in

Реформалардың мәні – әділетті қоғам құру

Биылғы Жолдау бұрынғыдан өзгеше. Президентіміз уақыт ағымынан қалмай, заманауи талаптарға жауап беретін бастамаларды ұсынды. Атап айтсақ, жасанды интеллектіге ерекше мән беру керек екенін, Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналатынын, Үкімет Digital Qazaqstan атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейтінін және ел экономикасын дамытуға арналған ұтымды жоспарлар айтылды. Осы орайда біз «Алаң» айдарында Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттарының пікірін сұрап, Жолдаудағы жаңашыл бастамалардың мәні мен ел дамуына қосар үлесін талқыладық.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатынын мәлімдеді. Қазір жасанды интеллектіні пайдаланып, аса қауіпті қару жасайтындар да пайда болуда. Ендеше жасанды интеллектіге баса мән беру заман талабы ма? 

Нұртөре ЖҮСІП, 

Сенат депутаты: 

– Мемлекет басшысының халыққа Жолдауының басынан аяғына дейін ең жиі айтылған сөз «жасанды интеллект» болды десем, қателесе қоймаспын. Бұл туралы өз Жолдауында Мемлекет басшысы барынша кеңінен баяндады. «Жаңа министрлікті Премьер-Минис­трдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек», – деді Президент. Осы саладағы әлеуеттің бәрі Қазақстанның жаңа Ұлттық цифрлық даму стратегиясына біріктіріледі. Қазақстан жаңа технологияларды дамыту мен енгізуде кешенді әрі жүйелі шешімдер қабылдаған әлемдегі алғашқы елдердің бірі. Сондықтан Қазақстан болашақта технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет деңгейіне жетуді басты мұрат етеді.

Шын мәнінде, қазір бүкіл әлем жасанды интеллектінің игілігін пайдалануға ұмтылып жатыр. Жақында Қытай Халық Республикасына жасаған сапарында Мемлекет басшысы көрші елдегі даму үдерісіне қатты мән берген сияқты. Бұған дейін де жасанды интеллектіні дұрыс пайдалану жөнінде бірнеше рет айтқаны есімізде. Осы тұрғыдан алғанда жасанды интеллекті деген нәрсе заман талабына да, адам талабына да толық айналғанын байқаймыз.

Рас, бұл саланың жақсы жағы да, сонымен қатар кейбір қатерлі тұстары да бар. Өзіңіз айтып отырған қауіпті қару жасау мәселесі де ескеруге тұрады. Алайда «шегірткеден қорыққан егін екпес» дегендей, қорқып, үркіп отыруға болмайды. Әлем жаппай ұмтылып жатқанда, біздің ел қол қусырып қалмауы тиіс.

Жолдаудың өзекті тұстарының нақты осы мәселеге арналғаны Қазақстан үшін аса маңызды екенін көрсетсе керек. Мемлекет басшысы «Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналуы тиіс», – деп нақты меже белгілеп те берді.

Ерлан САИРОВ,

Мәжіліс депутаты: 

– Адамзаттың экономикалық дамуына қарайтын болсақ, әрбір кезеңнің, әрбір ғасырдың өзінің экономикалық даму тенденциясы бар. Мысалы, ХІХ ғасырда Англияда паровоздар дамыды, зауыттар құрылысы басталды. Міне, жаңа транспорт көлігі пайда болып, өндіріс орындары ашылған кезде көптеген ағылшындар зауыттан қорқып, оның құрал-жабдықтарын қасақана сындырды. Дегенмен де ХІХ ғасыр бүкіл Еуропа үшін өнеркәсіптік төңкеріс ғасыры болды. Сол сияқты ХХ ғасырға аяқ басқан кезде, 30-40 жылдары электроника қолданысқа енген тұста адамдар одан да қорықты. Дегенмен қазір барлығымыз тұрмыста радиоэлектроника құрылғыларын пайдаланып жүрміз. Енді ХХІ ғасырдың негізгі тенденциясы – жасанды интеллект пен цифрлы техология. Біз бұл технологиялардан қорықпай, керісінше игеруге барлық күш жігерімізді салуымыз керек. Егер біз бұл процеске дер кезінде қосылмасақ, адамзат тарихынан шет қаламыз. Цифрлық даму мен жасанды ителлекті пайдалану арқылы экономиканы дамытып, Қазақстанның әлеуетін арттыруға барлығымыз күш салуымыз қажет. Сондықтан мен Президентіміздің Жасанды интеллект туралы көтерген бастамаларын толық қолдаймын. 

