Жалғыз кәсіпорынға күні қараған шаһарлардың тағдыры әртүрлі қалыптасты: бірі жаңа заманның ағымына ілесіп өрлеу жолына түссе, кейбірі әрі қарай тоқырау тұңғиығына батып, ахуалы ауырлай түсті. Олқылықтың орнын толтырып, өңірлерге соны серпін беру үшін Үкімет жаңа шараларды қолға алды. Бұл өзгерістер моноқалалардың түтінін түзу ұшырып, өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтере ала ма?
Өз Жолдауларында Мемлекет басшысы моноқалалар мәселесіне үнемі жеке тоқталады. Мысалы, 2024 жылғы Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев алып өндірістің арқасында ғана тіршілігін болашаққа жалғап жатқан қалаларды заман талабына сай жаңғыртудың жолын нұсқады.
– Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет. Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек, – деп тапсырды Президент.
Бұл тапсырма қаншалықты орындалды? Үкімет шағын шаһарлардың экономикасын сәтті диверсификациялаудың мысалы ретінде Қарағанды облысындағы Саран (Сораң) қаласында автокөлік шиналарын шығару өндірісінің іске қосылуын алға тартты. Осының арқасында ол моноқалалар санатынан құтылыпты. Сондықтан бұл тәжірибені жаңа өсу нүктелерін құру үшін басқа өңірлерде де қолдану қарастырылған.
Сондай-ақ Сарандағы негізгі жобалардың қатарында теледидар және кіржуғыш машиналар шығаратын зауыт та аталып жүр. Silk Road Electronics тұрмыстық техника зауытында өндіріс жұмыстары 2025 жылдың 18 тамызында басталды. Жыл соңына дейін 10 мың теледидар мен 25 мың кіржуғыш машина шығарылыпты. Кәсіпорын толық қуатқа шыққан кезде жылына 150 мың теледидар мен 200 мың кіржуғыш құрастыруға қауқарлы. Онда SmartThings экожүйесін (ЖИ элементтері және қашықтан басқару функцияларын) қолдайтын кіржуғыштың 17 түрі жасалады. Бұл – қазақша интерфейсі бар осындай алғашқы техника. Мұның сыртында Crystal UHD 4K, FHD және HD форматтарындағы Smart TV теледидарларының 21 моделі өндіріледі.
Аспанмен қайта қауышқан Арқалық
Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі соңғы Жолдауында Арқалықтың әуежайын қалпына келтіру жұмыстарын тезірек аяқтауды, тұтастай алғанда, Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуын айрықша назарда ұстауды Үкіметке қадап тапсырды. Президент қойған бұл міндет орындалды. Өткен апта соңында, араға 33 жыл салып, Арқалық әуежайы қайта ашылды. Оның әуе қақпасы 2026 жылдың 22 тамызында елордадан ұшқан алғашқы жолаушылар рейсін қабылдады.
Әуежайды қалпына келтіру жұмыстары 2025 жылы басталып, оған жалпы құны 20,4 миллиард теңге жұмсалған. Құрылыс барысында қираған әуежайы және басқа инфрақұрылымы толығымен жаңартылып, жаңа жолаушылар терминалы, заманауи ұшу-қону жолағы, диспетчерлік мұнара және құтқару стансасы салынды. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы Арқалыққа AYK кодын қайтарды. SCAT әуе компаниясы CRJ200 ұшақтарымен тұрақты рейстерді бастап та кетті.
Үкіметте өңірлерді дамытуға жауап беретін тұлға, вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қостанай облысының Арқалық қаласын және Торғай өңірін әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданғанын жеткізді. Үшжылдық жоспар 10 негізгі бағыт бойынша 51 іс-шараны қамтиды.
Жоспарда агроөнеркәсіптік кешенді, оның ішінде мал шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, сондай-ақ кәсіпкерлік және инвестициялық белсенділікті қолдауға ерекше назар аударылды. Арқалық қаласында бірқатар ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Олардың ішінде 6 мың бас ірі қара малға модульдік репродуктор құру, желатин және биоактивті сүйек матрицасын шығаратын зауыт салу, 10 мың бас қой үшін мал шаруашылығы кешенін, 6 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу. Бұдан басқа, құрамажем зауытын пайдалануға беру, қуаттылығы жылына 300 млн жұмыртқа шығаратын құс фабрикасын кеңейту және жаңғырту жоспарланған.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов 2026 жылға жалпы сомасы 78,4 млрд теңгеге 33 іс-шараны іске асыру көзделгенін хабарлады. «Барлығы жоспарлы мерзімде іске асуы үшін қажеттінің бәрін жасаймыз. Осы жылы облыстық бюджеттен 8,8 млрд теңге бөлінді. Бұл негізгі жобаларды толық көлемде қаржыландыруға мүмкіндік берді. Оның ең бастысы – Арқалық әуежайының құрылысы. Әуежайды іске қосу әуе қатынасын қалпына келтіріп қана қоймай, көлік қатынасы, инвестициялық тартымдылықты айтарлықтай арттырып, өңірді дамытудың жаңа кезеңін ашты», – деп атап өтті Қ.Ақсақалов.
