Өйткені биржаларда көмірсутек шикізатымен қатар сирек кездесетін металдарға деген сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқаны байқалады. Басты себепші – жасыл энергетикаға құйылған инвестициялар, электр көліктері мен баламалы энергия көздері мен тұрмыстық электрониканың жаппай таралуы. Бұл Мемлекет басшысының да назарынан тыс қалған жоқ. Жақында Қазақстан халқына Жолдауында Президент атап өткен маңызды дүниелердің қатарында тау-кен металлургиясының әлеуетін тиімді пайдалану мәселесі де сөз болды.
«Жаһандық үдерістерге сәйкес, сирек кездесетін металдардың және айрықша қажет басқа да материалдардың маңызы арта түсті. Бұл саладағы әлемдік өндірістер мен сауда-саттықтың жаңа желісінде өз орнын нықтап алуына Қазақстанның толық мүмкіндігі бар», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сөзімізге тұздық болсын. Мысалы, 2025 жылы сирек жер металдары нарығының көлемі 6,4 млрд АҚШ долларына бағаланған. Ал Research Nester сараптама орталығы 2035 жылға қарай бұл нарық 11,68 млрд долларға жетуі ықтимал деген долбар жасайды. Демек, сала 2026–2035 жылдар аралығында орташа есеппен 6,2%-дан асатын өсімге қол жеткізеді, 2026 жылғы көрсеткіш те шамамен 6,76 млрд доллар болмақ.
Сирек кездесетін металдар – Менделеев кестесіндегі он жеті элементтен тұратын ерекше топ. Олардың физикалық-химиялық қасиеттері оларды электроника, магниттер, жасыл энергетика технологиялары, қорғаныс жүйелері сияқты түрлі салада таптырмас компонент етеді. «Бұрындары бұл нарықта баға жиі құбылатын, себебі әлемдік нарықтағы ұсыныстың басым бөлігі Қытайдың бақылауында еді. Қазір технологиялық сектордың дамуына байланысты сұраныс артып келеді, сондықтан баға қолжетімділік пен геосаяси факторларға қарай құбылып отырады», – дейді RN сараптама орталығының сарапшылары.
Расымен де, бұл бағалы элементтер электроника өндірісі үшін, сондай-ақ атом өнеркәсібінде, металлургияда және машина жасауда өте маңызды. Тіпті, мұнай өнеркәсібінде оларды катализатор ретінде қолданады. Кейбір сирек металдар коррозияға және жоғары температураға төзімді қорытпалар жасауға пайдаланылады. Сонымен қатар олар лазерлерді, арнайы әйнектерді, қуатты магниттерді, талшықты-оптикалық кабельдерді өндіру үшін қажет.
Ғарыш аппараттары, турбиналар, дрондар, гибридті көліктер, күн батареялары, қатқыл дискілер, радарлар, навигациялық жүйелер, смартфон экрандары – мұның бәрін сирек кездесетін металдарсыз жасау мүмкін емес.
Көпшілік арасында бұл элементтердің «сирек металдар» деп аталуы олардың жер қыртысында өте аз болуымен байланысты деген жаңсақ пікір бар. Алайда олардың қоры молибден немесе вольфрамнан әлдеқайда көп. Басты себеп – бұл металдардың кен құрамындағы концентрациясы тым төмен, ал өндірістік жолмен игеру жүздеген миллион долларды талап етеді. Сондықтан болар сирек металдарды көбіне сала мамандары «жаңа мұнай» деп атайды. Халықаралық энергетикалық агенттік деректеріне сүйенсек, 2040 жылға қарай бұл элементтерге деген сұраныс үш есе емес, жеті есеге дейін артуы мүмкін.
2035 жылға қарай Азия-Тынық мұхиты аймағы сирек жер металдары нарығының 40%-ын иеленеді деген болжам бар. Бұл көрсеткіш, ең алдымен, электроника мен жасыл энергетика салаларындағы сұраныспен түсіндіріледі. Ал Солтүстік Америка екінші ірі нарыққа айналмақ, оған себеп – технологиялық прогресс пен таза энергияны енгізу. Сегменттер бойынша қарасақ, 2035 жылға қарай жеңіл сирек металдар үлесі 63%-ға жетеді. Себебі электр көліктері мен жел генераторларында қолданылатын жоғары қуатты магниттерге сұраныс қарқынды өсіп отыр. Сондай-ақ электроника сегменті де нарықтың басым бөлігін иеленбек, оған интеллектуалды құрылғылардың жаппай енгізілуі мен микропроцессорлар мен сенсорлар саласындағы инновациялар серпін бермек.
Бүгінде сирек кездесетін металдар өндірісінің шамамен 70%-ын Қытай бақылайды. Осындай қазба қоры бар басқа елдердің қатарында – Аустралия, АҚШ, Ресей, Норвегия, Үндістан, Бразилия, Мьянма бар. Дональд Трамптың Гренландияға деген қызығушылығы да тегін емес: онда скандий мен иттрийдің ірі кен орындары бар.
Алайда кен қорының болуы бұл елдердің барлығы оларды өз бетінше игеріп жатыр деген сөз емес. Мысалы, Ресейде сирек кездесетін 28,7 млн тонна қоры бар, бірақ оны өндіретін қуат аз. АҚШ толықтай иттрий мен скандийді импорттайды, ал ЕО сирек кездесетін металдардың 98%-ын Қытайдан алады. Үндістанда да қор бар, бірақ өндіруде қиындықтар кездеседі.
