The Associated Press мақаласына сүйенген Aikyn.kz еуропалық АЭС-тердің жұмысын тоқтатуға аптап ыстық қалай әсер еткенін талдайды.
Будапеште Дунайдағы су деңгейі 10 сантиметрге дейін төмендеп, 2018 жылғы рекордтық минимумнан асып түсті. Синоптиктердің болжауынша, алдағы күндері жауын-шашын күтілмейді, ал ауа температурасы Цельсия бойынша 38 градусқа дейін көтеріледі. Бұл электр энергиясы мен суға деген сұранысты одан әрі арттырады.
Ең күрделі жағдай Венгриядағы кеңестік кезеңде салынған «Пакш» атом электр стансасында қалыптасты. Дунай суын реакторларды салқындатуға пайдаланатын станса төрт энергоблоктың үшеуін тоқтатуға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта ол қалыпты 2000 мегаваттың орнына небәрі 240 мегаватт қуат өндіруде. Егер су деңгейі тағы төмендесе, станция толық тоқтауы мүмкін.
«Пакш» АЭС Венгриядағы электр энергиясының жартысына жуығын өндіреді. Сондықтан үкімет кәсіпорындар мен тұрғындарды электр қуатын үнемдеуге шақырып, кешкі жүктеме уақытында тұтынуды қысқарту жөнінде үндеу жасады. Сонымен қатар электр пойыздарының қозғалысына уақытша шектеулер енгізіліп, ірі кәсіпорындар үшін энергияны міндетті түрде үнемдеу тәртібі қарастырылды.
Осындай қиындықтар көршілес Румыния мен Сербияда да байқалады. Румынияда әскери инженерлер Дунай арнасын өзгерту үшін жарылыс жұмыстарын жүргізіп, суды Чернавода атом электр стансасына бағыттауда. Су ағыны қалыпты деңгейдің үштен біріне дейін азайғандықтан, стансаның бір реакторы тоқтатылып, қуаты екі есеге қысқарды. Елде энергетикалық сектор бойынша жоғары қауіп режимі жарияланып, Dacia мен Ford зауыттары өндірісті уақытша тоқтатты.
Сербияда да Дунайдағы су тапшылығы негізгі гидроэлектр стансасының өндірісін қалыпты деңгейдің 20%-ына дейін төмендетті. Үкімет тұрғындарды кондиционер сияқты көп электр тұтынатын құрылғыларды мүмкіндігінше аз пайдалануға шақыруда.
Мамандардың айтуынша, климаттың өзгеруі салдарынан бұндай экстремалды құрғақшылықтар жиілеп келеді. Бұл тек су ресурстарына ғана емес, энергетика, өнеркәсіп, көлік және ауыл шаруашылығы сияқты стратегиялық салалардың тұрақтылығына да тікелей қауіп төндіре бастады.
Еуропалық АЭС-тердің су тапшылығынан тоқтатылуы Қазақ елі үшін де маңызды сабақ болмақ. Балқаш көлінің жағалауында салынуы жоспарланған атом электр стансасының реакторларын салқындату үшін де көп су керек.
Қытайдан басталатын Іле өзені мен Алатаудағы мұздардың еруінен келіп жатқан су көлемі қысқарса, Балқаштың тартыла бастауы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде АЭС жұмысының тұрақтылығына тікелей әсер етері анық. Сондықтан стансаны жобалау кезінде су ресурстарының ұзақмерзімді қауіпсіздігі мен климаттық тәуекелдерді жан-жақты ескеру ерекше маңызға ие. Венгрия, Румыния және Сербиядағы қазіргі жағдай бұндай мәселелердің теориялық емес, нақты қауіп екенін көрсетіп отыр.