in

Индустриялық серпін: Ақтөбенің жаңа тынысы

Аймақ минералдарға өте бай, мұнда көмір, газ, мұнай, әктас, күміс, мырыш және басқа да металдардың мол қоры бар. Өңір бюджетін қалыптастыруда ауыл шаруашылығының да үлесі мол.

Бұл өңір еліміздегі ең инвес­тициялық тартымды аймақтардың бірі саналады. Облыс әкімі Асхат Шахаров алдағы уақытта инвес­тиция тарту мәселесіне басты назар аударылатынын жеткізді. Оның айтуынша, өңірде инвес­тиция көлемін шамамен 1,5 трил­лион теңгеге жеткізу көзделген.

«Біз былтыр 106,3 пайыз эко­номикалық өсімге қол жеткіздік, бұл орташа республикалық көр­сеткіштен жоғары. Жолдар мен инфрақұрылымның жағдайын жақсарттық, тұрғын үй құры­лы­сының мүмкіндіктерін кеңейттік. Осы жылы ауқымды инфрақұры­лымдық жобаларды іске асыруды және халықтың өмір сүру сапасын арттыру үшін әлеуметтік саланы дамытуды жалғастырамыз. Биыл кем дегенде 7 пайыз деңгейінде экономикалық өсуді қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Өнер­кәсіпте өндіріс көлемі –  2,7 трил­лион, ал инвестициялар мөлшері шамамен 1,5 триллион теңгеге жетеді деп күтілуде. Ал нормативтік жағдайдағы автожолдардың үлесін 82 пайызға жеткізу үшін биыл 60 миллиард теңгеге 156 жол жобасы іске асырылады. Инженерлік инфрақұрылым бөлігінде біз 3 мыңнан астам халқы бар 10 ауылда ауызсу мәселесін толығымен шеше отырып, сумен жабдықтауды жүр­гізуді жоспарлап отырмыз. Газ­дандыру саласында 9,8 мыңға жуық адам тұратын 24 ауыл қам­тылады. Сондай-ақ биыл облыста бір миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспар­лануда. Біз өңірде тіршілікке қо­лайлы жағдай жасау және орнықты даму үшін барлық бағыт бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратын боламыз», – дейді облыс әкімі.

Өңірде экономиканы әртарап­тандыруға және бизнестің дамуына серпін беруге бағытталған «Ақ­төбе» арнайы экономикалық аймағы мен «Хромтау» индустрия­лық аймағы құрылды. 858 гектар аумақты қамтитын арнайы эконо­микалық аймақ көлік-логисти­калық бағыттағы 9 негізгі сала мен өнеркәсіптің 29 бағытын дамытуға жоспарланған. Сонымен қатар бұл аумақта заманауи өндірістер құ­руға, инновациялық технология­ларды енгізуге және отандық әрі халықаралық жетекші компания­ларды тартуға баса назар ауда­рылады. Ал Хромтау қаласында 150 гектар аумақты қамтитын  индустриялық аймақ импорттық өнімдердің орнын басатын тауар өндіруге бағытталып отыр. Мұн­дағы негізгі мақсат – өндірістегі жергілікті қамту үлесін шамамен 80%-ға жеткізу. Хромтау индус­триялық аймағында кәсіп ашуды көздейтін жергілікті инвесторлар аз емес. Қалада шағын және орта кәсіпкерлік белсенділікті ынта­ландыру және ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды шоғырландыру мақсатында «Өркен» өңірлік бағдарламасы жұмыс істейді. 

Облыс әкімі Асхат Шахаровтың Қытайға сапары аясындағы кезде­сулер өңірге инвестиция тарту және индустриялық даму бағытын жаңаша, заманауи үлгіде жоба­лауға, Ақтөбенің жаңа тынысының ашылуына жасалған зор мүмкіндік болып отыр.

«Біз Қытайдың индустриялық даму саласындағы озық тәжіри­бесімен таныстық. Әсіресе, бір өнеркәсіптік алаңда шағын және орта бизнес үшін жағдай жасау жобасы ерекше қызықты болды. Бұл бағыт арнайы экономикалық аймақ шеңберінде тиісті инфра­құрылым жасақтаған біздің өңі­ріміз үшін де өзекті. Мұндай са­парлар қайта өңдеуді, металлургия саласын және жоғары техноло­гиялық өндірістерді қалай дамы­туға болатынын іс жүзінде көруге мүмкіндік береді», – дейді Асхат Шахаров.

Өңірде атқарылып жатқан қандай жоба-жоспарды алып қа­расақ та мұның барлығы аймақтың экономикалық белсенділігін арт­тырып, жергілікті тұрғындардың табысын көтеруге үлес қосып отыр­ғанын көреміз. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасының нәти­жесінде өңірдің әлеуметтік-эконо­микалық дамуына оң әсер ететін бірқатар көрсеткішке қол жеткі­зілді. 2025 жылы бағдарламаға республикалық бюджеттен 4,0 млрд теңге қарастырылды. Соны­мен қатар кәсіпкерлердің қай­тарым қаражаты есебінен (рево­льверлік несиелеу) 1,2 млрд теңге бөлініп, жалпы 16,3 млрд теңгеге 2 866 жоба қаржыландырылды. Бұл 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны­ның ашылуына мүмкіндік берді. Жобаның негізгі бағыттары: мал шаруашылығы, өсімдік шаруа­шылығы, құс шаруашылығы және шағын бизнес. Атап айтқанда, құс етімен қамтамасыз ету 5,6%-ға, көкөніспен қамтамасыз ету 5,4%-ға, картоппен қамтамасыз ету 4%-ға артты. Жоба аясында 1 620-дан астам жаңа кәсіп ашылды. Әлеу­меттік аз қамтылған тұрғындарды қолдау мақсатында 41 атаулы әлеу­меттік көмек алушы отбасы жо­бамен қамтылды. Мемлекет бас­шысының тапсырмасы негізінде тауарлық несиелеу тетігі енгізілді. Бұл тетік кепілге қоятын мүлкі жоқ, несиелік міндеттемелері көп, аз қамтылған және көпбалалы от­басыларды қолдауға бағытталған. 

Жалпы алғанда, облыста өңірді индустрияландыру және инвес­тиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру, орта және шағын бизнесті қолдау, кәсіпкерлікті да­мыту, халықты жұмыспен қамту, тұрғын үй және шаруашылық инфрақұрылымын жаңғырту ба­ғытында ұтымды жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