in

Қазақстан астық экспорты бойынша жаңа белеске шықты

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 20 мамырға дейін астық пен астық баламасындағы ұн экспортының көлемі 11,7 миллион тоннаны құрады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,6%-ға жоғары (10,3 миллион тонна).

Экспорт көлемінің өсуі Орталық Азия елдері мен Ауғанстан бағыттарында байқалды. Атап айтқанда, Өзбекстанға экспорт 39,5%-ға артып, 3,5 миллион тоннадан 4,8 миллион тоннаға жетті. Қырғызстанға жеткізілім көлемі 1,5 есеге өсіп, 297 мың тоннадан 457 мың тоннаға дейін ұлғайды.

Сондай-ақ Ауғанстан бағыты бойынша айтарлықтай өсім тіркелді, экспорт көлемі 2,3 есеге артып, 1,3 миллион тоннадан 3 миллион тоннаға жетті. Түрікменстанға экспорт 47,7%-ға ұлғайып, 130 мың тоннадан 192 мың тоннаға дейін өсті.

Қарқынды өсім қазақстандық астық өнімдеріне сыртқы нарықтарда сұраныстың жоғары екенін, сондай-ақ экспорттық логистиканы дамыту және шетелдік серіктестермен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту бағытында қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.