Таңғы сағат алты- жетінің шамасы . Қаладағы тіршілік енді ғана жанданып, қозғалыс біртіндеп көбейіп жатқан кез. Ауа тынық, жаздың аптабынан басқа ештеңе байқалмайды. Бірақ Астана қаласының орталығында орналасқан Шұбар ауданындағы үйлердің айналасында аздаған «ақ бұлтқа» ұқсас, будақтаған бірдеңе білінеді. Қазір жаз мезгілі, күн ыстық. Бәлкім, бір нәрсе өртеніп жатыр деп ойларсыз. Жоқ, мүлдем олай емес. Жаңбыр да, қар да жауатын мезгіл емес. Сонда бұл не? Сөйтсек, бұл көмірдің қою қара түтіні екен…
Астана қаласының орталығында, Бәйтерек монументіне жақын жерде орналасқан Шұбар ауданынан осындай көріністі жиі кездестіруге болады. Әрине, жаз мезгілінде мұндай көрініс сирек. Бірақ күз бен қыста жеке тұрғын үйлердің мұржасынан будақтаған көк түтінді көп көресіз. Біз сөйлескен қала тұрғыны Нұржауған Мұқанова 2-3 жылдан бері қаланың қақ ортасындағы Шұбар ауданына жақын көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Сол уақыттан бері ол үйінің терезесін сәл ашып қояды да, бірден қайта жауып тастайды.
«Мұрнымды жарып бара жатқан иіс – көмірдің иісі. Жуынып, далаға шыққанда да, шашымнан да сол иіс кетпей тұрады. Біз қаланың ортасында тұрып, көмір иіскеуге мәжбүрміз… », – дейді ол.
«Астананың түтіні тынысымды тарылтты»
Бұл – жай ғана бір адамның шағымы емес. Бұл – XXI ғасырда энергетика саласында әділетсіздіктің әлі де толық жойылмағанының дәлелі. Астана секілді заманауи қалада қазірдің өзінде бірнеше жүздеген, тіпті мыңдаған үй әлі күнге дейін «қатты отынмен» жылынады. Бұның соңы – көктем мен күзде ауа ластануының күрт артуына, тыныс алу мүшелері ауруына, баланың жөтеліне, қарт адамның демікпесіне алып келеді.
– Жалпы бұрын Астананың ауасын таза деп ойлайтын едім. Әсіресе біз ауаның ластану деңгейін Алматы қаласымен салыстырамыз ғой. Шыны керек, Алматыдан Астанаға келген сайын Астанадағы ауаның тазалау екеніне риза болып, өзімді жайлы сезінетін едім. Бірақ 2 жыл болды, Сарайшық көшесіне көшіп келдім. Содан бері күзде және қыс бойы, тіпті жаз мезгіліне дейін лас ауаға тұншығатын жағдайға жеттік. Себебі жанымыздағы Шұбар ауданындағы жер үйлер көмір жағады. Сондағы лас ауаны көрген кезде Астананың экологиялық жағдайы мен ойлағандай емес екен деген ойда қалдым. Астананың қақ ортасында, қаланың орталығында отырып, адамдар әлі көмір жағатынына қатты таңғаламын. Себебі мен – еліміздің батыс өңірі, Маңғыстау облысының тумасымын. Ал біздер пеш жағуды 2010 жылдардан бері ұмытқанбыз. Біздің өңірде барлығы табиғи газбен қамтылған. Осы ауданға көшіп келгелі тек сол көмірдің иісі жағымсыз әсер сыйлайды. Әйтпесе мен тұратын жер қаланың орталығы, айналамызда көп нәрсе бар. Бірақ дәл осы Астанадағы Шұбардың түтіні адамның тынысын тарылтып жібереді, – дейді қала тұрғыны Н. Мұқанова.
Иә, әлем жасыл энергияға толықтай көшуге қамданып жатқан тұста, Қазақстанның бұл салада әлі де артта келе жатқаны қынжылтады. Халықаралық энергетикалық агенттік мәліметінше, Қазақстан – тұрғындар көмірді тұрмыста пайдалану жағынан әлемде алдыңғы орындарда тұрған ел. Мұнда көмір тек электр станцияларында ғана емес, сонымен бірге тұрғын үйді жылытуда да кеңінен қолданылып келеді. Әсіресе «қара отынның» үлесі елдің өзге де өңірлерінде айқын сезіледі. Мысалы, солтүстік өңірлердегі жылу электр станциялары толығымен көмір арқылы жұмыс істейді. Энергия өндірудегі көмірдің үлесі 2023 жылы 67% болса, бірақ 2024 жылы алғаш рет 55%-ға дейін төмендеген. Десе де бұл статистика «қуануға әлі ерте» дегенге меңзейді.
Себебі елдегі энергетикалық үлестің кем дегенде жартысын көмір индустриясы құрап отыр. Ал жалпы Қазақстанда көмір қоры аса мол әрі оның өндірісі салыстырмалы түрде арзан. Сол себепті электр станциялары мен индустрия үшін экономикалық тұрғыдан көмірден бас тарту қиын болып тұр. Оған қоса қарапайым тұрғындардан бөлек, Астанада көмір жағып, моншасын жалға беретін бизнесмендер де жетіп артылады. Біз мысал етіп отырған осы Шұбар ауданының өзінде бірнеше монша бар. Бұл сөзімізді қала тұрғыны Нұржауған да растап отыр.
