in

Илон Маск әр сағат сайын 1 миллион долларын пешке жағып отырса да, оның 1 триллион долларлық байлығы 114 жылға жетеді

Aikyn.kz адамзат тарихындағы алғашқы триллионердің байлығын Zmescience.com сайтының талдауына сүйеніп талдайды.

Триллион доллар – бұрын мемлекеттердің экономикасына, әскери бюджеттерге немесе ұлттық суверенді қорларға ғана тән көрсеткіш еді. Енді бұндай ауқымдағы капитал бір адамның дәулеті болып қалды. Бұл Илон Масктың жетістігін ғана емес, сонымен бірге қазіргі жаһандық экономиканың қандай бағытта дамып жатқанын да көрсететін маңызды белгі.

Бүгінде триллионер Илон Масктың байлығының негізгі бөлігі SpaceX акцияларында шоғырланған. Компаниядағы оның үлесі шамамен 868 миллиард долларға бағаланып отыр. Алайда бұл ақша нақты қолма-қол қаражат емес екенін түсіну керек. Бұл – инвесторлардың компанияның болашағына деген сенімі негізінде қалыптасқан нарықтық баға.

SpaceX қазіргі уақытта әлемдегі ең ықпалды технологиялық компаниялардың біріне айналды. Компания зымырандар ұшырады, Starlink спутниктік интернет желісін дамытуда және жасанды интеллект саласындағы бірнеше жобаны өз құрылымына біріктірді. Инвесторлар SpaceX-ті болашақ ғарыш экономикасының негізі ретінде қарастыруда.

Енді триллион доллардың ауқымын бағалап көрейік, оны түсіну оңай емес. Мысалы, бұл қаржыға шамамен 24 млн Tesla Model Y көлігін сатып алуға болады. Немесе 2,3 млн жаңа тұрғын үй сатып алуға жетеді. Сондай-ақ бұл қаражат 8 млн студенттің америкалық университеттердегі төрт жылдық жоғары білім алу шығынын толық жаба алады.

Тағы бір қызық салыстыру бар. Егер Илон Маск сағатына 1 млн доллар жұмсап отырса, триллион долларды толық тауысып бітіру үшін оған 114 жылдан астам уақыт қажет екен. Енді ойлап көріңіз: сағатына 1 млн долларды қалай жұмсауға болады?

Осы жерде Қазақ елінің несібесінен ұрланып, шетелдерде «қасқырдың жемі» болған, бөтендерге бұйырған миллиардтар туралы ойлайсың. Сол миллиардтар иесіне ұйқысыз түндер мен қорқыныш-үрейден басқа не бере алды екен?!

Бұл жерде Масктың жағдайы мүлдем бөлек. Өзінің адал еңбегі мен білімінің арқасында тапқан триллионды АҚШ үкіметі тартып ала алмайды. Бәрі заңды, ол сый-құрметке бөленген тұлға. Ия, саяси ұстанымы мен көзқарасы Ақ үйге ұнамауы мүмкін, президентпен бетпе-бет қақтығысуы мүмкін. Бірақ Ақ үй билігі де, президент те оған ештеңе істей алмайды, 10 долларын да тартып ала алмайды. Өйткені оның байлығы заңды, адал жасалған.

Сарапшылардың пікірінше, бұндай байлық қазіргі қаржы нарықтарының болашаққа деген сенімінің көрсеткіші. Инвесторлар бүгінгі табысқа емес, алдағы ондаған жылдағы мүмкіндіктерге қаржы құйып отыр. JPMorgan Chase банкінің басшысы Джейми Даймон жақында Маскты  «біздің заманымыздың Эдисоны» деп атады. Бұл пікірмен бәрі келіспеуі мүмкін. Алайда SpaceX-тің табысы мен Масктың триллион долларлық байлығы технологиялық компаниялардың қазіргі әлемдегі ықпалы бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін көрсетеді.

Бүгінде басты сұрақ – Илон Масктың қаншалықты бай екенінде емес. Негізгі мәселе – бір адамның идеясына, жобаларына және болашағына әлемдік капитал нарықтары қаншалықты үлкен сенім артып отырғанында.