in

Каспий құбыр консорциумының терминалында мұнай тиеу уақытша тоқтады

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының (ҚКК) жұмысы мен мұнай өндіру көлеміне қатысты мәлімдеме жасады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ведомствоның хабарлауынша, ҚКК-нің Қара теңіздегі теңіз терминалында кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылған.

Соған қарамастан, консорциумның барлық өндірістік және техникалық нысандары штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Министрлік жағдай қалыпқа келген бойда мұнайды қайта тиеу жұмыстары бірден қайта басталатынын мәлімдеді.

Құбыр жүйесіне мұнай қабылдауға қойылған уақытша шектеулерге және резервуарлардың шамадан тыс толып кетуіне жол бермеу мақсатында мұнай өндіруші компаниялар тәуліктік өндіру көлеміне жоспарлы түрде түзету енгізген. Соның салдарынан мұнай өндіру көлемі уақытша төмендеді.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, бұл – өндірістік процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған технологиялық шара.

Қазіргі уақытта министрлік ҚКК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен, кеме иелерімен және салалық мемлекеттік органдармен тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Тараптар кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қазақстандық мұнай экспортын әлемдік нарықтарға барынша қысқа мерзімде қалпына келтіру мәселелері бойынша консультацияларды жалғастырып жатыр.