– Үйде жүрген кезде таза ауамен тыныстағымыз келіп, терезені ашсақ, көмірдің иісі мүңкіп тұрады. Желсіз, тынық күндері бұл жағдай тіптен күшейе түседі. Таңертең жұмысқа шығып бара жатқанда, көмір иісі шашымызға дейін сіңіп қалады. Сонымен қатар бір байқағаным, бұл ауданда көмір жағып отырған жеке монша иелері өте көп. Осылайша олар өз бизнесін жүргізіп жатқанымен, ауаны қатты ластап жатыр. Міне, осындай мәселелер күнделікті алдымыздан шығып отырады, – дейді ол.
Көмірдің күлі бірден сөнбейді
Ал осы аудандағы үйде ата-әжесі тұратын Айжан – (кейіпкердің аты өзгертілген, аты-жөнін айтпауды өтінді – ред.) бұл жаққа табиғи газдың келуін күтіп жүрген көптің бірі. Оның сөзінше, егер тұрғындар тұратын аумаққа табиғи газ жүргізілсе, бұрынғыдай көмірдің қалдығын қоқысқа тастап, азапқа түсудің қажеті болмайды.
«Табиғи газ келсе, әрине, үлкен кісілерге көбірек пайдалы болар еді. Оның иісінен бөлек, күлін шығару да біраз мәселе туындатады. Өйткені шыққан қалдықты қоқыс жәшігіне суытып салады ғой. Кейде өрттің негізгі себебі сол болуы мүмкін. Көмірдің күлі толық сөнбейінше, оны тастауға болмайды. Ал көмірдің күлі бірден сөнбейді. Сондықтан біздің ата-әжеміз көмірдің күлі сөнгеннен кейін, бір тәулік өткізіп барып, қоқысқа тастайды. Оған қоса қаланың қақ ортасында отырып, кәріз жүйелері жасалмаған. Үйдің ішінен келетін лас су, дәретхана суы, қоқысы – бәрі канализация жолымен шықпайды. Оған арнаулы жүк көлігі келіп, сорып алады. Жалпы Шұбар ауданындағы негізгі мәселе – осы. Сондықтан бұл біздің қалтамызға да арзанға түспейді», – дейді Айжан.
Ресми мәлімет бойынша, Астанадағы ауаның ластануы көбіне көмірмен жылынатын аудандар мен жылу электр орталықтарынан тарайды . Қазгидромет дерегіне сәйкес, 2024 жылдың қысында ауаны ластайтын PM2.5 бөлшектерінің концентрациясы 80-110 µg/m³ аралығында болған. Бұл – ДДСҰ нормасынан 6-8 есе асып түскен көрсеткіш. Себебі ауаны тікелей ластайтын осы «PM2.5» деп аталатын бөлшектер адамның тыныс алу мүшесіне тікелей әсер етіп, астма, бронхит, өкпе қатерлі ісігінің негізгі қоздырғышына айналады.
Көмір бағасы қанша тұрады?
Астаналық тұрғындар көмірді көбіне Қарағанды мен Петропавлдан сатып алады. Себебі бұл жақта көмір қоры мол және оны жеткізу де қиынға соқпайды. Сонымен қатар көмір сату да әжептеуір бизнеске айналған.
«Мұнда тұрғындар көмірді көбіне күн суытқан уақыттан бастап, яғни қазан айынан бастап сәуір айына дейін жағады. Жылына кемінде 7-8 тонна көмір жағылады. Қаланың сыртында, сосын Көктал жақта да көмір сататын арнаулы орындар бар. Көмірдің бағасы шамамен тоннасына 19-23 мың теңгені құрайды. Былтыр 21 мың теңге болды. Оның бағасы сапасына қарай қымбаттай береді. Көбіне бізге келетін көмір «Шұбаркөл», «Богатырь» деп бөлінеді», – дейді бізбен сөйлескен кейіпкер Айжан.
Айжан айтқан көмір сататын орындарды көру үшін қаланың шетіндегі Сарыарқа ауданында орналасқан «Угольный двор» ЖШС-ның бір нысанына бардық. Аталған аумақтан жерде ашықтан-ашық жатқан көмірді көрдік. Бірақ көмір қоры қазір айтарлықтай көп емес. Сол жерде 15 жылдан бері жұмыс істеп жүрген қызметкердің сөзінше, қазір көмірге деген сұраныс жоғары уақыт емес көрінеді. Оның айтуынша, адамдар көмірді көбіне күз басталғанда сатып алады. Ал көмірдің бір тоннасы 18 мың теңгеден басталып, сапасына қарай құны да жоғарылай бермек. Қызметкер мұнда көмірдің Екібастұздан, Қаражыра, Майқұба, Шұбаркөлден келетінін айтты. Оған қоса олар көмірді үлкен жүк көлігі арқылы да, бірнеше вагон арқылы да тасиды…
Жел энергиясы: пайдасы мен қаупі
Астананың қақ ортасында тұрғындар көмір жағып жатқанда, қаланың шетіндегі ауылдарда жаңартылатын энергия көзі біртіндеп дамып келеді. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің ішінде ең шынайы дамып жатқан бір сала болса, ол – жел энергетикасы. Оның ең негізгі себебі – климаттық жағдай. Қазақстанның жазық далаларында орташа жылдық жел жылдамдығы кемінде 6-7 м/с, бұл – жел генерациясы үшін өте тиімді көрсеткіш. Бірақ мәселе тек табиғи мүмкіндікпен шектелмейді. Біз өз аяғымызбен барып, өз көзімізбен көрген Астананың іргесіндегі Бұлақсай ауылында бірнеше үлкен жел турбинасы қойылған. Жел турбинасын қойған – қытайлық компания. Ал оны арзан бағаға сатып алатын – Қазақстан Үкіметіне қарасты электр желілерін басқаратын өзіміздің «KEGOC» компаниясы.
