in

Қытай технологиялық құпияларды ұрлап, дамып жатыр ма?

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz , қытайлық компаниялардың жылдам серпілісі мен батыстық технологиялардың байланысын түсіндіреді.

Қытай өзінің ғылыми және технологиялық жетістіктері «ұрланған» зияткерлік меншікпен байланысты емес деген мәлімдеме таратты. Фото mckinsey.com сайтынан алынды

Қытай министрлігі Нидерланд қорғаныс министрінің тыңшылық туралы айыптауларын жоққа шығарды. Олар өздерінің техникалық жетістіктері ешқашан «ұрланған» технологиялардың көмегімен жасалмағанын мәлімдеген.

Қытай сейсенбі күні (3 маусым) өзінің ғылыми және технологиялық жетістіктері «ұрланған» зияткерлік меншікпен байланысты деген мәлімдемелерді жоққа шығарды. Бұл мәлімдеме Нидерланд қорғаныс министрінің Бейжіңді жартылай өткізгіштер саласында тыңшылықты күшейтті деп айыптағаннан кейін жасалды. Қытай Сыртқы істер министрлігі Reuters агенттігіне берген жазбаша жауабында:

«Қытайға қарсы «тыңшылық» пен «кибершабуыл» тақырыбын сылтау етіп, оны қаралауға бағытталған кез келген әрекеттерге біз батыл қарсылық білдіреміз», – делінген.

Министрлік барлық тараптарды Қытайға объективті және әділ көзқараспен қарауға шақырды.

Нидерландтың әскери барлау қызметі: «Қытай тыңшылары елдің жартылай өткізгіш, аэроғарыш және кеме жасау салаларын нысанаға алды». Сурет bbc.co.uk сайтынан алынды

Өткен жылы Нидерландтың әскери барлау қызметі Қытай тыңшыларының елдің жартылай өткізгіш, аэроғарыш және кеме жасау салаларын нысанаға алғанын хабарлаған болатын. Ал сенбі күні (31 мамыр) өткен форумда Нидерландтың қорғаныс министрі Рубен Брекельманс бұл шабуылдардың күшейе түскенін мәлімдеді.

Қытайлық компаниялар алғашында батыстық елдердің технологиялық жетістіктерін лицензиялар мен бірлескен кәсіпорындар (joint ventures) арқылы, батыс университеттерінде білім алған өз мамандары есебінен үйреніп, бейімдеп қолданды.

Қытайдың мыңдаған инженерлері, IT мамандары мен зерттеушілері АҚШ, Еуропа және Жапония университеттерінде білім алып, ғылыми институттарда тәжірибе жинап, кейін Қытайдың өз технологиялық экожүйесін дамытуға үлестерін қосты.

Президент Трамптың америкалық университеттердегі шетелдік студенттердің (басты нысана қытайлық студенттер екенін белгілі – авт.) оқуын шектеуінің бір себебі де осында жатыр.

Батыс сарапшылары болса қытайлық компаниялардың батыстық патенттер мен технологияларды заңсыз қолданғанын айтуда. Қытай бұл айыптарды әрқашан жоққа шығарып, өзінің ішкі инновациялық қуатының артуын дәлел ретінде алға тартады.

Қалай дегенмен де, батыс технологиялары қытайлық технологиялық серпілістің бастапқы кезеңінде катализатор рөлін атқарғаны рас. Алайда Қытай бүгінде сол білім мен ғылыми ресурстарды өзіндік инновациялық модельге айналдырып, жаһандық бәсекеде дербес ойыншы болуға ұмтылуда.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.