Нұртай САБИЛЬЯНОВ, 

Мәжіліс депутаты:

– Жасанды интеллект мәселесіне келетін болсақ, бір жылға жуық жасанды интеллект туралы заң жобасын талқылап жатырмыз. Ол депутаттардың бастамасымен әзірленді. Заң жобасын талқылауға депутаттармен қатар, қоғамдық бірлестіктердің белсенділері мен сарапшылар, шетелдік мамандар қатысты. Жаксыратын жоқ, заң жобасына әлемдік тәжірибені алып жатырмыз. Өйткені әлемдік тәжірибеде жасанды интеллект туралы заң бар.

Біздің қарап отырған заңымыздың бір ерекшелігі – мемлекеттік органдарға қойылатын талап қатаң ескеріледі. Мә­се­лен, ЖИ-ді қалай пайдалану керек? Құ­пия материалдар қалай қорғалуы керек, ең бастысы, азаматтардың қауіпсіздігі, қоғамның қауіпсіздігін, жеке деректердің рұқсатсыз жарияланбау мә­селесінің барлығын қамтамасыз етуіміз керек. Сондай-ақ жасанды интеллект тек қана ақпарат саласында ғана емес, өндіріс саласында да, өнеркәсіп саласында да, экономика да, жалпы барлық салада қолданатын болғандықтан, оның нақты қолдану тәртібі енгізілетін болады. ЖИ-ді қолдану бір заң аясында қалып қоймайды, оны біз жетілдіре береміз. Өйткені технология, цифрлан­дыру дамып жатыр. Сондықтан да жасанды интеллект туралы заңмен қатар Цифрландыру кодексін де заң жобасы ретінде әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, Цифрландыру кодексін де қабылдайтын боламыз.

– Экономикамыз бен әлеуетімізді арттырамыз десек, жоғары білімді мамандарды өз елімізде ұстап қалуымыз керек. Тіпті, шетелден маман тарту мәселесін де қолға алу қажет екені кешегі Жолдауда айтылды. Әрине, ол үшін еліміздегі еңбек нарығы бәсекеге қабілетті, жалақы жоғары болуы керек емес пе? 

Нұртөре ЖҮСІП: 

– Әлбетте, бұл салаға біріншіден мықты кадрлар керек. Олардың жала­қы­сы да жоғары болуға тиіс. Қазір жастардың арасында «жақсы жұмыс пен жоғары жалақы алу үшін шетелге кету керек» деген пиғыл қалыптасып үлгерген. Бұл шынайы отаншылдықтың белгісі емес. Президент «өскелең ұрпақтың бойындағы патриотизм – болашаққа деген шынайы ұмтылыс. Бұл – қоғам санасында болып жатқан өзгерістің айқын көрінісі. Мен мұны толығымен қолдаймын. Жастардың күш-жігеріне, олардың дарыны мен біліміне сенемін», – деді. «Біз кеше кім болғанымызды ұмытпаймыз. Төл тарихымызға құрметпен қарай­мыз. Ал келешекте кім болатынымыз тек қана өз қолымызда екенін жақсы тү­сінеміз. Сондықтан ғылым-білімге ұм­тылған, елін-жерін көркейтуді ойлаған жастарға әрдайым жан-жақты қолдау көрсете береміз. Біз қолға алған ауқымды жұмыстың бәрі жастардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Өскелең ұрпақ ертең соның игілігін көреді, оны еселеп, лайықты жалғастырады», – деп ойын түйіндеді.

Абайдың «Бірлік – ақылға бірлік» деген сөзі бар. Қазақтың жастары таза ақылға бірлесетін кезең келді.

Президент қазір жер жүзінде болып жатқан түбегейлі өзгерістерге жастар тез бейімделетіндігін, соның ішінде жасанды интеллектінің жаңа дәуірдегі орны ерекше екенін айтты. «Хакім Абай: «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп айтқан. Бұл нақыл сөзге Мемлекет басшысы ретінде қосарым: Өркениетті әрі озық елдің заңы – әділ, билігі – білікті, ал азаматтары саналы және белсенді болары хақ. Мемлекет деңгейінде қабылданған әрбір шешімнің мән-маңызы, ең алдымен, халықтың тұрмысын жақсарту, экономиканы тұрақтандырып, әлеуметтік әділдік орнату үшін жасалған нақты істермен өлшенуге тиіс. Сонда біз жаңа тұрпатты, мықты ел боламыз. Қазақстан жан-жақты, түбегейлі реформалардың арқасында дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Алда қарқынды жұмыс күтіп тұр. Біз бағдарымыздан айнымай, тек алға қадам басуымыз керек», – деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ерлан САИРОВ: 