Астанадан 50 шақырым жерде орналасқан 228 МВт қуат өндіретін жел паркі 2022 жылдың желтоқсанында іске қосылған. Онда 15 инженер мен техник мамандар жұмыс істейді, соның бірі – Мәдиғазы Әміров.
«Жалпы өзіңіз көріп отырған жел электр станциясы осыдан 3 жыл бұрын желтоқсан айында іске қосылды. Біздегі турбиналар Қытайдың Windey компаниясына тиесілі. Әр турбинаның биіктігі – 98 метр, қалақ ұзындығы – 84 метр. Жүйе толығымен автоматтандырылған. Біз тек техникалық бақылау жасаймыз. Бұлар 20 жыл қызмет етеді. Жыл сайын техникалық қызмет етуден өтеді. Әзірге апаттық жағдай болмады. Турбиналар тек жел жылдамдығы аса жоғары болған кезде немесе жоспарлы тексеру кезінде ғана өшіріледі. Қыста жел жылдамдығы қарқынды болады, соған сәйкес энергия мөлшері де көбейеді. Бұл жерде техникалық талаптардың бәрі толықтай стандартталған. Мәселен, аяз қатты болып, құрылғы тоқтап қалса, өзінің арнайы қайта жүктейтін құрылғылары бар», – деді ЖЭС-ке қызмет көрсету жөніндегі маман, энергетик Мәдиғазы Арынғазыұлы.
Оның айтуынша, бұл жоба жылына 75 000 МВт/сағ энергия өндіреді. Осылайша өндірілген қуат көзі бірнеше ауданның электр қажеттілігін жабуға жетеді.
– Жалпы Казақстан үшін жаңартылатын энергия көздері тұрақты энергия ретінде өте маңызға ие. Өйткені олар әдетте энергетикалық қауіпсіздікті арттырады. Оған қоса ең бастысы сол, қазба отындарына қарағанда, парниктік газдарды аз шығарады. Жел электр станцияларының энергия ретіндегі құны әдетте, қолданыстағы көмір электр станцияларына қарағанда арзанырақ. Бұдан бөлек табиғи газбен, атом энергиясын өндірумен бәсекеге түсе алады. Жел турбиналарын теңізге де орнатуға болады. Теңіздегі жел құрлыққа қарағанда тұрақты және күшті. Бірақ құрылыс пен техникалық қызмет көрсету шығындары жердегіге қарағанда, анағұрлым жоғары болады, – дейді маман.
Жел де «тұрақсыз»…
Бірақ жел энергетикасы сырттай қарағанда, қарапайым әрі оңай алынатын энергия көзі сияқты көрінгенімен, шын мәнінде, мүлдем олай емес. Бұл салада нақты қиындықтар да бар. Жел энергетикасы жөніндегі инженер, осы аймақтың жел электр станциясындағы объект басшысы мұны ашық айтып отыр.
«Жалпы жел электр станцияларына тән ортақ бір мәселе бар. Ол – жел жылдамдығының тұрақсыздығы. Жел – тұрақты емес ресурс. Ол да тәуелді. Мәселен, жел 3 м/с-тен аз болса, генерация жүрмейді. 25 м/с- тен жоғары болса, турбина автоматты түрде өшеді. Қыс мезгілінде қалақтарға мұз қатып, жол жабылады. Бұл – апаттық жағдай емес, бірақ өнімділікті азайтады. Астана өңіріне тән кейбір қосымша қиындықтар да бар. Мысалы, қыс мезгілінің қатты болуы мен қардың қалың түсуі. Қар қалың түскен жағдайда, төтенше жағдай болса, жел турбиналарына дер кезінде жету қиындайды. Жолды қар басып, жабылып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда алдымен жолды ашу қажет болады.
Сонымен қатар Астананың көктемгі ауа-райы да өзінше бір қиындық тудырады. Көктемде күн кенеттен жылынып, артынша қайта суытып кетеді. Мұндай кезде күндіз еріген су турбина қалағының бойымен ағып, кешке қарай қатып қалады. Қалақтар мұздап қалған кезде турбина жұмысын тоқтатады. Мұз ерімейінше, қайта іске қосу мүмкін емес. Әлі жел турбиналарына мұзды ерітетін арнаулы жүйе қарастырылмаған», – дейді кәсіби маман Р. Серікқалиев.
Энергияны қалай сақтаймыз?
Оның айтуынша, ЖЭС-тегі маңызды мәселе энергия сақтау жүйесінің жоқтығы – ең үлкен кемшілік.
