in

Осы күні бәрінен баға қымбат

Бір кездері күнделікті өмірдің бөлігіне айналған түскі ас пен отбасылық кешкі ас бүгінде қалтаға айтарлықтай салмақ түсіретін шығынға айналды. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері бойынша, қоғамдық тамақтану қызметтерінің бағасы бір айдың ішінде тағы да өсіп, жылдық көрсеткіш бойынша жоғары деңгейге жеткенін көрсетті. 

Маусым айында қазақстандықтар мейрамханалар мен дәмханаларды аралауға тағы да көбірек ақша жұмсауға мәжбүр болды. ҚР ASPiR Ұлттық статистика бюросының (БНС) мәліметтері бойынша, қоғамдық тамақтандыру қызметтерінің құны бір айдың ішінде 1,6%-ға, ал бір жылда 13,2%-ға өсіп кеткен. Ең көп қымбаттаған асханалардағы түскі ас саналып отыр. Бар болғаны бір айдың ішінде баға 2,2%-ға көтерілген. Одан кейін мейрамханалар – 2,1%, ал фаст-фуд орындары 1,7%-ға қымбаттады. Жылдық көрсеткішке қарасақ, көш бастап тұрған  – асханалар. Бір жылдың ішінде олардың қызмет бағасы 16,9%-ға артқан. Мейрамханалардағы түскі ас –12,7%-ға, ал фаст-фуд мәзірі 13%-ға қымбаттап отыр.

Өңірлердегі жағдай әркелкі

Бағаның көтерілуі елдің барлық айма­ғында бірдей емес. Кейбір өңірлерде қымбатшылық қатты сезілсе, енді бірінде баға мүлде өзгерген де жоқ. 

Маусым айында Астанадағы дәмханалар мен мейрамханалар ең көп қымбаттады: бір айда бірден 4,3%-ға өскен. Одан кейінгі орында Маңғыстау облысы 4,1 па­йызбен тұр. Ал үшінші орынға Ұлытау облысы шықты, мұнда өсім 3,1%-ды құрады.

Керісінше, Солтүстік Қазақстан облысында жағдай тұрақты болды: бағалар небәрі 0,1%-ға ғана көтерілген. Бір қызығы, Қазақстан Республикасының 20 өңірінің 7-інде маусым айында қоғамдық тамақтану қызметтерінің бағасы өткен айдың деңгейінде сақталып, мүлде өзгерген жоқ.

Ал егер жылдық көрсеткішке көз жүгіртсек, Қарағанды облысы көш басында тұр. Мұнда бір жылда қоғамдық тамақтану қызметі 23%-ға қымбаттап кеткен. Екінші орында – Маңғыстау (21,6%), үшінші орында – Батыс Қазақстан облысы (20%).

Ең баяу қымбаттаған өңірлер де бар. Мәселен, Ақмолада баға бір жылда бар болғаны 2,9%-ға ғана өсті. Ал Алматы қаласында – 4,7%, Атырауда – 5,8%.

Астанадағы Mamyr мейрамханасының басқарушысы Темірлан Қажкеновтің айтуынша, мейрамханалардағы бағаның өсуі елдегі экономикаға тікелей байланысты.

– Иә, соңғы бір жылда біз де бағаны көтеруге мәжбүр болдық. Орташа есеппен мәзір 10-12%-ға қымбаттады. Негізгі себептердің бірі ретінде азық-түлік бағасының шарықтауы деп айта аламыз. Ет, көкөніс, сүт өнімдері, тіпті ұн мен майдың өзі айтарлықтай өсті. Бұған қоса, жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдер де өсіп отыр. Біз бағаны ұстап тұруға барынша тырыстық, бірақ шығындардың артуы кәсіпкерлерді амалсыз қадамға итермелейді. Оның үстіне, қызметкерлердің еңбекақысын көтеруге де тура келді, – дейді Темірлан Қажкенов.

Көршілес елдердегі ахуал

Сарапшылардың айтуынша, ТМД-ғы басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда мейрамхана мен дәмхана қызметінің құны орташа деңгейде. Олар әлемдік бренд саналатын McDonald’s фаст-фуд орталығының бағасымен салыстыра отырып есептеген.

