Мал шаруашылығы саласында да белсенді даму байқалады. Шетелдік импорттаушылар тізіліміне 3 500-ден астам отандық кәсіпорын енгізілді. Сапа мен қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарын сақтай отырып, экспорттық арналарды белсенді түрде кеңейту жүріп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Дамуға ең мүмкіндігі зор экспорттық бағыттардың бірі «қызыл алтын» деп аталатын қызыл ет. Осы сиыр мен қой еті Қытайда, Таяу Шығыста және басқа да бірқатар елдерде тұрақты сұранысқа ие. Құс шаруашылығы мен мал шаруашылығының жанама өнімдерінде де жоғары экспорттық әлеует бар, әсіресе Қытай бағытында, онда қазір жаңа логистикалық шешімдер пысықталып жатыр.
Отандық ет жоғары сапасымен, табиғи дәмімен және бәсекеге қабілеттілігімен ерекшеленеді, әсіресе салқындатылған өнімдердің премиум сегментінде. 180 миллион гектар жайылым мен көшпелі мал шаруашылығының қолайлы жүйесінің арқасында елімізде ет өндірісінің көлемін арттыруға толық мүмкіндік бар.
Бүгінде еліміз 8 елге ет экспорттайды. Тек 2025 жылдың 5 айында шетелге 40 мың тоннаға жуық ет өнімдері жеткізіліп, жаңа нарықтарға шығу жұмыстары жалғасып жатыр.
Экспорттың өсуін қолдау қатаң ветеринарлық бақылауды талап етеді. Бұл бағытта қазірдің өзінде айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Өнімді қадағалау жүйесі жақсартылды, ветеринариялық қызметтің инфрақұрылымы жаңғыртылды. Зертханалық жабдықтар жаңартылуда, бүкіл ел көлемінде ветеринариялық пункттердің құрылысы жүргізіліп, мал шаруашылығы өнімдерін қадағалау жүйелері цифрландырылып келеді.