in

Сирек металдарға сүйенген жаңа индустрия

Соңғы жылдары әлемде литий, нео­дим, скандий, иттрий секілді си­рек металдарға сұраныс күрт өсті. Өйткені бұл элементтер ак­ку­муля­тор өндірісінде, жел гене­ра­тор­ларында, ядролық энерге­ти­ка­да, электроникада, қорғаныс өнер­­­­­кә­сібінде және жасыл тех­но­ло­гия­ларда кеңінен қолданылады. Са­рап­шылардың бағалауынша, ал­­дағы онжылдықтарда мұндай ре­­сурстар мұнай мен газ секілді стратегиялық маңызға ие болмақ.

Қазақстанда мұндай қорлар жет­кілікті болғанымен, негізгі та­быс көбіне шикізатты сыртқа сату­дан түсіп келеді. Ал ең үлкен пайда металды терең өңдеу, химиялық қо­сындылар шығару, одан кейін дайын компоненттер мен тех­но­логиялық өнім жасау кезеңдерінде қалыптасады.

Осы жаһандық үрдіске сай Назарбаев университеті жанын­да­ғы New Materials and Energy Technologies институтында өткен бас­қо­суда ғалымдар 2027-2031 жыл­­­­дарға арналған ірі ғылыми-тех­никалық бағдарламаны жан-жақты талқылады. Бастаманың бас­ты мақсаты – Қазақстанда си­рек және сирекжер металдарын терең өңдейтін жүйе қалып­тас­ты­рып, сол шикізаттан жаңа буын ма­териалдарын шығару, сондай-ақ оларды энергетика саласында пай­далануға негіз болатын толық­қан­ды ғылыми база құру.

Бағдарламаның бағыты қандай?

Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бұл мәселенің ел болашағы үшін аса маңызды екенін айтты.

«Сирек металдар тақырыбы тек гео­логия немесе кен өндіру м­ә­селесі емес. Бұл – технологиялық тәуел­сіздік, энергетика қауіпсіздігі, жаңа өндірістер ашу және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру мәселесі. Егер біз тек ши­кі­зат сатумен шектелсек, әлемдік нарықтағы үлкен мүмкіндіктерден қағыламыз», – деді ол.

Оның сөзінше, Қазақстанда табиғи қор жеткілікті болғанымен, толық өндірістік тізбек әлі қалып­таспаған.

«Бізде ресурс бар, бірақ кеннен бас­тап соңғы жоғары техно­ло­гия­лық өнімге дейінгі жолды толық ба­қылап отырған жоқпыз. Сон­дық­тан қосылған құнның едәуір бө­лігі сыртта қалып отыр. Ендігі мін­­дет – осы тізбекті ел ішінде құру», – деді академия басшысы.

Ғалымдардың айтуынша, бағ­дарлама аясында бірнеше стра­те­гиялық бағыт қамтылады. Соның бірі – сирекжер шикізатын тиімді өңдеу технологияларын әзірлеу. Бұл бағытта экологияға зияны аз, шығыны төмен әрі халықаралық та­лаптарға сай жаңа өндірістік ше­шімдер енгізу көзделіп отыр.

Екінші маңызды бағыт – энер­гетикаға арналған жаңа мате­риал­дар шығару. Әңгіме жоғары тем­пературалы өткізгіштер, ядролық реак­торларға қажет арнайы қорыт­па­лар, энергия сақтайтын ком­по­нент­тер және сутегі энерге­тика­сы­на арналған материалдар жөнінде болып отыр.

Сондай-ақ цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элемент­те­рін өндіріс пен ядролық қауіпсіз­дік жүйелеріне енгізу ұсынылды. Бұл технологиялар апат қаупін азай­тып, өндіріс тиімділігін арт­ты­рып, күрделі процестерді нақты ба­қылауға мүмкіндік береді.

