Дегенмен экономиканың басты әлсіз тұсы айқындала түсті: мемлекет қаржысына тәуелділік артып барады. Ал кен өндіру саласына инвестицияың бәсеңдеуі тәуелділікті одан сайын ұлғайта түсуі мүмкін. Бұл «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында Мемлекет басшысының назар аударған өзекті мәселенің бірі болатын. Президент өңдеу саласына көбірек қаражат тарту алдымызда тұрған басты міндеттің бірі екенін қадап айтты. «Қажет болса, жоғары технологияларға салынатын инвестицияларға жеңілдік беруге болады. Сондай-ақ мемлекеттің инвестициясы мен жеке бизнестің ірі бастамаларына бірдей назар аудару қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінде ел экономикасының өсім қарқыны елдегі инвестициялық белсенділіктің қай салаларда тиімді нәтиже беріп жатқанын айқын көрсетеді. Жуырда Экономика министрлігі еліміздің ЖІӨ биыл тамыз айында 6,5 пайызға артқанын жария етті. Салыстырар болсақ, өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіш екі есеге жуық төмен болатын. Бұл – экономикадағы ең маңызды көрсеткіштердің бірі. Әдетте экономиканың қарқынды дамуы компаниялардың табысын арттырып, инвесторлардың тәуекелге бару ниетін күшейтеді. Өйткені сарапшылар қауымдастығы мен инвесторлар сол арқылы экономикалық жағдайдың жалпы деңгейін ғана емес, сонымен бірге өсімге әсер ететін оң және теріс факторлардың жайына қанығады.
Инвестордың өз еркі, қайда қаржы құйса да…
Соңғы жылдары мемлекетіміз «шикізаттық ел» деген көзқарасты бұзып, жаңа даму бағытын таңдағанын көріп те, біліп те жүрміз. Соның ішінде көлік, құрылыс, цифрландыру мен өнеркәсіп сияқты салаларға салынған инвестиция елдің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы он жыл ішінде елге 216,7 $ млрд тікелей шетелдік инвестиция тартылған. Оның 60 пайызы шикізаттық емес секторларға бағытталған. Бұл – елдің жаңа экономикалық саясатты табанды түрде жүзеге асырып отырғанының айғағы. Тек құрылыс саласының өзінде 141 млн шаршы метр тұрғын үй, ондаған мектеп, балабақша мен аурухана пайдалануға берілген.
Осыған дейін премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин алғашқы жартыжылдықта ең көп инвестиция тартылған салаларды атап өткен болатын. Мысалы, білім беру – 3,5 есе, қаржы қызметі – 86,2%, өңдеу өнеркәсібі – 48,9%, денсаулық сақтау – 32,8%, көлік-16,2%-ға көп инвестиция тарта алған. Оның айтуынша, аталмыш секторларды болашақтың экономикасын құраушы бағыт болып саналады.
Ал Экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы Есенғали Байсабайдың сөзінше, еліміз соңғы уақытта тек мұнай-газдан түсетін табысқа ғана арқа сүйеп отырмай, жаңа өндірістерді дамытуға ден қойған. Сарапшы маманда, әсіресе шикізаттық емес салаларға құйылған рекордтық инвестициялар болашақтың кепілі, жаңа жұмыс орындары мен экспорттық әлеуеттің бастауы екенін алға тартты.
Сонымен қатар отандық өңдеуші өнеркәсіп те соңғы жылдары айтарлықтай қарқын алған. «Сала шамамен 50 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнімдегі үлесі 10,2%-дан 12,4%-ға дейін артты. Бұл – елдің экономикадағы құрылымдық өзгерістерге бет бұрғанының айқын дәлелі. Ал керісінше, кен өндіру саласының үлесі қысқарып, өндірістің бағыты жаңа сипатқа ие болуда. Экспорт көлемі де тарихи межелерді бағындырып отыр. Өңделген өнімдер экспорты 18,5 млрд АҚШ долларынан 28,8 млрд АҚШ долларына дейін көтерілсе, жалпы сыртқы сауда айналымы 141,4 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл – Қазақстанның тек шикізат емес, қайта өңделген өнім арқылы да әлемдік нарыққа шығуға қадам басқанын көрсетеді», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, еңбек нарығында да оң өзгерістер байқалады. Өйткені соңғы жылдары 700 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі 4,7%-ға дейін төмендеп, халықтың нақты табысы үштен бірге өскен. Мұның барлығы инвесторлар алдындағы ел беделінің жоғары болып қала беруіне сөзсіз ықпал етуде. Қазақстанның халықаралық резервтері 104 млрд АҚШ долларынан асып, беделді Moody’s агенттігі 2024 жылы еліміздің рейтингтік болжамын «позитивті» деңгейге көтергені де осы сөзімізге дәлел бола алады.