Сонымен қатар Арқалықта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, бос тұрған ғимараттар қалпына келтіріліп жатыр. Аулаішілік аумақтар мен вокзал маңындағы алаңдар жөнделген. Қалада университет ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ Жезқазған–Арқалық автожолын жөндеу жұмыстары соңғы кезеңге өтті. Кезінде боксит өндірісімен күн көрген қала бүгінде ауыл шаруашылығына ден қойды. Arkalyk QUS ЖШС құс фабрикасының тең құрылтайшысы Максим Божко бұл кәсіпорынды ірілендіру үшін қос сатылы жаңғырту жобасы басталғанын мәлімдеді. Бұл өндіріс көлемін екі есеге – жылына 150 млн-нан 300 млн жұмыртқаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Биыл 70 млн жұмыртқаға арналған жаңа қораларды пайдалануға береміз. Өзіміздің құрамажем зауытын салуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы тағы 80 млн құсқа қора тұрғызылады. Қазір бізде шамамен 250-270 адам жұмыс істейді. Штатты 370 қызметкерге дейін көбейте отырып, 100-ден астам қосымша жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар, – деді М.Божко. Сөйтіп, бүгінде Арқалық моноқалалар тізімінен шығарылып отыр. Бұдан былай ол шағын қала саналады.
Таулар аясындағы жаңа тыныс
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өзіндегі моноқалалардың дамуына қатысты ақпарат ұсынды. Шағын шаһарлардағы әрбір жаңа инфрақұрылым – ірі оқиға, өрлеудегі серпін болса керек. Ресми мәліметке жүгінсек, Риддер қаласында 70 орындық Ridder Inn қонақүйі пайдалануға берілді. Екінің бірі біле бермес, бірақ осы моноқала – тау туризмін, экстрим мен таза ауаны ұнататындар үшін біршама тартымды орын. Қала маңында және оған жақын аймақта туристік тартымды орындар жеткілікті. Ішіндегі ең бір көрнектісі – Алтай тау жүйесінің құрамына кіретін Иванов жотасы мен «Үміт» асуы. Альпілік шалғындар мен жасыл ормандармен жанарды жаулайтын бұл аймақ – треккинг пен жаяу серуен жасауға таптырмас жер. Мұнда таудың саф таза ауасымен тыныстап, жанға жайлы тыныштық табуға болады.
«Ақбас» және Үбі өзенінің өзі неге тұрады?! Таудан аққан мөп-мөлдір, айнадай жарқыраған таза өзендер мен сарқырамалар туристерді қызықтырады. Өзен бойы рафтинг жасауға және эколагерь құруға қолайлы. Риддер маңында тау шаңғысы базалары бар. Мұнда марал шаруашылықтары дамытылып жатыр. Қаржы құйылса, Риддер өңірінде пантымен емделіп, денсаулықты жақсарту мақсатындағы емдік туризм қарқын ала алар еді. Қалада Емдеу және аңшылық мақсаттағы ірі марал шаруашылығын салу жоба-сы қолға алыныпты. Нысан 2027 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған.
«ШҚО турификациялау картасы» бекітілді: оған сәйкес жағажай, тау шаңғысы, емдеу-сауықтыру, экологиялық және ауылдық туризм бағыттары бойынша 23 басым туристік аумақ бекітілді. Оларда турбаза, қонақүй салатындарға қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды әкімдік тартып береді.
Халықтың объектілер мен қызметтерге қол жеткізуінің міндетті деңгейін қамтамасыз ету үшін қаланың өзінде 2025 жылы «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Риддерде 200 төсектік стационар, бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысы аяқталды. Валюта бағамының өзгеруіне және медициналық жабдықтардың қымбаттауына байланысты гематология орталығының құрылысын тәмамдау 2026 жылға ауыстырылған екен. Сонымен бірге спорт бағытында қалада шаңғы-роллерлік трасса ел игілігіне тапсырылды. Қаржы жетіспеуіне байланысты Риддер және Шемонаиха қалаларында денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы 2026-2030 жылдарға көшірілді.
Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша биыл «Қазмырыш» ЖШС Риддер металлургиялық кешеніндегі ГК-30-1 нысанын реконструкциялап, іске қосқан. Серебрян бейорганикалық өндіріс зауытының қызметі қайта басталыпты. Бұрыннан құлазып, қирап, бос жатқан тағы бір зауыт Ertis Bereke Oskemen компаниясына сенімгерлік басқаруға беріліп, екінші тынысы ашылыпты. Инвестор 6,1 млрд теңге қаржысын салып, қазақстандық Su Bereke брендті ауыл шаруашылығы суару машиналарының өндірісін жолға қойған.
