Карачи қаласында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы бизнес-форум өтті. Іс-шараға екі елдің 500-ден астам бизнес және мемлекеттік құрылым өкілдері қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, форумға нақты мәмілелер мен ұзақмерзімді әріптестікке бағытталған кәсіпкерлердің белсенділігі ерекше серпін берді. Іс-шара аясында бірнеше коммерциялық келісімге қол қойылды. Соның ішінде қазақстандық Optima Development компаниясы мен пәкістандық Friesland Campina Engro арасында жалпы сомасы 10 млн АҚШ доллар болатын келісімшарт жасалды.
Құжат Қазақстанға ірімшік, йогурт және кондитерлік өнімдер өндірісіне қолданылатын сусыздандырылған сүт майын жеткізуді көздейді.
«Бұл – Пәкістанмен осындай ауқымдағы алғашқы келісімдердің бірі. Бұл бірреттік тауар жеткізу емес, ұзақмерзімді әрі стратегиялық серіктестіктің бастауы деп есептейміз. 240 миллион халқы бар Пәкістан – Қазақстан үшін зор экспорттық әлеуетке ие ел», – деді Optima Development компаниясының бас директоры Жанат Басанұлы.
Қазақстан Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade сауда саясатын дамыту орталығының деректеріне сәйкес, 2023-2024 жылдары Қазақстан мен Пәкістан арасындағы тауар айналымы 2,1%-ға өсіп, 53,6 млн долларға жеткен. Қазақстаннан Пәкістанға экспорт көлемі 2,1 есеге артып, 11,8 млн долларға дейін өскен.
Экспорттың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдері: пияз, сарымсақ, зығыр тұқымы, бұршақ тұқымдастар және металл конструкциялар. Ал Пәкістаннан импорт көлемі 41,9 млн АҚШ доллары. Оның ішінде цитрус жемістері, дәрілік препараттар мен тоқыма бұйымдары бар.
Сондай-ақ форум аясында Қазақстанға Карачи мен Гвадар порттарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін Транзиттік сауда туралы келісімге қол қойылды. Бұл құжат екі ел арасындағы жаңа көлік-логистикалық бағыттарды дамытуға және экономикалық байланысты нығайтуға негіз қалайды.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.