«Энергия сақтау жүйелері қазіргі уақытта іс жүзінде қолданылмайды. Аккумулятор түріндегі шағын сақтау құрылғылары бар болғанымен, олар тек шектеулі мақсат үшін пайдаланылады. Мәселен, тоқ (электр қуаты) кенеттен өшкен жағдайда, подстанция ішінде жұмыс істейтін түрлі, мысалы, SCADA, АСКУЭ сияқты жүйелер бар. Оған қоса мемлекеттік органдарға деректерді жіберуге арналған компьютерлер бар. Сол жүйелерді белгілі бір уақыт аралығында үздіксіз жұмыс істету үшін арнайы аккумуляторлар қолданылады. Алайда үлкен көлемдегі энергияны ұзақмерзімге сақтап тұратын жүйелер әлі енгізілмеген. Жалпы айтқанда, мұндай ірі аккумуляторлық жүйелер Қазақстанға енді-енді келе бастады. Көршілес Қытайдан келген компаниялар осы технологияларды енгізуге талпыныс жасап жатыр. Бірақ қазіргі таңда кең ауқымды энергияны сақтау мүмкіндігін қамтамасыз ететін аккумуляторлар нақты жұмыс істеп тұр дегенді өз басым естіген жоқпын», – деді инженер Райымбек Асыланұлы.
Жобаның экологиялық қауіпсіздігі
Бірақ жел турбиналары қалай десек те, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз. Ресми дерекке сүйенсек, жел турбиналарынан шығатын дыбыс деңгейі санитарлық нормаларға толықтай сай келеді. Себебі турбиналардың жанына барып, оны өз көзімізбен көріп, өз құлағымызбен естіген кезде куә болдық. Егер «дәстүрлі» энергия көздерімен, атап айтқанда, жылу электр станцияларымен (ТЭЦ) салыстырар болсақ, турбиналардың дыбысы әлдеқайда төмен. Бұл дыбыс тек турбинаның дәл астына барып тұрғанда ғана естіледі. Яғни 50 метрден әрі қашықтықта тұрсаңыз, ол құлаққа жағымсыз немесе адамды алаңдататындай деңгейде болмайды. Сол себепті, көршілес орналасқан Бұлақсай ауылына бұл жоба тарапынан ешқандай акустикалық зиян келіп жатқан жоқ. Жергілікті тұрғындар тарапынан дыбыстың мазалайтыны жөнінде ешқандай ресми шағым түспеген. Демек ол жоба экологиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан да қауіпсіз екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
«Сондай-ақ кейбір адамдар жел турбиналары құстарға қауіп төндіруі мүмкін деген пікір айтады. Алайда бұл да негізсіз ақпарат деуге болады. Біз жұмыс істеген жобаларда мұндай жағдай тіркелген емес. Оның үстіне, жоба басталмас бұрын бір жыл бойы арнаулы мекеме құстардың ұшу траекториясын бақылап, зерттеу жүргізді. Олар құстардың қай аймақта, қай биіктікте ұшатынын, қай маусымда миграция болатынын есептеп, соған сәйкес жел турбиналары орнатылатын орынды нақтылап бекітті. Яғни экологиялық қауіп-қатерлер алдын ала жан-жақты зерттеліп, ескерілген», – деді маман.
Жаңартылатын энергия көзіне байланысты пәндер оқытылса…
Біз сөйлескен жел электр станциясында жұмыс істейтін мамандар жалпы Қазақстанның осы саладағы әлеуетіне сенім білдіреді. Дегенмен бұл жақта да күрмеулі мәселелер көп. Соның бірі – саладағы әдістердің жаңарғаны мен қазақ тілінде оқулықтардың жоқ екені.
«Егер жалпы электр энергетикасы саласына тоқталатын болсақ, қазіргі таңда бұл салада білікті мамандардың көбі – орыс ұлтынан. Олар – бұрыннан қалыптасқан жұмыс тәртібімен, яғни ТЭЦ пен подстанцияларда қызмет еткен, «ескі мектептің» өкілдері. Жаңа энергия көздерін меңгеруге олар онша құлшыныс таныта бермейді, өйткені бұл қайтадан оқуды, жаңаша үйренуді талап етеді. Ал жел, күн сынды баламалы электр станциялары бойынша айтатын болсақ, Қазақстанда бұл салада қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де сапалы әдебиет өте аз. Көп ақпарат ағылшын тілінде беріледі. Бұл технологиялар, әсіресе, Қытайда жақсы дамып жатыр. Ал қытайлық мамандар түсініктемелерді көбіне ағылшын немесе қытай тілінде береді. Сол себепті саланы негізінен жастар меңгеріп жатыр. Иә, техникалық бағытқа бет бұрған жастардың көбі қазіргі таңда баламалы энергия көздері бойынша жұмыс істейді. Бірақ өкінішке қарай Үкімет тарапынан бұл бағытта нақты бағдарламалар қарастырылмаған. Тек кейбір университеттерде ғана жаңартылатын энергия көзіне байланысты пәндер оқытылады», – дейді маман.
Осыдан бірер жыл бұрын Қазақстанда жаңартылатын энергиядан өндірілген 6,1 ТВт/сағ қуаттың 39%-ын жел энергетикасы қамтамасыз еткен. Бұл – барлық ЖЭК ішіндегі ең жоғары үлес. Демек Қазақстанның аталмыш салада потенциалы жеткілікті деуге толықтай негізіміз бар.
