in

Көлігіңіз сіз туралы мәліметтерді жасырын түрде сақтандыру компанияларына жібере алады

BBC Future материалы негізінде Aikyn.kz жаңа көліктер қандай ақпаратты құпия жинайтынын түсіндіреді.

АҚШ-тағы бір жағдай қоғам назарын ерекше аударды. General Motors компаниясы жүргізушілер туралы ақпаратты деректер брокері LexisNexis компаниясына берген деген айыптауларға тап болды. Кейін бір жүргізуші өзіне қатысты жиналған ақпараттың 130 беттен тұратынын анықтаған. Құжатта оның және жұбайының 6 ай бойындағы барлық сапары тіркелген. Кейін сақтандыру төлемі 21%-ға өскенде, агент құпия жиналған деректердің шешім қабылдауға әсер еткенін айтқан.

Сақтандыру компаниялары жүргізушінің жылдамдықты қалай сақтайтынын, қаншалықты жиі тежеуішті басатынын, қандай бағыттармен жүретінін және тәуекел деңгейін бағалау үшін басқа да көптеген көрсеткіштерді қолданады. Теориялық тұрғыдан бұл жол ережесін сақтайтын жүргізушілерге жеңілдік алуға мүмкіндік береді. Алайда іс жүзінде барлық жүргізушілер ұта бермейді.

Мэриленд штатында жүргізілген талдау нәтижесінде жүргізушілердің тек 31%-ның сақтандыру құны төмендегені анықталған. Ал 24%-ында баға өскен, қалған 45%-ында ешқандай өзгеріс болмаған. Бұл телеметриялық бақылау бағдарламаларының әрдайым тиімді болмайтынын көрсетеді.

Mozilla зерттеуі көптеген автокомпаниялар жиналған ақпаратты сатуға немесе үшінші тараптарға беруге құқылы екенін көрсеткен. Сарапшы Джен Калтридердің пікірінше, мәселе тек жарнамада емес. Бұл деректер жұмысқа қабылдау, қаржылық қызметтер көрсету немесе басқа коммерциялық шешімдер қабылдау кезінде де қолданылуы мүмкін.

Болашақта жаңа қауіптер де пайда болуы мүмкін. АҚШ-та жүргізушінің мас немесе шаршаған күйін анықтайтын инфрақызыл камераларды енгізу жоспарланып жатыр. Бұндай жүйелер жол қауіпсіздігін арттырғанымен, адамның денсаулығы мен мінез-құлқы туралы қосымша мәліметтер жинайды. Ал бұл ақпараттың қалай сақталатыны мен кімге берілетіні әзірге толық реттелмеген.

Сарапшылар жүргізушілерге көлік жүйесіндегі құпиялық параметрлерін тексеруге, деректер жинауды шектеуге және сақтандыру компанияларының телеметриялық бағдарламаларына қосылмас бұрын барлық тәуекелдерді мұқият бағалауға кеңес береді.

Қазіргі таңда басты сұрақ – көліктің қаншалықты ақылды екенінде емес, оның сіз туралы қаншалықты көп ақпарат білетінінде болып отыр. Көлігіңіз сіз туралы қандай ақпарат жинайтынын білесіз бе?