– Бүгінде Қазақстанның экономи­ка­сы жақсы көрсеткіштер көрсетіп отыр. Қазір Жалпы ішкі өнімнің дамуы – 6,3 пайыз. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Қа­зақ­стан үшін соңғы он жылдағы ең жоғарғы деңгей. Бірақ ЖІӨ-ні ары қарай өсіру үшін еңбек ресурстары қажет. Бүгін қай саланы алып қарасақ та, еңбек ре­сурстары тапшы. Өнеркәсіп, ауылшаруашылық саласы болсын мықты мамандар жетіспейді. Сондықтан Жолдауда Мемлекет басшысы еңбек ресурстарын рационалды пайдаланып, елімізге жоғары әлеуеті бар мамандарды әкелу мәселесін қозғады. Бұл – өте дұрыс және уақытында айтылған шешім. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту туралы да айтты. «Қолданбалы ауыл шаруа­шылығы ғылымын жедел өркендетпейінше, агроөнеркәсіп кешенін ұзақ уақыт бойы қарқынды дамыту мүмкін емес. Бірақ бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр. Ауыл шаруашылығы ғылымын дамытудың нақты жоспары қажет. Бұл құжат цифрлық технологияларды қолдануға және осы саланың өнімділігін едәуір арттыруға арналған жоспар болуға тиіс», – деді Президентіміз Жолдауда.

Ал ауыл шаруашылығындағы ең негізгі проблема – еңбек ресурстарының жетпеуі. Мұны осы саламен айналысып жүрген кәсіпкерлер де айтып жүр. Сондықтан біз еңбек ресурстарын жоспарлап, оны дұрыс бағытта қолдану үшін нақты қадамдар жасауымыз қажет. Мемлекет басшысы бұл жөнінде Үкіметке нақты тапсырма берді. 

Нұртай САБИЛЬЯНОВ:

– Басты мәселе экономиканы дамытуға бағытталуы керек. Экономиканы дамыту арқылы халықтың жағдайын жақсартамыз. Өзіміздің өнеркәсіпті дамыту арқылы өңдеу өнеркәсібін өркендетеміз, өз өнімдерімізді өндіру арқылы қымбатшылықты азайтамыз. Ол үшін кәсіпкерлік субектілеріне жеңілдітілген несие беруді қамтамасыз етуіміз керек. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеймін деген азаматтарға несиенің пайызы тө­мен болуы керек. Жұмыс орнын ашамын деген азаматтарға қолдау болу қажет. Осы мақсатта, біз, заңдарға өзгерістер енгіземіз. Сол арқылы жағдай жасаймыз деп ойлаймын. 

Қаражаттың көбі – банктерде. Бірақ банктің беріп жатқан несиесі 20 пайыз­дан асып кетеді. Онымен өнеркәсіп те, бизнес те дамымайды. Сондықтан Президент инвестиция тарту арқылы, жалпы шетелдік болсын, өзіміздің қазақ азаматтары бар солардан инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуды тапсырды. Менің ойымша, бұл орындалады, өйткені осыған байланыс­ты тиісті заңдарға өзгерістер енгізіледі, жеңілдіктер қарастырылады.

Ал банктер экономиканы дамытуға ешқандай атсалыспай отыр. Олар несиені 20-21 пайызбен береді. Олардың пайызын төмендету үшін мемлекет Даму қоры арқылы банктерге жылына 300 миллиардқа жуық қаражат төлейді. Банктерді субсидиялауды тоқтатуымыз керек. Жалпы банктерді экономикаға жұмыс істетуге байланысты заң қабылдауымыз керек. Осыған байланысты жылдың аяғына дейін банктер туралы жаңа заң қабылданатын болады. Онда банктерге қойылатын талапты күшейтеміз және егер экономикаға жұмыс істеймін десе, 10-12 пайызбен несие беремін десе, оларды қолдауға болады.

Олар қазір халықтан 15 пайыз депозит алады, оны алады да тұтынушы депозиті ретінде 25-30 пайыз, 46 пайызға дейін өзіміздің азаматтарға қайта береді. Бұл үрдісті тоқтатпайтын болсақ, онда халық қарызын ешқашан қайтара алмайды, экономика дамымайды.