Сутегі Қазақстанның болашағы ма?
Жуырда Еуропаның біраз мемлекеті мен Жапония, Оңтүстік Корея елдері 2035 жылдан кейін көмірді мүлдем пайдаланбауға көшетінін мәлімдегені жайлы ақпарат тарады. Өйткені бұл елдер сутегі отынын «болашақтың негізгі энергия көзі» ретінде қарастырып отыр. Қазақстан да бұл бағыттан тыс қалмауға тиіс.
Бірақ сутегі энергетикасы жай ғана қарапайым дүние емес. Ол – ғылыми тереңдікті, технологиялық қауіпсіздікті талап ететін сала. Мұны жақсы білетін де, түсінетіндердің де бірі – АҚШ-тағы беделді оқу орнынан Қазақстандағы іргелі оқу орны Назарбаев университетіне арнайы келген, Жаңартылатын энергия зертханасының Зертхана меңгерушісі, білікті профессор Нуршат Нуражи.
«Біз күн сәулесі арқылы суды ыдыратып, сутегі аламыз. Технология бар. Бірақ мәселе мұнда емес. Мәселе сол сутегіні қалай сақтаймыз деген сұрақта. Оны қандай қысымда, қандай температурада, қанша уақыт сақтай аламыз? Бұл сұраққа қазіргі таңда әлемнің барлық озық елі жауап іздеп жатыр. Әзірге оны қандай формада сақтау керегін ойланып, ғылыми қауымдастық жарысып жатыр. Біз де сол бағытта жұмыс істеп, университет қабырғасындағы жастармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Қазір Оңтүстік Кореяда біртіндеп сутегімен жүретін көліктен нарыққа еніп жатыр. Қазақстан да сондай әлемдік жағдайлардан қалыс қалмай, қимылдауы керек», – дейді профессор Н. Нуражи.
Әңгіме барысында Н. Нуражи бізге жалпы сұр, көк, жасыл сутегінің қалай алынатынын түсіндіре келе, олардың мақсаты жасыл сутегіні бөліп алу екенін айтты. Қазір профессор Нуршат Нуражи жаңартылатын энергия зертханасында жұмыс істейтін мамандарға жетекшілік етіп, біраз жасты салаға бейімдеп келеді. Кәсіби маман жетекшілік ететін зертхана сутегіні алу, тасымалдау және сақтау процестерін модельдеу бойынша жұмыс істейді. Одан бөлек профессор өзі жетекшілік ететін жұмыс тобының биомасса арқылы ашқан жаңалығын бөлісті.
Қан қысымын түсіретін табиғи дәрі
«Біз қан қысымын төмендететін, толық экологиялық негіздегі дәрі жасап шықтық. Ол синтетикасыз, таза табиғи биошикізаттан жасалған. Бұл – біздің зерттеу тобы үшін үлкен жетістік. Қазір халықаралық ғылыми журналға мақала жібердік. Егер олар мақұлдаса, бұл Қазақстан ғылымының жаңа деңгейге шыққаны болар еді. Әрине, денсаулық сақтау өкілдерімен де сөйлесіп, дәрінің құрамын тексерттік. Олар да біз жасап шығарған дәрінің құрамы химиялық жолмен алынған дәрімен бірдей екенін растап отыр. Демек дәріні сынақтан өткізудің де қажеті болмауы мүмкін. Біздің жасаған дәріміздің бір артықшылығы сол, оның құрамы табиғи биошикізаттан тұрады әрі бұл өзіміздің отандық өнім болмақ. Басқалар жасап шығарған дәріден тағы бір айырмашылығы, біз препаратты аз ғана уақыт ішінде оп-оңай жасап береміз», – дейді ғалым Н. Нуражи.
Бұл жаңалықтың энергетикаға тікелей қатысы болмаса да, жасыл экономика аясында адамның денсаулығына еш зиян келтірмей, сауықтыруға болатынын дәлелдейді.
Hydrogen Council есебіне сәйкес, 2030 жылға қарай сутегі энергетикасының әлемдік нарықтағы үлесі 18% болады деген болжам бар. Еуроодақта «Hydrogen Roadmap Europe» бағдарламасы бойынша, 2035 жылға дейін толық сутегімен жүретін қоғамдық көлік жүйесі енгізіледі. Осы үдерістен Қазақстан да қалыс қалғысы жоқ.
Биомассаның Қазақстанның энергетикалық секторына қосатын үлесі қандай?
Қазақстанның энергетикалық саладағы болашағы айтқан кезде, ойымызға тек күн мен жел энергиясы келеді. Бірақ жалпы қоғам болып, назардан тыс қалып келе жатқан үлкен сала бар. Ол – биомасса. Елде ауыл шаруашылығы қалдықтары жыл сайын жүздеген мың тонна көлемінде жиналатыны белгілі. Бірақ көмір жағып отырған ел бұл қалдықты тек шірітеді немесе өртеп жібереді.
Ал зерттеушілер Қыран Қасым, Жанат Ажханова, Мақпал Рахатқызы – осы ресурсты энергия көзіне айналдырудың жолын жасап жатқан жастар. Олардың барлығы – жаңа ғана мақалада сөз етіп отырған профессор Нуршат Нуражидің шәкірттері әрі командасының мүшелері.
