone Air физикалық SIM картасын қолдамайды, оның орнына eSIM ендірілген.
Бас директор Тим Кук жұма күні (12 қыркүйек) CNBC тілшісі Джим Крамерге берген сұхбатында құрылғының ұзақ автономдық жұмысына дәл осы eSIM ықпал ететінін айтқан.
«Құрылғы тек eSIM-ты қолдайды. Сондықтан біз бұрын физикалық элемент орналасқан аймақты батареяға беріп, оның мүмкіндігін кеңейте алдық», – деген Тим Кук.
Бұған дейін компания алдын ала тапсырыстар 12 қыркүйекте Шығыс Еуропа уақытымен сағат 02:00-де ашылып, сатылымдар 19 қыркүйекте басталады деп хабарлаған.
Жұма таңындағы жағдай бойынша, Apple-дің қытайлық сайтындағы iPhone Air өнім бетінде: «Шығарылым туралы ақпарат кейінірек жаңартылады» деп көрсетілген. Сайтта China Mobile, China Telecom және China Unicom операторлары iPhone Air үшін eSIM қолдауын ұсынатыны айтылған. Алайда нақты мерзімдер реттеуші органдардың мақұлдауына байланысты болмақ.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.