in

Тау-кен металлургиясы – экономика тірегі

Қоғамдық саясат институтының де­рек­теріне сүйенсек, ішкі жалпы өнімдегі бұл сек­тордың үлесі 8 пайызға жетеді, ал онда еліміздің 300 мыңнан астам азаматы еңбек етеді. Соңғы алты жыл­да өндіріс көлемі екі есе өсіп, 14,4 трлн теңгеге жет­кен. Бұл – жалпы өнеркәсіп көлемінің 28 пайызына тең.

Металлургия саласы бойын­ша Қазақстан әлемде хром өң­­­деу­де – 2-орында, алтын өндіруде – 6-орында, мырыш пен мыс бойынша – 11-орында тұр. Бұл – тек сан емес, сапаға бағытталған үдемелі өсімнің көрінісі.

«Сала өндірісінің басым бө­лігі Қарағанды (21%), Шығыс Қазақстан (17%) және Павлодар (13%) облыстарына тиесілі. Соң­ғы алты жылда табыс көлемі екі еселенді, себебі жоғары қосылған құны бар өнім үлесі артты. Қазір металлургия өңдеуші өнеркәсіп ішіндегі ең табысты салаға ай­налды. Бұл өсім бюджетке түсетін салық көлемінен де айқын кө­рінеді. 2024 жылы металлургия саласы 1,2 трлн теңге салық тө­леп, өңдеуші сектор ішінен көш бастады. Бұл ел бюджетіндегі бар­лық түсімнің 9,8 пайызына тең», – дейді Қоғамдық саясат институтының сарапшылары.

Сондай-ақ инвестициялар көлемі де артып келеді. Алты жыл­да негізгі капиталға құйылған қаражат үш есе өсіп, бұл саладағы технологиялық жаңару мен за­манауи өндіріс процестерінің енгізіліп жатқанын аңғартады.

Металлургия – экспортты ал­ға сүйреп келе жатқан жетекші салалардың бірі. Өңдеуші өнер­кә­сіп экспортының жартысынан көбі осы саланың еншісінде. Бұл шамамен 16,9 млрд АҚШ долла­рына тең. Қазақстан өнімінің не­гізгі тұтынушылары – Қытай, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония.

«Соңғы жылдары өнім ассор­тименті де кеңейіп келеді. Орта және жоғары деңгейде өңделген өнім түрлері айтарлықтай артты. Соңғы алты жылда орташа өң­делген өнім түрлері 32 атауға кө­бейіп, жоғары өңделген өнім бір түрге толықты. Бұл – тек көлем емес, сапаға, терең өңдеуге бет бұрған экономиканың белгісі. 2018–2024 жылдар аралығында салалық 83 жоба іске қосылып, 1,5 трлн теңгеден астам инвес­тиция тартылды. Нәтижесінде, 15,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Ал 2029 жылға дейін жалпы құны 6,8 трлн теңгеге жуықтайтын 96 жоба жүзеге аспақ. Бұл тағы 25 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтиды деген сөз», – дейді институт мамандары.

Саланы ынталандыру мақса­тында жаңа Салық кодексінде жер қойнауын барлау кезінде сәтсіз шыққан шығындарды есеп­тен шығару құқығы кеңей­тілді. Сонымен қатар тау-кен өн­дірісінің қалдықтарынан пай­далы қазбаларды өндіруге төмен­детілген салық мөлшерлемелері енгізілді. Мұндай қалдықтардың жалпы көлемі елімізде 55 млрд тоннаға жетеді – олардың ішінде құнды минералдар мен сирек кездесетін металдар бар. Шикі­затты қайта өңдеуге қатысты ҚҚС бойынша салықтық жеңіл­діктер де қарастырылған.

 

Кәмила ЕРКІНҚЫЗЫ