Мұнай өнімдерін алмастыруға мүмкіндік береді
Биомасса дегеніміз не? Ол қайда қолданылады? Биомасса қандай «дәстүрлі энергия көзінің» орнын баса алады?
Міне, осы сұраққа зерттеуші Қыран Қасым былай деп жауап береді:
«Биомасса да – күн сәулесінің фотосинтезі арқылы алынатын табиғи өнім. Яғни оның бастапқы көзі – Күн. Бірақ күн мен желден энергия тікелей алынса, биомассаны пайдалану үшін оны алдымен өңдеу қажет. Дегенмен оның құрамындағы полисахаридтер мен фенолдық қосылыстардың химиялық әлеуеті жоғары. Бұл қосылыстар мұнай өнімдерін алмастыруға мүмкіндік береді. Сондықтан биомассаның қолдану аясы кең әрі ол тек энергия көзі емес, сонымен қатар өнеркәсіптік шикізат ретінде саналады.
Қазақстанда ең кең таралған биомасса көздеріне жүгері сабағы, бидайдың қауызы және орман шаруашылығынан алынатын ағаш үгіндісі жатады. Бұл шикізаттар ел аумағында көптеп кездесетіндіктен, өңдеуге де ыңғайлы. Аталған қалдықтардан таза отын, химиялық қосылыстар мен түрлі өнеркәсіп өнімдерін алуға болады», – дейді фармацевтика ғылымындағы ғылыми қызметкер болып істейтін Қыран Қасым.
Экологиялық таза әдіс
Ал Назарбаев университетінде PhD студент әрі ғылыми қызметкер Жанат Ажханова:
– Қазіргі уақытта біз биоқалдықтарынан фурфурол деп аталатын органикалық затты синтездеп алу арқылы қан қысымын төмендетуге арналған «Празозин» дәрі жасау бағытында зерттеу жүргізіп жатырмыз. Фурфурол – органикалық қосылыс. Ол көбіне ауыл шаруашылығы қалдықтарынан, мысалы, жүгері сабағы, бидай кебегі немесе күріш қауызы сияқты лигноцеллюлозалық биомассадан алынады. Бұл компонент химиялық өңдеуден өтіп, көптеген пайдалы затқа айналады. Біз фурфуролды ауыл шаруашылығы қалдықтарынан, яғни бидай кебегі, жүгері сабағы, күріш қауызы сияқты лигноцеллюлозалық биомассадан аламыз. Бұл қалдықтарда пентозалар мол, солардың ыдырауынан фурфурол түзіледі. Фурфуролды синтездеу және Празозин дәріні өндіру процесінде ағынды аппаратты қолданып отырмыз. Себебі синтездеуде ағынды аппаратты қолдану тиімді. Өйткені реакция үздіксіз жүріп, өнім тұрақты әрі көп мөлшерде алынады, температура мен қысым дәл реттеледі, энергия үнемделіп, қалдық азаяды. Сондықтан бұл – экологиялық таза әдіс, – дейді.
Өнім нарыққа шықпақ
Жанат Ажханова айтып отырған өнім нарыққа шығар болса, бұл әлемдік ғылыми қауымдастық үшін де, Қазақстан үшін де үлкен жаңалық болмақ.
– Қазіргі таңда біз зертханалық кезеңдеміз. Алдағы 1-2 жыл ішінде клиникалық сынақтар басталса, өнім нарыққа шығуы мүмкін деп жоспарлап отырмыз. Болашақта биомассадан алынатын басқа да табиғи компоненттерді медицинада қолдану бағытында жұмыстар жүргіземіз. Ең бастысы – экологиялық таза әрі тиімді дәрілер жасап шығару. Бұл жоба экологиялық таза және халыққа қолжетімді дәрі жасауды көздейді. Біздің мақсатымыз да сол – Қазақстанда био-шикізаттан экологиялық таза, арзан және тиімді дәрілер шығару. Бұл бағытта біз жаңа технологияларды қолдана отырып, медициналық және фармацевтикалық әлеуетті дамытып жатырмыз. Ауыл шаруашылығы қалдықтарын (мысалы, бидай кебегі, күріш қауызы) пайдаға жарату шығынды азайтып, отандық өндірісті қолдайды. Жобаның экономикалық, экологиялық, ғылыми және әлеуметтік әсері көп: жергілікті шикізатты пайдалану шығынды азайтып, импортты төмендетеді және жаңа жұмыс орындарын ашады; биомассаны қайта өңдеу арқылы табиғатты қорғап, табиғи негіздегі дәрілер экологияға зиян келтірмейді; органикалық химияда жаңа технологиялар дамып, жастар мен ғалымдарға мүмкіндік туады; ал отандық дәрілер халыққа қолжетімді болып, денсаулық сақтау сапасы артады, – дейді ол.
Қалдықтарға «жаңа өмір» сыйлау
Биомасса тек энергия емес, материалдар тұрғысынан да пайдалы. Соның ішінде биополимерді зерттеп, сол бағытта жұмыс істеу қазір кенже қалып отыр. Бірақ Назарбаев Университетінде химиялық инженерия бойынша PhD кандидаты Мақпал Рахатқызы биополимерлер жөнінде зерттеу жүргізіп жатыр. Мақпалдың айтуынша, биополимерлер кәдімгі мұнайдан алынатын пластиктердің орнын баса алады.
