in

Электр энергиясына шығынның басым бөлігін технологиялық компаниялар төлейді

Reuters агенттігінің 9 қарашадағы материалына сүйенген Aikyn.kz америкалық Конгресте қаралатын жаңа заңның мақсаты мен технология индустриясының болашағына ықпалын бағалайды.

АҚШ Сенатында екі партия бірлесіп әзірлеген Bipartisan American Affordability and Jobs Act (BAAJA) заң жобасы қаралып жатыр. Құжат жаңа электр стансалары мен жоғары кернеулі желілердің құрылысына рұқсат беру рәсімдерін жеделдетуді көздейді.

Ең маңызды өзгеріс – қуаты 20 МВт-тан асатын жаңа деректер орталықтары өз қажеттіліктері үшін салынатын энергетикалық инфрақұрылымның қосымша шығындарын өздері өтеуге міндетті.

Бүгінде алып есептеу кешендеріне қажетті электр желілерін кеңейту шығындарының бір бөлігі қарапайым тұтынушылардың тарифіне қосылып кетеді. Жаңа заң осы қаржылық ауыртпалықты халықтан деректер орталықтарының иелеріне ауыстыруды мақсат етеді. Сонымен қатар жоба іске аспай қалса да, инфрақұрылымға жұмсалған қаражаттың басқа тұтынушыларға жүктелмеуі қарастырылған.

3 қарашадағы аралық сайлауда Демократиялық партияның жеңісі деректер орталықтарына қатысты талаптарды күшейту мәселесін қайтадан алдыңғы қатарға шығарды. Демократ сенатор Sheldon Whitehouse жаңа заң халыққа берілген екі уәдені – электр энергиясының қолжетімділігін және деректер орталықтарына жауапкершілік жүктеуді орындайды деп есептейді. Бірақ заң жобасының қашан қабылданары белгісіз.

TD Cowen инвестициялық компаниясы оның мақұлдану ықтималдығын сайлауға дейінгі 40%-дан 25%-ға дейін төмендеткен. Кейбір демократтар мен экологиялық ұйымдар рұқсат беру рәсімдерін жеңілдету жаңа деректер орталықтары мен мұнай-газ нысандары құрылысының шамадан тыс ұлғаюына әкеледі деп алаңдайды. Ал Sierra Club ұйымы заң жобасындағы өзгерістер табиғатты қорғау талаптарын жеткілікті ескермейді деп санайды.Президент Дональд Трамп заң жобасын қолдап, АҚШ деректер орталықтарын салудан бас тартса, бұндай мүмкіндікті Қытай пайдаланып кететінін ескертті. Оның әкімшілігі ЖИ инфрақұрылымын дамытуды ұлттық бәсекеге қабілеттілікті өсірудің маңызды шарты түрінде қарайды.

Дегенмен сарапшылар энергетикалық жүйені дұрыс жоспарлау экологиялық тұрғыдан да пайдалы болатынын айтады. Rhodium Group бағалауынша, электр желілерін жаңарту және рұқсат рәсімдерін жетілдіру деректер орталықтарына байланысты парниктік газ шығарындыларын 31-90%-ға азайтуға мүмкіндік береді.

АҚШ-тағы пікірталас ЖИ дәуірінің маңызды қайшылығын айқындады. Технологиялық алпауыттар орасан зор әрі жылдам пайдаға ұмтылғанымен, олардың энергетикалық қажеттілігінің құнын қарапайым халық төлемеуі тиіс. Бұл – Қазақ елінде деректер орталықтарының ірі жобаларын жүзеге асырғанда ескерілуге тиіс маңызды мәселе.