in

Соңғы 6 айда тұрмыстық техниканың бағасы 14 пайызға, киім 8 пайызға өскен

Financial Times мақаласындағы мәліметтердің негізінде Aikyn.kz тарифтік саясаттың тұтыну бағасына әсерін талдайды.

Әзірге тарифтердің ауыртпалығын негізінен америкалық импорттаушылар мен бөлшек саудагерлер көтеріп отыр. Фото pbs.org сайтынан алынды. Авторлығы: Associated Press / Wyatte Grantham-Philips

Статистикалық бюроның мәліметінше, соңғы алты айда аудио жабдықтардың бағасы 14%-ға, киім 8%-ға, ал құрал-саймандар мен жабдықтар 5%-ға өскен. Бұның көпшілігі импортталатын тауарлар. 

Ұлттық бөлшек сауда федерациясының бас экономисі Марк Мэтьюз: «Соңғы екі жылда тауар бағасының инфляциясы нөлге жуық болды. Енді біз оның баяу өсе бастағанын байқап отырмыз», – дейді.

Алты ай бұрын президент Дональд Трамп әлемнің көптеген еліне жоғары сауда тарифтерін енгізетінін мәлімдеген еді. Сауда соғыстары экономиканы қатты шайқалтатын қауіпке қарамастан, тамыз айында АҚШ-тағы жалпы инфляция небәрі 2,9% болған.

Дегенмен компаниялар енді тарифтердің салмағын тұтынушыларға арта бастаған. Кейбірі бағаны көтеріп, шығынды өтесе, басқалары импорт көлемін азайтуда. Мысалы, Costco Рождество маусымына арналған ойыншықтар мен әшекейлердің орнына жоғары бағалы сауналар мен бақша павильондарын қойып, баға әсерін азайтуға күш салған.

Зерттеу фирмасы Telsey Advisory Group деректері бойынша, сәуірден бері ірі ритейлерлер: «жұмсақ» тауарлар (киім, аяқкиім) тобының 29-ының 11-іне, «қатты» тауарлар (велосипед, кір жуғыш машина) тобының 18-інің 12-іне, 16 спорттық тауарлардың 5-еуіне бағаны көтерген.

Telsey талдаушысы Джо Фельдман: «Бұл көрсеткіштер тарифтердің нақты әсер етіп, бағаның өсуіне себеп болғанын дәлелдейді», – дейді.

Мебель алыбы Ashley Furniture осы жексенбіден (5 қыркүйек) бастап өнім бағасын 3,5-12%-ға арттыруды жоспарлап отыр. Ал автокөлік бөлшектерін сататын AutoZone бас директоры Филип Даниэле:

«Көп клиенттер бағаның өсуіне қарамастан, төлеуге дайын. Өйткені стартер істемесе, көлік жүрмейді», – деген ойын білдіреді.

Кофе бағасы да 50% баж салығы енгізілгеннен кейін күрт қымбаттады. Ал Campbell’s сорпа өндіруші компаниясының қаржы директоры Кэрри Андерсон:

«Импорттық қаңылтыр тапшылығы бағаны хирургиялық дәлдікпен көтеруге мәжбүр етті», – деп мәлімдеген.

Бұған қоса, құрылыс, қоғамдық тамақтану және коммуналдық қызмет салаларында тарифтердің әсері айқын байқала бастағанын Институт жеткізілімдерді басқару ұйымы растаған.

ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл әзірге тарифтердің ауыртпалығын негізінен америкалық импорттаушылар мен бөлшек саудагерлер көтеріп отырғанын айтады.

Ал Citigroup бас экономисі Натан Шитс: «Қазіргі кезде тұтынушылар тарифтердің 30-40%-ын ғана төлеп отыр. Бірақ бұл үлес жақын айларда 60%-ға жетеді», – дейді.

Бұл жағдай АҚШ экономикасында тұтыну нарығының тікелей сауда саясатына тәуелді екенін көрсетеді. Тарифтердің негізгі мақсаты – отандық өндірісті қорғау болғанымен, іс жүзінде олар бағаның өсуіне және халықтың нақты табысының төмендеуіне әкеледі.

Қазақстан үшін бұл үрдіс әлемдік сауда тізбегіндегі баға өзгерісінің ықтимал әсерін білдіреді. Әсіресе, металл, азық-түлік және көлік бөлшектері секілді импорттық өнімдер бойынша бағаның өсуі біздің нарыққа да кері әсер етуі мүмкін.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.