Financial Times материалына сүйенген Aikyn.kz Сауд Арабиясында салынатын құны 1 млрд доллар болатын мұнараның Трамп отбасымен байланысын түсіндіреді.
Жаңа жоба Trump Organization компаниясының Жиддада жоспарланған екінші мұнарасы. Онда кеңселер, элиталық пәтерлер мен таунхаустар орналасады. Trump Plaza-ның Dar Global компаниясымен бірлесіп салатын мұнарасы президент Трамптың Сауд Арабиясына және көршілес елдерге мамыр айында жасаған сапарынан кейін іске асырыла бастады. Сапардың нәтижесінде америкалық компаниялар араб елдерімен қорғаныс өнеркәсібінен бастап жасанды интеллектке дейінгі салаларда триллиондаған долларлық келісімдер жасады.
Trump Organization компаниясы Dar Global-ға Дубай, Оман және Қатардағы жобалар үшін өз брендін пайдалануға лицензия берді. Сондай-ақ Эр-Риядтағы жоспарларын жариялады. Жоспарда гольф алаңдары мен Трамптың символикасы бар қонақүйлерден бастап зәулім ғимараттар салу қамтылған.
Trump Organization брендті пайдалану және кейбір нысандарды басқару үшін ақы алады. Ал жер учаскелерін сатып алу мен құрылысқа байланысты қаржылық тәуекелдерді Dar Global көтереді.
Соңғы жылдары Эр-Рияд пен Дубай секілді қалаларда жылжымайтын мүлік бағасы күрт өскендіктен, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы арта түсті.
Trump Organization компаниясын басқарушы Трамптың ұлы Эрик Парсы шығанағындағы қызметін былтырғы сайлаудан кейін күшейтті. Бұл Трамп пен Парсы шығанағы елдерінің басшыларымен байланысын президент отбасы қаржылық пайда табу үшін пайдалануы мүмкін деген алаңдаушылық туғызды. Дегенмен Трамптың активтері ол қызметінен кеткенше сенімгерлік басқаруда болады.
Эрик Трамп Сауд Арабиясында жаңа жобаны бастау «үлкен мәртебе» екенін айтуда. «Dar Global-мен бірге біз жаңа стандарттар орнататын бағыт қалыптастырамыз», – дейді ол.
Жиддада жоспарланған Trump Plaza мұнарасы Dar Global компаниясымен бірлесіп салынады. Фото independent.co.uk сайтынан алынды. Авторлығы: Dar Global
Трамп отбасының Сауд Арабиясындағы соңғы келісімі АҚШ президентінің әкімшілігі корольдікті Израильмен дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіруге көндіруге күш сала бастауымен тұспа-тұс келді. Сауд Арабиясы Израильдің Газадағы соғысын айыптап, Палестина мемлекеті құрылмайынша қатынастарды қалыпқа келтірмейтінін мәлімдеген.
Жаңа жоба Жиддада Dar Al Arkan компаниясы (Dar Global-дың бас компаниясы) серіктестерімен бірге биыл 1,19 млрд долларға сатып алған 1 млн шаршы метр жер телімінде салынбақ. Бұл осы қаладағы жер теліміне қатысты рекордтық мәміле болып саналады. Өткен жылдың желтоқсанында Dar Global Жиддада 533 млн долларлық Trump Tower жобасын іске қосқан болатын.
Dar Global компаниясының бас директоры Зиад Эль Чаар Жиддадағы Trump Plaza-ны компания жүзеге асыруға қатысатын «ең ауқымды жобаның бірі» деп атады.
«Бұл, расымен де, даму үшін бірегей мүмкіндік», – дейді Dar Al Arkan компаниясының төрағасы Юсеф әл-Шелаш.
АҚШ Конституциясы президенттің шет мемлекеттерден сыйлықтар, табыс пен титулдар алуына тыйым салады. Құрама Штаттардың заңдарында президенттің отбасы бизнесінен табыс табуына толық тыйым жоқ, бірақ ол этикалық тұрғыда дау тудыратын мәселе. Trump Organization компаниясының Джиддада 1 млрд долларлық жылжымайтын мүлік жобасына қатысуы ерекше назар аударады. АҚШ-тағы мүдделер қақтығысы туралы пікірталасты күшейтеді. Сарапшылардың айтуынша, президент отбасының мұндай ірі шетелдік келісімдері мемлекетаралық қатынастарға ықпал етуі мүмкін және этикалық тұрғыдан күмәнді саналады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.