Салық кодексіндегі мүгедектігі бар адамдарға қатысты өзгерту жайлы “AMANAT” фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Әбдиев түсіндіріп берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
– Салық кодексінде мүгедектігі бар адамдарға қатысты екі түрлі түзету бердік. Жеке табыс салығы бойынша, бізде мүгедектігі бар адамдар 882 АЕК-ке дейін салықтан босатылған. Яғни, бұл жерде 3,5 миллион теңгеге дейін ғана салықтан босату бар. Егер адам жылына 3,5 миллион теңге табыс тапса, ол жыл бойы жеке табыс салығын төлемейді. Жеке табыс салығы дегеніміз – тапқан табыстың 10 пайызы. Мүгедектігі бар адамдар және оны асырап отырған бір ата-ана, қамқоршысы салықтан босатылады. Біз берген нормада бәріне бірдей жеңілдік беріліп еді. Оған ата-ана да, мүгедектігі бар адам да кіретін. Бірақ Үкімет тек қана I және II топ мүгедектігі бар адамдарды ғана қолдады. Яғни, I , II топтағы жұмыс істейтін мүгедектерге шекті соманы 882 АЕК-ке емес, 5 000 АЕК-ке дейін көтеріп тастадық. Бұл – бірінші түзету. Ол түзетуді үш түрлі партияның өкілдері болып бердік, – дейді депутат.
Сонымен қатар Ерлан Тұрсынбайұлы Салық кодексіндегі кейбір түзетудің орынды болғанын айтып, өзі бастамашылық еткен өзгерістердің не үшін әрі қалай болғанына тоқталды.
– Жаңа Салық кодексіндегі 322-бап бойынша, «мамандандырылған қоғамдық бірлестіктерден» бізде екі ғана ұйым болған. Соларға арналған бапты бөліп шығарған екен. Біз сондағы «мамандандырылған» деген сөзді алып тастадық. Атауды «мүгедектердің қоғамдық бірлестігі» деп қалдырдық. Заң бойынша, жұмыс істейтін мүгедектігі бар адам саны 51 пайыз болатын. Еңбекақы төлеу қоры да 51 пайыз, тек көзі көрмейтіндер мен құлағы естімейтіндерге 35 пайыз болатын. Салық кодексі әділетті болуы керек дегеннен кейін, 35 пайыз дегенді алып тастап, бәріне 51 пайыз қылдық. Өйткені 35 қылсақ, адамдар мүгедектерді азырақ жұмысқа ала бастайды. Бұрын 10 адамның үшеуі ғана мүгедек болып есептеледі де, қалған жетеуін мүгедектігі жоқ болса да, ала беретін. Енді біз соны 51-ге қайта көтеріп қойдық. Яғни, еңбекақы төлеу қорында да, жұмысшылардың саны да 51 пайыздан асса, ол ұйымдарды «мүгедектер жұмыс істейтін ұйым» деп есептейміз. Және олар 100 пайыз ұжымдық табыс салығынан босатылады. Одан бөлек, сол тұсты тағы да нақтыладық. Жұмыс беруші адам 10 мүгедектігі бар адамға жұмыс берсе, ұжымдық табыс салығынан босатылады. Біз қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар мүгедектігі бар адамдарды көбірек жұмысқа тартсын деген мақсатты көздеп отырмыз. Өйткені қазіргі таңда олар 2 адамды жұмысқа алады да, салықтағы жеңілдіктерге ие болады. Ал біз «жоқ, 2 адам емес, кемінде 10 адамды жұмысқа аласыз және бір адам бір ғана ұйымнан салықтағы жеңілдікке қол жеткізе алады» дейміз. Себебі, мысалы, 2 адам көптеген қоғамдық бірлестік, ұйымды ашып тастайды да, бәріне бір адамды тіркеп, барлығынан да жеңілдік алып отырады. Мәселен, бізде 89 филиалы бар ұйым бар. Ол бұған дейін осылай 89 рет салықтан жеңілдік алып отырды. Біз соларды тоқтату үшін мүгедектігі бар бір адамның жеңілдігі тек бір ұйымға қолданылады деп отырмыз, – деді Мәжіліс депутаты Е.Әбдиев.