Жиында сөз сөйлеген институт же­текшісі, академик Жұмабай Бә­ке­нов бағдарламаның нақты ба­ғыт­тарына тоқталды. «Жоба тек зерт­ханалық деңгейде қалмайды. Біз ресурс қорын зерттеуден бас­тап, оны өндіру, өңдеу, дайын өнім­ге айналдыру және нақты өндірісте қолдануға дейінгі толық жүйені қарастырып отырмыз. Со­ның ішінде шағын модульді реак­тор­ларға қажетті материалдар мен Қа­зақстан шикізаты негізінде «жа­сыл» сутегі өндірісін дамыту да бар», – деді ол.

Берері мол бастама болмақ

Сарапшылардың айтуынша, мұндай бағдарлама сәтті іске асса, ел экономикасына бірнеше бағыт­та серпін береді. Біріншіден, ши­кі­затқа тәуелділік азаяды. Екін­ші­ден, жоғары жалақы төленетін ин­женерлік және ғылыми жұмыс орын­дары ашылады. Үшіншіден, экс­порт құрылымы өзгеріп, Қазақ­стан тек кен емес, дайын техно­ло­гиялық өнім сататын мемлекетке айнала бастайды.

Бұдан бөлек, жаңа өн­діріс­тердің дамуы өңірлердегі инф­ра­құрылымға да әсер етеді. Зерт­ха­налар, инженерлік орталықтар, ша­ғын технологиялық зауыттар ашы­лып, ғылым мен бизнестің бай­ланысы күшейеді.

Мамандардың бағалауынша, бұл бастама  – уақыт талабынан ту­ған шешім. Өйткені әлемдік эко­номикадағы бәсеке енді тек мұнай, газ немесе металл қоры үшін жүріп жатқан жоқ. Ендігі тартыс – сол ре­сурстан кім тезірек технология жа­сап, дайын өнім шығара ала­ты­нына байланысты. Егер Қазақстан осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, алдағы жылдары ел эконо­ми­касында жаңа индустриялық кезең басталуы ықтимал. Сирек металдар саласы шикізат көзі ғана емес, тех­но­логиялық серпілістің тірегіне ай­налуы мүмкін. 

Профессор Жұмабай Бәкенов қа­рапайым мысал арқылы қосыл­ған құнның айырмасын түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанда өн­дірілетін мыс кені көбіне бас­тапқы шикізат ретінде бағаланады. Ал сол металдан кейінгі кезеңде электроникаға, энергетикаға не­месе аккумулятор өндірісіне қажет бөлшектер жасалса, өнім құны бірнеше ондаған есе өседі.

«Біз көбіне кенді немесе бас­тап­қы өнімді сатумен шектелеміз. Бірақ негізгі табыс соңғы кезең­дер­де қалыптасады. Мысалы, кен­нің бағасы бір басқа, ал одан жа­сал­ған жоғары технологиялық ком­поненттердің нарықтағы құны мүл­де бөлек. Сондықтан ел үшін ең маңыздысы – шикізатты сыртқа шы­ғару емес, оны осында өңдеп, дайын өнім жасау», – деді ғалым.

Оның сөзінше, дәл осындай тә­сіл Қазақстанға экспорт құры­лы­мын өзгертуге мүмкіндік береді. Қазір шикізат сатудан түсетін та­быс әлемдік бағаға тәуелді болса, дайын өнім өндірісі тұрақты әрі та­бысты бағыт саналады. Әсіресе, электр көлігі, энергия сақтау жүйе­лері, жасыл технологиялар қарқын алған кезеңде металды терең өң­деу­дің маңызы артып отыр.

Мамандар аккумулятор өн­дірі­сін болашақтағы ең табысты сала­лар­дың бірі деп отыр. Өйткені жаһан­дық нарықта электр көлік­те­ріне, күн және жел энергетика­сына арналған энергия сақтау жүйе­леріне сұраныс өсіп келеді. Егер Қазақстан өз шикізатын пай­даланып аккумулятор материал­да­рын шығара алса, бұл жаңа ин­дус­трия­ның негізіне айналуы ық­­ти­мал.

Нендей нәтиже күтеміз?

