BBC материалына сүйенген Aikyn.kz Қытайдың жасанды интеллект амбициясының жергілікті халыққа қалай әсер ететінін түсіндіреді.
Ішкі Моңғолиядағы Ұланчаб (Ulanqab) қаласы бұған дейін кең жайылымдары мен картоп өндірісімен танымал болатын. Қазір бұнда Huawei, ByteDance және басқа да технологиялық компанияларға қажетті дата-орталықтар салынып жатыр. Өңір арзан жері, салқын климаты және жел мен күн энергетикасының мол қоры арқылы технологиялық компанияларды қызықтырып отыр.
Құрылыс ауқымы да ерекше. BBC тілшісі барған алаңда жүздеген жұмысшы бір мезетте ғимарат тұрғызып, ауыр техника мен алып крандар тәулік бойы жұмыс істеп тұр.
«Бұл – Қытайдың жылдамдығы», – дейді жұмысшылардың бірі. Ал жергілікті инженердің сөзінше, құрылыс бірнеше кезеңге бөлінген және алда әлі талай жаңа нысандар салынбақ.
Бұндай орталықтар ЖИ модельдерін үйретуге және іске қосуға қажетті орасан есептеу қуатын береді. Қытай билігі 2030 жылға қарай жасанды интеллектіні өнеркәсіп пен қоғамның 90%-ына енгізуді көздеп отыр.
Бейжің тек инфрақұрылыммен шектелмейді. Ол ЖИ саласына қажетті инженерлер мен зерттеушілердің өзінде қалуына да жағдай жасауда. Бұрын АҚШ пен Еуропада білім алып, сол жерде қалып жұмыс істеуге ұмтылған қытайлық мамандардың бір бөлігі енді елге оралуда.
Қытай ғылым және технология университетінің зерттеушісі Джек Чжанның айтуынша, АҚШ-қа кететін студенттер мен ғалымдар азайып, керісінше елге қайтатындар көбейген. Қытай жыл сайын ғылым мен технология саласында 5 млн маман даярлайды. АҚШ-та бұл көрсеткіш шамамен 500 мың.Сонымен бірге Бейжің америкалық ЖИ индустриясынан өзгеше модель ұсынуда. Си Цзиньпин қытайлық компанияларды қолжетімді әрі ашық кодты ЖИ жүйелерін дамытуға шақырып келеді. Бұл технологияларды басқа компаниялар мен мемлекеттер өз қажеттілігіне қарай бейімдей алады.
Қарқынды құрылыстың кері әсері де біліне бастаған. Қытай дата-орталықтарын жасыл энергияға көшіргісі келгенімен, электр жүйесінің бір бөлігі әлі көмірге тәуелді. Ішкі Моңғолия сияқты құрғақ өңірлерде судың жетіспеуі де үлкен проблема. Кей жерлерде жаңа инфрақұрылым үшін ауылдар көшірілген. Жергілікті тұрғындардың бір бөлігі дата-орталықтардан нақты пайда көрмегенін айтып, ауыл шаруашылығы жерлерінен айырылып қалудан қауіптенеді.
«Бұл үлкен деректердің қарапайым адамдарға қандай қатысы бар? Бізге одан не пайда?» – дейді аты-жөнін жарияламауды өтінген тұрғын.
Тұрғындардың бір бөлігі технологиялық даму жаңа жұмыс орындарын ашатынын айтып, өзгерісті қолдайды. Қытайдың ЖИ стратегиясы тек жаңа модельдер жасаумен шектелмейді. Бейжің есептеу қуатын, энергия инфрақұрылымын, кадр даярлау жүйесін және ашық ЖИ экожүйесін бір мезетте дамытпақшы. Ендігі басты сұрақ – бұл технологиялық серпіннің пайдасын Қытайдың қарапайым халқы қаншалықты сезіне алады?