in

Қытай туризмі: ұлттық бірегейлігі мен ерекшеліктері

2025 жыл Қытайдың Қазақстандағы Туризм жылы деп жарияланған. Aikyn.kz  шығыстағы көршінің туризм саласының жетістіктері мен ерекшеліктерін талдайы.

Туризмнің экономикадағы үлесі шамамен 1,7 трлн долларды құраған. Бұл 23%-дық өсімді білдіреді. Фото economyglobal.com сайтынан алынды.

Туризм бүгінде Қытайдың басты салаларының біріне айнала бастады. Пандемиядан кейін экономиканың бұл сегменті мемлекеттік ауқымды қолдауы мен бірегей мәдени мұраның арқасында белсенді түрде қалпына келуде.

2024 жылы Қытайдың ішкі туризмінен түскен табыстың өзі рекордтық 802 млрд долларға жетіп, 2023 жылғы деңгейден (700 млрд доллар) асып түскен. Туризмнің экономикадағы үлесі шамамен 1,7 трлн долларды құраған. Бұл 23%-дық өсімді білдіреді. Ал халықаралық туризм 140 млрд долларға жетіп, пандемияға дейінгі деңгейден 10%-ға жоғары болған.

2025 жылы одан да үлкен өсім күтілуде. Саланың жалпы үлесі 1,9 трлн доллар, ал ішкі туризм көлемі 973 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл осы 2025 жылы 1,3 млн жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

2024 жылы Қытай 32 млн шетелдік туристі қабылдады, олар елге 39,7 млрд АҚШ доллар алып келген. Осыншалық өсім визалық режимнің жеңілдетілуі арқылы қамтамасыз етілген. 2024 жылы 20 млн-нан астам шетелдік турист виза рәсімдемей Қытайға кірген. Ал 74 елдің азаматтарына 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат берілген. 2025 жылдың алғашқы жартысында бұл шаралардың арқасында кіріс туризмі күрт өсті. Мысалы, Шанхайда туристер саны өткен жылмен салыстырғанда 40%-ға артқан.Қытайдағы ішкі туризм барлық туристік кірістердің 85%-дан астамын қамтамасыз етеді. «Алтын апта» және Қытай Жаңа жылы кезіндегі жаппай сапарлар, экотуризм мен ауыл туризмі сұранысты арттырады.

«Күміс пойыздар» – аға буын туристеріне арналған жоба. Халықтың қартаюы – Қытайдағы негізгі демографиялық проблеманың бірі. Мемлекет бұл сын-қатерді экономикалық мүмкіндікке айналдыруға тырысады. Соның айқын мысалы – «күміс пойыздар» (silver trains) жобасы. Ол белсенді аға буын туристеріне (active seniors) арналған. Бұл пойыздар – кешенді туристік өнім. Онда кең орындықтар, демалыс аймақтары, тұтқалар, лифтілер мен қозғалысы шектеулі жандарға арналған пандустар орнатылған.

Медициналық қызметкерлер бригадасы, дәріханалық пункттер және сапар барысында жедел көмек алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұндай пойыздарда жол уақытының оңтайлы ұзақтығы, демалыс аялдамалары, мәдени іс-шаралар, курорттар мен сауықтыру орталықтары жақсы үйлестірілген. 

ҚХР Мәдениет және туризм министрлігінің бағалауынша, 2027 жылға қарай «күміс пойыздар» елдің негізгі туристік бағыттарын қамтиды. Бұл шешім аға буын азаматтарының денсаулығы мен белсенділігін қолдап қана қоймай, 2025 жылдың соңына қарай көлемі 140 млрд доллардан асатын жаңа туризм нарығын ашады.

ITB China Travel Trends Report 2025/26 деректері бойынша, Қытайда белсенді аға буын туристерінің жаңа тобы қалыптасуда. 2025 жылдың соңына қарай бұл сегменттегі 100 млн-нан астам адам сапарға шығуды жоспарлап отыр.

2024 жылы 655 мың қытайлық турист Қазақстанға келген. Фото discovergreaterbayarea.com сайтынан алынды

Қытай қазақстандықтар үшін де танымал бағытқа айналып келеді. Шамамен 550 мың адам 2024 жылы осы елге барған. Осы жылы 655 мың ҚХР туристері Қазақстанға келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 78%-ға көп. Яғни, Қытай халқының елімізге деген қызығушылығы қазақтардың Қытайға жасаған сапарларымен салыстырғанда әлдеқайда жылдам өсіп жатқанын көрсетеді.

Қытайдағы туризм – қуатты экономикалық қозғаушы күш. Ол пандемияға дейінгі деңгейге тез оралып, шетелдіктерді тартып, ішкі сұраныстың едәуір өсуін көрсетуде. Визалық реформалар, экологиялық технологиялар, жаңа демографиялық сегменттерге көңіл бөлу және халықаралық ықпалдастық Қытай туризмінің моделін әлемдегі ең серпінді әрі перспективалы жасауда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.