– Мемлекет басшысы алдағы уақытта Қазақстанда бір палаталы Парламент құру мәселесін қоғамдық талқылауға шығаруды ұсынды. Жалпы демократия деңгейі жоғары, экономикасы дамыған көптеген елдерде бұл үрдіс бұрыннан бар. Ал жаңа саяси бастама Қазақстанның болашағына қалай әсер етеді? 

Нұртөре ЖҮСІП: 

– Жолдауда Президент Парламент реформасы туралы мәлімдеді. Президенттің айтуынша, егер бәріміз бір палаталы Парламент құру қажеттігі жөнінде ортақ шешімге келсек, мұндай Парламентті, менің ойымша, тек партиялық тізім бойынша сайлау ке­рек. Бұл дүниежүзінде кең тараған пар­ламенттік дәстүрге сәйкес келеді. 

Қазіргі Мәжіліс құрамы өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін заң шығару үдерісімен алаңсыз айналысу мүмкіндігіне ие болады. Ал Сенат жалпыұлттық референдум қорытындылары шығарылып, жаңа пар­ламенттік сайлау өткенге дейін жұмысын жалғастыра береді. Өз кезегінде саяси партиялардың алдағы қызу бәсекеге мұқият дайындалуына уақыт болады. Әрине, депутаттар нағыз мемлекетшіл ретінде бұл мәселеге жа­уапкершілікпен әрі түсіністікпен қарай­ды.

Бұл жерде бірден ашық айтатын нәрсе – біз мемлекетшіл болуымыз қажет. Мемлекеттің алдағы дамуында осындай бір палаталы Парламент керек болса, ол пәрменді және нәтижелі жұмыс істесе, заман ыңғайына қарай еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосса, Мемлекет басшысының шешімін неге құптамасқа? 

Ел мен халық тағдыры туралы мәселе қозғалғанда ашық саясат ұстану керек. Мұндай ауқымды реформаны қоғамнан жасыруға болмайды. Осындай тарихи маңызы бар мәселелер бойынша халықпен ашық диалог жүргізу қажет деп сенемін. Сонда ғана ортақ күш-жігерімізбен Әділетті әрі Күшті Қазақстан құру жолында алға жылжимыз. Осы сөз – дұрыс сөз!

Ерлан САИРОВ: 

– Бір палаталы Парламент жөнінде мәселе бұрыннан айтылып жүрген. Кезінде Сенатты тарату жөніндегі мәселені біз де айтқанбыз. Өйткені Қазақстан – унитарлы мемлекет. Ал біртұтас елге бір палаталы Парламент қажет. Бүкіл заңды қабылдау және оларды бақылау тетігі бір жерге шоғырланады. Бұл өте дұрыс. Сонымен қатар, Парламентке тек қана партиялық тізіммен өткізу жөнінде ұсыныс болды. Мұны да дұрыс шешім деп ойлаймын. Өйткені бұл қадам Қазақстандағы партиялардың рөлін арттырып, өз араларында бәсекелестіктің күшеюіне әкеледі. Сонымен бірге, азаматтардың партиямен қарым-қатынастары нығайып, партия еліміздің сая­си құралдарының бірі ретінде дамиды. Бұл да халықаралық стандарттарға сай уақытылы айтылған мәселе. Қазір гео­саяси жағдай өте күрделі. Сондықтан саяси процестердің барлығы бір жерде шоғырланғаны дұрыс. Себебі еліміздің негізгі мәселесі – территориялық тұтас­тығы мен Қазақстанның тәуелсіздігін сақтап қалу. 

Нұртай САБИЛЬЯНОВ:

– Бір палаталы жаңа Парламенттің жасақталуы партиялық институттардың, партиялардың дамуына зор үлес қосады. Бұл – өте маңызды және заманауи қадам. Өйткені әлемдегі дамушы мемлекеттердің барлығы бірінші кезекте осындай институттар арқылы өз жұмысын дамытады. Бұл бастама әртүрлі деңгейде бір жыл бойы талқыланады. Жүзеге асыру 2027 жылға дейінгі кезеңде жоспарланып отыр. Жалпы, мұны референдум арқылы халық шешетін болады.

Өзім толық қолдаймын. Осы арқылы Парламентке де білікті, білімді, тәжірибелі, шынайы жұмыс істейтін, жемқорлығы жоқ, таза адамдар келеді деп ойлаймын.

Дайындағандар 

Көктем ҚАРҚЫН, 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