Сауда – Қазақстан экономикасының негізгі салаларының бірі. Ол жалпы ішкі өнімнің шамамен 19 пайызын құрап, 1,5 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде салада 748 545 кәсіпкерлік субъектісі, 626 базар мен 142 мыңнан астам бөлшек сауда нысаны жұмыс істейді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2025 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша, сауда саласында тұрақты оң динамика байқалды. Сауданың нақты көлем индексі (НКИ) жоспарланған 8%-дың орнына 8,4%-ды құрады. Сауда көлемі номиналды мәнде 31,4 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде, көтерме сауданың НКИ 109,2%немесе 21,2 трлн теңге, бөлшек сауданың НКИ 106,6% немесе 10,1 трлн теңге болды. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңінен едәуір жоғары. Еліміздің барлық өңірлері өсім көрсетіп, сауда саласының тұрақтылығы мен тартымдылығын дәлелдеді.
Шикізаттық емес экспортты дамыту – министрліктің басты басымдықтарының бірі. 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында өңдеу өнеркәсібі секторындағы тауар айналымы 25 млрд АҚШ долларын, оның ішінде экспорт көлемі 7,8 млрд АҚШ долларын құрады. Аталған кезеңде күнбағыс майы 69,5%-ға, жануарларға арналған азық өнімдері 2,5 есеге, өңделмеген және жартылай өңделген алтын экспорты 52,7%-ға артты. Қазақстандық өнімдердің негізгі экспорт нарығы – Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, АҚШ, Нидерланд, Франция және Жапония.
Осы кезеңде Тегеран (Иран), Будапешт (Венгрия), Сиань және Чунцин (Қытай), Кабул (Ауғанстан) қалаларында сауда-экономикалық миссиялар ұйымдастырылды. Оған 100-ден астам отандық экспорттаушы қатысып, азық-түлік, агроөнеркәсіп, металлургия, химия, құрылыс, медицина және логистика салаларындағы өнімдерін ұсынды. Нәтижесінде, жалпы сомасы 333 млн АҚШ доллары және 15 млн еуро болатын коммерциялық құжаттарға қол қойылып, шетелдік серіктестердің қазақстандық тауарларға деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Министрлік экспорттық акселерация бағдарламасын сәтті іске асыруда. Қазіргі таңда 120 компания экспорттық қызметін жедел дамытуда. Бұл ретте оларға кеңес беру, сүйемелдеу және шығындарды өтеу түрінде кешенді қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар отандық бизнестің халықаралық сауда-көрме іс-шараларына, оның ішінде қазақстандық өнімдерді Қытай нарығына шығаруға жол ашатын Шанхай импорттық көрмесіне қатысуы ұйымдастырылып жатыр.
Экспортты қолдаудың қолданыстағы шаралары да үздіксіз жетілдірілуде. Бұл – жаңа экспортқа бағдарланған кәсіпорындарды дамытуға және олардың халықаралық нарықтарда табысты бәсекеге қабілетті болуына септігін тигізеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.