«Біздің ғылыми топ агроқалдықтардан жоғары қосымша құны бар өнімдер өндіру бағытында жұмыс істейді. Бұл жоба экологиялық тұрғыда маңызды, себебі біз қалдықтарды пайдамызға жаратып, оларға «жаңа өмір» сыйлай отырып, экологиялық жүктемені азайтамыз. Сонымен қатар, бұл қалдықтардан алынған өнімдер коммерциялық тұрғыда да өте құнды, мысалы, дәрі-дәрмек немесе бионегізді полимерлер жасалады.
Менің жұмысымның негізгі бағыты – бионегізді полимерлер синтездеу. Біз бұл мақсатқа жету үшін микротолқынды сәуле, терең эвтектикалық еріткіштер мен үздіксіз ағынды реакторлар сияқты жаңа технологияларды пайдаланып, жоғары қосымша құны бар аралық өнімдерді тиімді синтездейміз. Аралық өнімдерден кейін үздіксіз ағынды реакторлар көмегімен бионегізді полимерлер алынады. Үздіксіз ағынды реакторлар тұрақты температура мен қысымды қамтамасыз етіп, химиялық реакцияларды тиімді, үнемді жүргізуге мүмкіндік береді. Олар масштабтау процесін жеңілдетіп, өндіріс көлемін ұлғайтуға және экологиялық таза полимерлерді өндіруде тиімділікті арттыруға септігін тигізеді. Бұл әдіс арқылы жоғары сапалы өнімдерді үлкен мөлшерде өндіріп, өндірістің экономикалық тиімділігін арттыруға болады», – дейді Химиялық Инженерия саласындағы PhD кандидат Мақпал Рахатқызы.
«Қазақстан шикізат көзі емес, өнім өндіретін ел болуы керек»
Қазақстанда жаңартылатын энергия көзін, соның ішінде биомассаны тиімді пайдалануға үлкен әлеует барын сарапшылар растап отыр. Елдің географиялық жағдайы мен табиғи ресурстары, әсіресе күн мен жел энергиясы, бұл саланың дамуына мол мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан – ірі агроөндіріс орталығы. Сол себепті ауыл шаруашылығы қалдықтарын, яғни агроқалдықтарды, тиімді пайдалану арқылы бионегізді полимер, дәрі-дәрмек секілді жоғары қосымша құны бар өнімдер өндіруге болады.
Оған қоса сарапшы Мақпал Рахатқызы қазақ қоғамына жаңартылатын энергия көзіне қатысты ақпараттарды көбірек ұсынып, халықты осы бағытта сауатты ету де маңызды рөл атқаратынын айтады.
«Мұндай тәсіл ауылдық аймақтардың экономикасын дамытуға, энергияға тәуелділікті азайтуға және экологиялық тұрақтылықты нығайтуға жол ашады. Бұл Қазақстанды тек шикізат көзі емес, өңделген өнім өндіретін ел ретінде көрсетуге мүмкіндік береді. Әрине, бастапқы инвестиция мен инфрақұрылым мәселелері бар, алайда дұрыс саясат пен мақсатты инвестициялар арқылы бұл әлеуетті толық жүзеге асыруға болады. Толық экологиялық таза, жаңартылатын энергияға көшу үшін бірнеше бағытта нақты қадамдар қажет. Біріншіден, мемлекет тарапынан қолдау күшейтіліп, ұзақмерзімді стратегиялар қабылдануға тиіс. Екіншіден, жаңартылатын энергия инфрақұрылымын дамыту, яғни күн, жел, биомасса сынды көздерге арналған технологияларды енгізу қажет. Үшіншіден, агроқалдықтар мен өндіріс қалдықтарын энергия мен пайдалы өнімге айналдыруға бағытталған ғылыми зерттеулер мен инновацияларды қолдау маңызды. Сондай-ақ халықты ақпараттандыру мен кадр даярлау, инвестиция тарту және тұрақты экологиялық саясат жүргізу де – бұл процестің ажырамас бөлігі», – дейді ол.
Ел экономикасы «жасыл» бола ала ма?
Кез келген идеяның тағдырын саясат емес, қаржы шешеді. Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері туралы мәселелер көтеріліп, стратегия да анықталды, мақсат белгіленді. Бірақ нақты нәтиже туралы айтқанда, сандар «басқаша» сөйлейді.
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, Қазақстанда ЖЭК, яғни, жаңартылатын энергия көзі саласына бөлініп отырған қаражат өте мардымсыз.