Осылайша, 2025 жылдың 28 шілдесіндегі деректерге сәйкес, McDonald’s-тегі McMeal комбосының орташа бағасы 6,07 АҚШ долларын құрайды. Америка Құрама Штаттарында орташа деңгейдегі мейрамханада екі адамға арналған үш тағам шамамен 27,61 АҚШ долларын құрайды, ал бағасы арзан мейрамханада тамақтану 7,36 АҚШ долларын құрайды. Осы көрсеткіштерге қарап, Қазақстан McDonald’s фаст-фуд орталығы және арзан мейрамханадағы түскі астың құны бойынша ТМД-да он елдің ішінде бесінші орынға тұрақтаған. Ал орташа бағадағы мейрамханада екі адамға арналған түскі ас бағасы бойынша үшінші орында тұрмыз.

McDonald’s және арзан мейрамханалардағы тағамның ең төменгі бағасы Өзбекстанда, ал орта деңгейдегі мейрамханада екі адамға арналған ең қолжетімді тағам Тәжікстанда тіркелген. Сондақ-ай McDonald’s-тегі ең қымбат комбо саналатын McMeal-ды Тәжікстаннан таба аласыз.

– Әрине, бағаның көтерілуі клиенттердің қалтасына әсер етпей қоймады. Бұрынғыдай жиі келетіндер азайды. Дегенмен біз шамадан тыс көтерген жоқпыз, сондықтан тұрақты қонақтарымызды сақтап қала алдық. Мысалы, соңғы бір жылда келушілер саны шамамен 7%-ға азайды. Бірақ сонымен бірге орташа чек 12%-ға өсті. Яғни, адамдар бұрынғыдай жиі келмесе де, келген кезде көбірек тапсырыс береді. Сол себепті жалпы табысымыз әзірге тұрақты деңгейде қалып отыр, – дейді Темірлан Қажкенов.

Шарықтаған бағалар

Қазақстанда тұрғындардың мейрамханалар, дәмханалар және осыған ұқсас мекемелерге жұмсайтын шығындары жаға ұстатарлық. Биылғы  бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, қоғамдық тамақтану орындарын аралауға жұмсалған орташа шығын 8,1 мың теңгеге жеткен, бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13,4%-ға артық.

Шығындар бойынша көш басына Қызылорда облысы шықты, жергілікті тұрғындар мейрамханалар мен дәмханаларға орта есеппен 18,5 мың теңге қалдырған. Шығындардың жылдық өсімі – 27,9%. Сонымен қатар облыс тұрғындары қоғамдық тамақтандыру орындарына баруға орташа қазақстандық отбасымен салыстырғанда 2,3 есеге жуық көп ақша жұмсаған. Одан кейін­гі орында – Астана (18,5 мың теңге) мен Алматы (12,6 мың теңге). Ал ең аз шығын Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды.

Осы ретте, қарапайым тұрғындар мейрамханалар мен дәмханаларға бару бүгінде бұрынғыдай қолжетімді емес екенін айтты:

– Бұрын айына екі-үш рет отбасымыз­бен мейрамханаға барып, бірге ас ішуді әдетке айналдырған едік. Қазір бағасы қатты қымбаттап кетті. Бір рет барғанның өзінде ең аз дегенде 15-20 мың теңге жұмсалады. Бұл қарапайым отбасылық бюджетке ауыр соққы. Сондықтан соңғы кезде көбіне үйде тамақ дайындап, дастарқан басында жиналғанды жөн көреміз. Тіпті, асханалардың өзі қалтаға салмақ түсіре бастады, – дейді қала тұрғыны Айгүл Әбдірахманова.

 

P.S. Осы күні баға шарықтап кетті. Бүйте берсе, мейрамхана мен асханадан ас ішу де мұң болатын түрі бар. Кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерді де түсінуге болар: нарық заңына көнбеске шара жоқ. Сол себепті де, олар алтын аралықты ұстап қалу үшін тырысатыны анық. 

Ал сіз асты қайдан ішкенді қалайсыз?

Әсет ҚАЛИ