Aikyn.kz люкс санатындағы электр көліктерінің кемшіліктерін bgr.com сайтына сүйеніп талдайды.
Бүгінгі люкс-электромобильдердің тым қымбат бағадан басқа да проблемасы бар. Әлсіз аккумулятор, құнын жылдам жоғалту, техникалық қызметке жұмсалатын қомақты шығын және авто-индустриядағы жылдам жүретін технологиялық өзгерістер.
Электромобильдердің ортақ қиындықтары да бар. Бұл – зарядтау стансаларының аздығы. Осы айтылғандарға мысал ретінде 2025 жылғы Mercedes-AMG EQS моделін алуға болады. Car and Driver журналы оған небәрі 7,5/10 деген баға беріп, бастапқы бағасын 148 700 доллар деп көрсеткен. Әрине, жаңа технологияларға байланысты кейбір кемшіліктерді кешіруге болады. Бірақ премиум-класс ретінде ұсынылған өнім үшін бұл – үлкен проблема.
Көлік бағасы жүз мыңдаған долларға жеткенде, сапа мен люкс деңгейіндегі талаптар арта түсетіні анық. Өндірушілер аккумуляторларды жетілдірумен айналысуда. Соған қарамастан бұл қазіргі люкс-электромобильдер нарығы үшін қосымша проблемаға айналуы мүмкін.
Mercedes-AMG EQS 2025 үлгісін сарапшылар басқарылуы мен шамадан тыс үлкен жолаушы дисплейі үшін сынға алады. Фото mercedes-benz.com.tr сайтынан алынды
Люкс-электромобильдер әдеттегі электр көліктеріне қарағанда әлдеқайда қуатты аккумуляторларды қажет етеді. Мұндай аккумуляторлар көліктің өнімділігін ғана емес, сонымен қатар қосымша функциялар мен жабдықтардың жұмысы үшін керек. Ал қуатты аккумулятордың көлемін үлкейту көліктің салмағын өсіріп, оған қосымша жүк салады. Сол себепті кейбір брендтер құрылымдық аккумуляторлар жасап, көліктің салмағын азайтуға тырысуда.
Тұтынушылар тек люкс-көлік үшін емес, сонымен қатар оның барлық заманауи функцияларын қолдайтын қуатты аккумулятор үшін де төлейді. Кейбір адамдар экологиялық таза көлік үшін бұндай қымбат ақша жұмсауға қарсы емес. Бірақ олар сол «ақшаға сай болатын көлік» күтеді.
Mercedes-AMG EQS 2025 үлгісін қарастырайық. Сарапшылар көлікті жеделдету қабілеті мен тамаша аспасы үшін мақтайды. Ал басқарылуы мен шамадан тыс үлкен жолаушы дисплейі үшін сынға алады. Сонымен қатар оның жүріс қоры шамамен 485 шақырымды құрайды. Бұл – электромобильдер үшін орташа көрсеткіш. 150 000 долларға жуық тұратын көлік үшін бұл жеткіліксіз екені рас.
Люкс-электромобильдер әдеттегі бензин көліктерге қарағанда үш жыл ішінде 50%-дан астам құнын жоғалтады. Фото mercedes-benz.com.tr сайтынан алынды
Люкс-электромобильдердің тағы бір маңызды проблемасы бар. Олар бензинмен жүретін люкс-көліктерге қарағанда жылдам құнсызданады. Үлкен бензин көліктері де әдеттегі көліктерге қарағанда құнын тез жоғалтады.
Шамамен үш жыл ішінде 50%-ға дейін. Ал орташа көліктер – 30-35% ғана. Бұған технологияның ескіруі, жүріс қашықтығы мен техникалық жағдайы, сондай-ақ жаңа үлгілердің тез шығуы әсер етеді.
Бұл мәселе литий-ионды аккумулятор қосылғанда тіпті қиындай түсті. Өйткені уақыт өте келе кез келген аккумулятордың сыйымдылығы азайып, жүріс қоры төмендейді. Бүгінгі технологиялармен бұндай өзгерістер бірнеше жылдан соң-ақ байқалады. Осылайша, люкс-электромобиль тек технологияның тез ескіруінен ғана емес, аккумулятордың қымбат ауыстырылуы мен тозу қаупінен де құнсызданып кетеді.
Huawei компаниясы бес минуттық қуаттаудан кейін 2 800 шақырым жүретін аккумулятор шығармақшы. Бұған қарамастан, қазіргі литий-ионды батареялар люкс-электромобильдер нарығының дамуына кедергі болып отыр. Оның үстіне, бастапқы бағаның жоғарылығы мен зарядтау желісінің жеткіліксіздігі қосылып, электр көлігінің кемшілігін одан сайын көбейтуде.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.