Алайда сарапшылардың сөзінше, жаһандық жағдай әлі де күрделі. Валюталардың құбылуы, шикізат бағасының қымбаттауы, логистикадағы қиындықтар – бәрі жаңа экономикалық сын-қатерлерге жол ашуы мүмкін. Дегенмен дамушы елдер саудадағы шиеленісті азайтып, өңірлік келісімдерді күшейткен жағдайда, өз экономикасын жылдам қалпына келтіре алады.
Отандық нарықтағы оң өзгерістер
Шетелдік инвестиция сырына қанықтық, ал отандық кәсіптің қаржысы қалай айналуда? Әсіресе, негізгі капиталға салынған инвестициялар елдің өндірістік әлеуетін кеңейту, нарықтағы сұранысты арттырып, инновацияның жақсаруына ықпал ету арқылы экономикалық өсуді ынталандырады. Ұлттық статистка бюросы ұсынған мәліметке сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында Қазақстанда негізгі капиталға құйылған инвестициялар да 16,1%-ға өскен. Алғашқы жартыжылдықпен салыстырғанда аталмыш көрсеткіштің қарқыны баяулағанымен, былтырғы жылғы деңгейден айқын алда келеді.
Дегенмен бұл өсімнің басты «қозғаушы күші» мемлекеттік қаржы мен инфрақұрылымдық жобалар. Ал жеке капиталдың үлесі төмендеп, банктердің инвестицияға қатысуы бар болғаны 3,5%-ды құрап отыр. Сарапшылардың айтуынша, мұндай үрдіс жалғаса берсе, ұзақмерзімді тұрақтылыққа қауіп төндіріп, мемлекет иығына ауыр жүк артуы мүмкін.
Halyk Finance сараптама орталығының маманы Санжар Қалдаровтың айтуынша, өткен жылы бюджет қаржысын игеру баяулағандықтан, биылғы серпін салыстырмалы түрде жоғары болып көрінеді. Мұны экономистер «төмен база әсері» деп атайды. Яғни, бұрынғы көрсеткіш төмен болса, қазіргі кез келген өсім шын мәнінде үлкен болып көрінеді. Бірақ бұл артықшылық уақытша ғана. Қазір сол «төмен база» әсері жойылып бара жатыр. Сондықтан жылдың соңына қарай инвестицияның қарқыны қайтадан бәсеңдеуі мүмкін.
«Жеті айдың қорытындысы бойынша, ең көп инвестиция білім саласына құйылды – 427 млрд теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 131,3%-ға артық. Мұндай серпін жаңа мектептер салу бағдарламасының арқасында болды. Екінші орында – өңдеуші өнеркәсіп. Мұнда инвестициялар 342 млрд теңгеге жетіп, 38,7%-ға артты. Әсіресе, химия, мұнай өнімдері, азық-түлік, автокөлік жасау салаларында айтарлықтай өсім бар. Үшінші орында – көлік секторы (296 млрд теңге), онда да өсім бар, бірақ былтырғыдай аса жоғары емес. Бұл саладағы шығынның үштен бірі мемлекет қаржысына тиесілі», – дейді маман.
Жылжымайтын мүлік саласына да қомақты инвестиция салынды – 253 млрд теңге. Ол ішкі сұранысты қамтамасыз еткенімен, ұзақмерзімді экономикалық әсері шектеулі. Электр қуаты мен сумен жабдықтау салалары да ілгеріледі: тиісінше 40% және 28%-дық өсім тіркелді. Ал ауыл шаруашылығында көрсеткіш 27%-ға өсіп, сала біршама еңсесін тіктеді.
Ең үлкен құлдырау кен өндіру секторында байқалды: инвестициялар бір жылда 290 млрд теңгеге азайып, 17,9%-ға төмендеді. Бұл, ең алдымен, Теңіздегі ірі жобаның аяқталуымен байланысты. Жақын болашақта осындай ауқымды бастамалардың жоқтығы саладағы жағдайды қиындатады.
Инвестиция құрылымына көз жүгіртсек, қаржының басым бөлігі – 67,7%-ы құрылыс пен ғимараттарды жөндеуге жұмсалған. Ал құрал-жабдық сатып алуға небәрі 27,8% тиесілі. Бұл – инновациялық серпін үшін жеткіліксіз көрсеткіш. Ең бастысы, жеке сектордың белсенділігі бәсеңдеп, экономика барған сайын мемлекет қаржысына тәуелді болып барады. Банктердің инвестициялық үлесі де мардымсыз – 3,5% қана.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай үрдіс қысқа мерзімде өсімді ұстап тұрғанымен, ұзақ мерзімде тұрақтылыққа қауіп төндіреді. Сондықтан Қазақстан үшін алдағы жылдары басты міндет – жеке және шетелдік капиталды тарту, бизнестің жолындағы кедергілерді азайту, ғылыми-инновациялық инфрақұрылымды дамыту. Сонда ғана ел тек дайын технологияларды пайдаланып қоймай, өз өнімін жасап, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті бола алады.
Кәмила ДҮЙСЕН