Осы бағытта алғашқы нақты нә­тижелер де бар. Ғалымдардың айтуынша, отандық зерттеушілер әзірлеген 12 вольттық аккумулятор се­риялық автокөлікте сынақтан өт­кен. Бұл әзірге шағын қадам бол­ғанымен, технологиялық база қа­лыптастыру тұрғысынан маңыз­ды жетістік саналады.

«Көп адам ғылыми жобаларды тек теория деп ойлайды. Бірақ біз­де нақты сынақтан өткен шешім­дер бар. Бұл Қазақстанда акку­муля­тор тех­нологияларын да­­­­мы­туға мүм­кін­дік барын көрсетеді. Ең бастысы – зертханадағы жұмысты өндіріс дең­­­­гейіне жеткізу», – деді про­фес­сор.

Сарапшылардың пікірінше, мұн­дай жобалар тек бір өнім шы­ғарумен шектелмейді. Оның ай­наласында инженерлік мектеп, жаңа мамандықтар, сервистік ком­паниялар, ғылыми орталықтар мен шағын өндірістер қалып­та­сады. Яғни, бір аккумулятор зауы­ты­ның өзі ондаған қосымша сала­ның дамуына жол ашады.

Жиында тағы бір болашағы зор ба­ғыт ретінде суперөткізгіш ма­те­риал­дар өндірісі аталды. Бұл – электр энергиясын аз шығынмен та­сымалдауға, медицина құрыл­ғы­ларында, ғылыми қондырғыларда және болашақ термоядролық энер­гетикада қолданылатын күр­делі технологиялық өнім. Маман­дар­дың сөзінше, Қазақстан сирек­жер металдарын пайдалана оты­­­­рып осындай материалдарды әзірлеу бойынша халықаралық әріп­тес­тікке кірісе бастаған. Егер бұл ба­ғыт табысты дамыса, ел жаңа буын­­­­дағы жоғары технологиялық экс­­­­портқа шыға алады.

Сарапшылар Қазақстан үшін кадр мәселесі де шешуші рөл ат­қаратынын айтады. Өйткені тек кен өндіретін экономикаға қара­ған­да, материалтану мен жоғары тех­нологиялық өндіріс үшін мүлде басқа деңгейдегі мамандар қажет. Демек, инженерлер, химиктер, энер­гетиктер, дата-сарапшылар мен жасанды интеллект маман­дары­на сұраныс артады. Бұл өз ке­зегінде университеттер мен ғы­лыми орталықтарға жаңа талап қоя­ды. Енді оқу орындары тек дип­лом беретін мекеме емес, өн­діріс пен ғылымды байланыс­тыра­тын орталыққа айналуы тиіс.

Экономистердің айтуынша, Қа­зақстан шикізатқа бай болға­ны­мен, ұзақмерзімді өсім үшін бұл жет­кіліксіз. Соңғы жылдары әлем­де ресурсы көп елдердің өздері қай­та өңдеу мен технологияға қар­жы құя бастады. Себебі кен ор­ны таусылуы мүмкін, ал білім мен технология тұрақты артықшылық береді.

Егер ұсынылған бағдарлама то­лық іске асса, Қазақстан бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізе алады. Біріншіден, отандық өнім­нің қосылған құны өседі. Екін­ші­ден, сыртқы нарыққа тәуелділік азая­ды. Үшіншіден, жоғары жала­қы төленетін жаңа жұмыс орын­дары ашылады. Төртіншіден, ғы­­­­­лым­ның экономикаға нақты пай­­­­­дасы көріне бастайды.

Сарапшылар бұл мүмкіндікті өткізіп алмау керек дейді. Өйткені сирек металдар үшін жаһандық бә­секе күшейіп келеді. Кім тезірек тех­нология жасап, өндіріс тізбегін жолға қойса, болашақ нарықта сол ел үстемдік етеді. Қазақстан үшін таңдау анық: шикізатты бұрын­ғыдай экспорттай беру немесе сол байлықты жаңа экономиканың іргетасына айналдыру. Астанада өт­кен талқылау осы екінші жолға нақ­ты қадам жасалғанын көрсетті.

Кәмила ДҮЙСЕН