Нәтижесінде, сирек кездесетін металдарды өндіруде алдыңғы орында тұрғандар: Қытай, АҚШ, Мьянма, Аустралия, Таиланд. 2024 жылдың екінші жартысындағы жағдай бойынша әлемдік нарыққа негізгі жеткізушілердің бестігі: Қытай, Малайзия, АҚШ, Жапония, Франция. Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан сирек кездесетін элементтердің әлеуеті бойынша бірінші орында. Өзбекстан мен Қырғызстанда да қорлар бар, бірақ Қазақстанның барланған қоры осы екі елдің қосындысына шамалас.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша, Қазақстан металлургиясында сирек және сирек кездесетін металдардың үлесі қазір небәрі 2,4% ғана. 2018 жылдан бері бұл саланы дамыту үшін мемлекет 67 млрд теңге қаржы бөліп отыр.
Бүгінде ел аумағында кең көлемді геологиялық зерттеу жүріп жатыр. Жалпы, көлемі 100 мың шаршы шақырым болатын 25 учаске зерттелуде. 2024 жылы болашағы зор 38 қатты пайдалы қазба учаскесі анықталды. Барлау жұмыстарының аумағы 2025 жылы 2 млн шаршы шақырымнан асса, 2026 жылы 2,2 млн шаршы шақырымға жетуі жоспарланып отыр.
Қазір Қазақстанда бериллий, тантал, ниобий, скандий, титан, рений, осмий сияқты металдар өндіріледі. Сонымен қатар өндіріс кезінде қосымша висмут, сурьма, селен және теллур алынады. Бұдан бөлек, галлий мен индийді алудың да технологиясы бар.
Алдағы жылдары бұл саланың дамуына үлкен үміт бар. Әсіресе, батарея жасауға арналған материалдар өндірісі, ыстыққа төзімді қорытпалар, жартылай өткізгіштер және тұрақты магниттерді қайта өңдеу бағыттары ерекше маңызды болмақ.
Алайда бұл салада өндіріс пен қайта өңдеу экологияға елеулі әсерін тигізіп, тұрақты даму тұрғысынан алаңдаушылық тудырып отыр. Сондықтан көптеген ел экологиялық нормаларды жетілдіруге және жауапты өндіріс әдістерін енгізуге күш салуда. Сонымен бірге сирек жер элементтерінің геосаяси маңызы жоғары: мемлекеттер экспортқа шектеу қойып немесе баж салығын саяси құрал ретінде пайдаланып, әлемдік жеткізілім тізбегіне және бағаға ықпал ете алады.
Сирек кездесетін металдар мен жаңа қазба орындарын игеру алдағы жылдары Қазақстанға мұнайға ғана емес, уранға тәуелділікті азайтып, жоғары технологиялы экспорттың құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, соңғы үш жылда Қазақстан экспортының жоғары технологиялы тауарлардағы қарқыны айтарлықтай өзгерген. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылы бар болғаны 2,5 млрд долларды құраған көрсеткіш 2024 жылы 7,3 млрд долларға жетіп, үш есеге жуық өскен. Дегенмен нақты көлемінің өсімі бар болғаны 9,7% ғана, ал экспорттың артуына негізгі фактор әлемдік нарықта бағаның күрт қымбаттауы және Қазақстаннан қайта экспортталатын күрделі техникалық құрылғылардың жаңа бағыттарға жол тартуы еді. Әсіресе, 2022 жылы геосаяси шиеленіс күшейген тұста реэкспорт көлемі ерекше ұлғайған.
«Жоғары технологиялы экспорттың көшбасшысы бұрынғыша уран мен оның қосындылары болып қала берді. 2024 жылы бұл өнімдердің үлесі жалпы көлемнің 62,7%-ын құрап, 4,6 млрд долларға тең болды. 2021 жылмен салыстырғанда табыс 2,6 есеге артса, нақты көлем бар болғаны 16,7%-ға өсті. Мұндағы басты фактор – бағаның өсуі. Сала медиа деректеріне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы жартысында табиғи уранның спот бағасы 73%-ға көтерілді. Ұзақмерзімді келісімшарттар бойынша да баға тұрақты өсім көрсетті», – дейді Finprom орталығының сарапшылары.
Дегенмен қазақстандық экспорт құрылымындағы басымдық әлі де шикізатта. 2024 жылы оның үлесі 63,3%-ға жетсе, төмен деңгейлі қайта өңделген тауарлар – 15,5%, ал жоғары деңгейлі өнімдер үшінші орынмен шектелді.
Демек, Қазақстанның алдағы экономикалық бағыты экспорттық шикізат өнімдерінің құнының өсіміне ғана арқа сүйемей, сирек кездесетін металдар өндірісін кеңейту арқылы жоғары технологиялы өнімдер үлесін арттыруға бағытталуға тиіс. Бұл қадам жаһандық нарықтағы жаңа мүмкіндіктерді игеріп қана қоймай, ұлттық экономиканы ұзақмерзімді тұрақтылыққа жеткізеді.
Кәмила ДҮЙСЕН