Financial Times басылымының талдауына сүйенген Aikyn.kz америкалық экономиканың түйткілдерін түсіндіреді.
Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімінің 20 айында АҚШ экономикасында қарама-қайшы ахуал қалыптасты. Сайлау кезінде бағаны төмендетіп, мемлекеттік қарызды азайтуға берген уәдесін президент орындай алмай отыр. Салықтық жеңілдіктер алынып тасталды, бюджет шығындары өсті, мемлекеттік қарыз рекордтық деңгейге жетті. Қарапайым халық жанармайдың қымбаттауына, ипотекалық несиелердің жоғары пайыздық мөлшерлемесіне наразылық білдіруде.
АҚШ-тың мемлекеттік қарызы алғаш рет 40 трлн долларға жетті. Соңғы 20 жылда мемлекеттік қарыз 5 есе өскен. 2006 жылы – 8 трлн доллар, 2017 жылы – 20 трлн доллар, 2022 жылы – 30 трлн доллар және 2026 жылы – 40 трлн доллар.
2025 қаржы жылында бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 5,8%-ын құрады. KPMG US бас экономисі Дайан Суонк: «Біз көп қаражат жұмсау үрдісін жалғастырып келеміз. Ал соғыс шығындарды одан әрі арттырды», – дейді.
Қарыз көлемінің өсуі инвесторлардың алаңдаушылығын күшейтіп, ұзақмерзімді АҚШ мемлекеттік облигацияларының кірістілігін 19 жылдағы ең жоғары деңгейге көтерді. Облигациялардың кірістілігінің өсуі долларға деген сенімді азайтатыны белгілі.
Экономикадағы бұндай ауыр жағдайды Иранмен соғыс және оның энергетикалық салдарын тым күшейтіп жіберді. Соғыс басталғалы АҚШ-та бензин 40%-ға қымбаттап, бір литрі 1,34 долларға (520 теңге) жетті. Тауар тасымалында шешуші рөл атқаратын дизель отынының бағасы 1,5 долларға (682 теңге) дейін көтерілді.
Тұрғын үй нарығында да қысым күшейді. 30 жылдық ипотеканың орташа мөлшерлемесі соғысқа дейінгі 5,98%-дан 6,65%-ға көтерілді. Тұтынушылық инфляция мамырдағы 4,2%-дан шілдеде 3,4%-ға төмендегенімен, әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Ал 2026 жылдың екінші тоқсанындағы жылдық экономикалық өсім небәрі 1,5%-ды құрады.Ормуз бұғазы арқылы тәулігіне 20 млн баррель болатын Таяу Шығыс мұнайының тасымалы соғыстың салдарынан тоқтатылып, АҚШ-тағы өндірістің өсімін іс жүзінде жоққа шығарды.
Президент Трамп АҚШ экономикасы «өркендеп жатыр» деп, қор нарығындағы рекордтық көрсеткіштерді алға тартады.
Экономикалық белсенділікті тұтынушылық шығындар мен технологиялық корпорациялардың ЖИ инфрақұрылымына салған миллиардтаған инвестициялары ғана күшейтіп отырғанын сарапшылар жақсы түсінеді.
Қаржы министрі Скотт Бессент «экономикалық өсім арқылы қарыз шұңқырынан шығуға» әлі де мүмкіндік бар дейді. Бірақ қарыз, инфляция, қымбат несие мен энергия бағасының қатар өсуі Трамп әкімшілігінің экономикалық саясатына түсетін қысымды күшейтті. Қарашадағы аралық сайлау (Midterm Elections) қарсаңында Ақ үй басшысының беделі үлкен саяси тәуекелге айналып отыр.