Жалаңсөз, жалаң ұрандарды қойып, нақты іске көшетін уақыт келді…
«Экономиканың негізгі драйвері – өндіріс, өнеркәсіп. Ал ол энергетикасыз жүрмейді. Сондықтан да энергия көзі, энергия қуаты экономиканың қозғаушы күші деп айтуға толық негіз бар. Ал біз энергетикалық қуатты көмірден аламыз, мұнайдан аламыз. Қазір әлемде уақыт дәуірі өтіп бара жатыр. Сол себепті жасыл энергияның енді кезеңі келіп тұр деуге болады. Қазақстан жағдайын қарайтын болсақ, жаңартылатын энергия көзі өндіріліп отырған жалпы энергияның 6 пайызын ғана құрайды. Бұл шындығында, көп емес. Сондықтан Қазақстан қазір «жасыл энергияға өтті», «жақын арада жасыл экономикаға толық көшеміз» деп айту – ертегі сияқты көрініс. Енді Қазақстанда жасыл энергетиканы дамыту бойынша нақты жоспар бар. Өте жақсы жобалар жүзеге асып, инвестиция құйылып, жаңартылатын энергияны қолға алу күрт өсіп келе жатыр. Оны 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр. Ал 2050 жылы елімізде өндіріліп жатқан энергияның тұтастай энергияның 50 пайызы жаңартылатын энергия көзі болады деген жоспар бар. Дәл қазіргі уақытта бұл салаға әлі көптеп инвестиция салынуы керек. Жасыл энергетиканың, соның ішінде Қазақстан үшін ең тиімдісі – жел генераторларын қою. Өйткені біздің даламызда жел көп біраз аймақ бар. Ол – Каспий маңы, Оңтүстік, Шелек, Жоңғар Алатауы жақ. Егер осы өңірлердегі желді тұрақты пайдалана алсақ, ел экономикасына үлкен әсер ете алатындай жағдай жасар едік. Күн энергиясы да туралы да жиі айтамыз. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде оған мүмкіндік көп. Одан бөлек елімізде Атом электр станциясын салу мәселесі мақұлданып қойды. Оны біз баламалы энергия көзі, жасыл энергия ретінде қарастырып жүрміз. Бірақ бізге АЭС-тен емес, жел мен күн энергиясынан, жалпы жаңартылатын энергия көздерінен көп пайда алып келіп, соны дамыту қажет. Әлемнің озық елдері бұл бағытта қатты алға басып келеді. Көптеген мемлекет тұтастай жасыл энергетикаға көшетінін нақтылап алды. Жаһанда мұнай дәуірі өтіп бара жатқанын ескерсек, енді жаңартылатын энергия көзін дамыту саласына Қазақстанның жағдайында үлкен модернизация керек. Қателеспесем, бұған дейін 2010 жылдары жасыл энергетиканы дамыту жобаларына 30 миллиард қаржы қажет болған. Бірақ өкінішке қарай мұндай қаражат бөлініп жатқан жоқ. Соңғы уақытта қазақ даласына Араб елдерінен, Еуропадағы Германия мен Франциядан жаңартылатын энергия саласына қаржы бөлу жоспарланып жатыр және жобалар ақырындап мақұлданып келеді. Бұл – жақсы тенденция. Дегенмен бұған мемлекет тыңғылықты әрі нақты ұстаныммен келуі керек деп ойлаймын. Әйтпесе бізде EXPO 2017-нің қалай өткені белгілі жайт қой. Ол жердегі негізгі тақырып баламалы энергия көзі болғанымен, жасыл экономика болғанымен, Қазақстан үшін пайда болатындай ештеңе көрмедік. Сондықтан да жалаң сөз, жалаң ұрандарды қойып, нақты іске көшетін уақыт келді. Егер инвестицияны жаңартылатын энергия көзіне құяр болсақ, Қазақстан экономикасының негізгі драйвері осы сала болмақ. Мәселен, «Мұнайдан кейінгі экономика» деп Катар елі мемлекеттік бағдарлама қабылдаған. Бізде ондай нақты бағдаралам жоқ. Мұнай дәуірі қазір, міне, аяқталуға да жақындап қалды. Енді бізге не істеу керек? Мұнай болмаса, оның орнын не басады? Осы секілді сұрақтар жалпы қоғамдық сананы алаңдатуы керек. Өз басым экономист ретінде Қазақстанның ұлттық экономикасы моделінің ішінде осы жасыл энергетика көзін, жалпы жасыл экономиканы келешектегі бағдар ретінде көремін», – дейді экономист маман Мақсат Халық.
Демек маманның пікірінше, Қазақстан жасыл экономикаға тек стратегиямен емес, жүйелі қаржымен, нақты инфрақұрылыммен, ұзақмерзімді көзқараспен ғана өте алады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні
Сөзімізді қорытындылап айтар болсақ, Қазақстан – жаңартылатын энергия көзін дамытуға мүмкіндігі өте мол мемлекет. Мұны біз тілдескен ғалымдар да, кәсіби мамандар да растап отыр. Ал әлемнің озық елдері, соның ішінде Еуропа елдері энергияның негізгі бөлігін «жасыл энергиядан аламыз» деп нақты жоспар құрып жатқанда, біздің көмірден әлі де құтыла алмай жатқанымыз – үлкен абсурд. Сондықтан елімізде жүйелі түрде шешілуге тиіс мәселе шаш етектен.
Егер жаңартылатын энергия көзін дамытуды шынымен, қолға алсақ, онда ең бірінші мәселені сол саладағы пәндерді оқытудан, қазақ тіліндегі оқулықтарды жазудан бастаған жөн. Ал екіншіден, жұмыс істеуге қабілетті, білімді, сауатты ғалымдарға көмек беріп, олардың жобасын іске асыруда Үкімет қолдау көрсеткені абзал. Үшіншіден, бұқаралық ақпарат құралдарында жаңартылатын энергия көзі туралы көп жазылса, қоғамдық сана да аталмыш салаға назар аударып, энергияға қатысты дұрыс ақпараттық иммунитет қалыптасады деп сенеміз.
Суреттерді түсірген: автор