Моноқалалар тізімі өзгерді
Алып кәсіпорындардың айналасында қалыптасқан қалалардың дамуына жаңа серпін беру мақсатында Үкімет 2025 жылдың соңынан «Өрлеу» атты жаңа бағдарламаны іске қосты. Ол ірі кәсіпорындар маңындағы өндірістік кооперацияны өрістетуге, оларға қызмет көрсететін, шикізаты мен өнімін өткізетін, қажетті материалдармен қамтамасыз ететін шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған. Биыл бұған жалпы 750 млрд теңге бөлініп отыр. Оның 300 млрд теңгесі – «Даму» қорынан, 450 млрд теңгесі – банктерден. Бұл қаражат жылдық мөлшерлемесі 12,6%-дан аспайтын жеңілдетілген кредит түрінде беріледі.
Өңірлердің орнықты әрі теңгерімді дамуын қамтамасыз ету үшін Үкімет Қазақстанның 2030 жылға дейінгі өңірлік даму тұжырымдамасын бекітті. Құжат халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және моноқалалардың экономикалық әлеуетін ашуға да бағытталған. Әлеуметтік, инженерлік және көлік нысандарына қолжетімділіктегі теңсіздіктерді жоюға айрықша назар аударылмақ. Ал даму деңгейі ең төмен өңірлерге Өңірлік стандарттар жүйесі негізінде республикалық бюджеттен басым тәртіппен қаржы бөлінетін болады.
Моноқалаларды дамытудың өзге де шаралары әзірленді. Олардың қатарында ірі кәсіпорындар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу, индустриялық аймақтар құру, ішкі құндылық бағдарламаларын енгізу, шағын және орта бизнесті дамыту және басқа да тетіктер бар.
Моноқалаларды дамыту бағдарламасы қабылданғалы бері он бес жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңге көз жүгіртсек, ең алдымен бір маңызды өзгеріс көзге түседі: моноқалалардың саны шамамен 30%-ға қысқарған. Алғашқы бағдарламада 12 өңірдегі 27 қала қамтылған еді. Уақыт өте келе, Текелі, Қаратау, Жаңатас, Жезқазған, Саран, Арқалық, Екібастұз және Серебрян моноқала мәртебесінен айырылды.
Алайда бұл өзгерістің бәрі үшін бірдей жақсы жаңалық болған жоқ. Бір қалалар жаңа кәсіпорындар ашып, экономикасын әртараптандыру арқылы моноқала мәртебесінің тар шеңберінен табиғи түрде «өсіп шықты». Мәселен, Саран мен Екібастұз осындай жолдан өтті. Ал кейбір қалалар, керісінше, тоқырауға ұшырап, шағын қалалар санатына ауысты. Серебрянскінің тағдыры – соның бір мысалы.
Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2026 жылғы қазіргі тізімде халқы 9,8 мыңнан 175,7 мың адамға дейінгі 19 моноқала қалды. Даму әлеуеті орташа моноқалалар тобына 11 елді мекен жатады. Соның алтауында өткен жылдар ішінде халық саны да азайған. Мәселен, Жаңаөзен 2012 жылдан бері 22,5 мыңға жуық тұрғыннан айырылған, халық саны 22,7%-ға кеміген. Лисаковскіде тұрғындар саны 15,6%-ға, Риддерде 11,7%-ға қысқарды. Ал Хромтауда халық саны 22,8%-ға, Құлсарыда 19,8%-ға, Абайда 6,3%-ға өсті.
Ең перспективалы санатқа, яғни экономиканы әртараптандыру жолына түскен қалалар тобына 5 елді мекен кіреді. Олардың қатарында халық саны ең көп Теміртау (175,7 мың), сондай-ақ Рудный, Ақсу, Кентау, Степногор бар. Бұлардың экономикалық тұрақтылығы жоғарырақ. Себебі олар ірі өнеркәсіптік қалалардың ықпал ету аймақтарында орналасқан және экономиканың даму көрсеткіштері де тұрақты.
Бүгінде моноқалаларға бағдарланған мемлекеттік қолдау шаралары жаңа өндірістер мен сервистік нысандарды іске қосуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, сауданы, логистиканы және туристік қызметтерді кеңейтуге жағдай жасауға бағытталып отыр. Негізгі міндет – жаңарған инфрақұрылымды жаңа жұмыс орындарын ашумен, халықтың табысын арттырумен ұштастыру.
Осының бәрі моноқала тұрғындарына туған жерінде қалып, жемісті еңбек етуге, табысын еселеуге, кәсіпкерлікпен айналысуға және қаланың экономикалық өміріне белсенді араласуға кең мүмкіндік береді. Ең бастысы – бір кәсіпорынға тәуелді қалалардың тағдырын өзгертіп, олардың болашағын әртараптандырылған экономикамен, жаңа өндірістермен және жергілікті бизнестің қуатымен байланыстыру.
Айхан ШӘРІП