in

Ең үлкен алтын қоры табылды, бұнда планетамыздағы алтынның 99%-ы жиналған

Aikyn.kz әлемдегі алтынның қоры сақталған жерді newatlas.com жариялаған материалға сүйеніп таныстырады.

Алтын ядрода қалып қоймай, мантия арқылы Жер бетіне жақын қабаттарға көтеріледі. Фото newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: USGS/ M. Patrick

Бұл жерде біздің планетамыздағы алтынның 99,999%-ы сақтаулы жатыр. Ол адамның келуін күтіп тұрғандай. Бірақ бір кілтипан бар. Алтын адамзат мәдениетінде ерекше орын алады. Ол тек монеталар мен әшекейлерде қолданылатын элемент қана емес. Ральф Уолдо Эмерсон:

«Алтынға деген құмарлық – алтынның өзінде емес, еркіндік пен пайдаға қол жеткізудің жолында», – деген болатын.

Алайда бұл да жеткіліксіз. Алтынға деген құмарлық талай империяны құртып, жаңаларын орнатты. Мыңдаған жыл бойы ол жаһандық экономиканың тірегі саналып келді. Кейде бұл құмарлық адамды ақылынан адастырды. «Алтын көрсе періштедей адам жолдан таяр» деген сөз де адамдарға арналған. Өйткені періштеге алтынның қажеті жоқ.

Бұл – жайдан-жай емес. Алтын – ерекше жарқырайтын, тығыз, коррозияға ұшырамайтын, химиялық жағынан инертті, тасымалдауға ыңғайлы, улы емес, қалыпты температурада қатты күйде болатын сирек металл. Электр мен жылуды жақсы өткізеді және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады.

Әлемнің барлық алтыны осы ядрода шоғырланған. Иллюстрация newatlas.com сайтынан алынды. Авторлығы: Геттинген университеті / OpenAI

Алтын өте сирек кездеседі. Бүкіл адамзат тарихында бар болғаны 216 000 тонна алтын өндірілген. Бұл шамамен 22 текше метрді құрайды. Алтын іс жүзінде бұзылмайды және үнемі қайта өңделеді. Сондықтан қазіргі қолданыстағы алтынның көпшілігі тас дәуірінен бастау алады. Бірақ адамзат қолында бүгін қанша алтын бары белгісіз.

Бірақ мұның бәрі – ұсақ-түйек. Себебі Геттинген университетінің ғалымдары ең үлкен алтын қоры қайда екенін тапты. Олар оның нақты орнын біледі. Бірақ оған жету қазірше мүмкін емес. 

Сондай мол алтын қайда жасырынған? Жердің ортасында, балқыған ядросында. Біздің бүгінгі қазып алып жатқан алтын – Жер қабығындағы силикатты жыныстарда кездесетін болмашы ғана қалдық. Ауыр металлдардың басым көпшілігі Жердің ішкі ядросында орналасқан. Олар 4,5 миллиард жыл бұрын планетамыз пайда болғанда, оның түбіне шөгіп кеткен. Бұл әсіресе темірмен тығыз байланыста болатын сидерофильді алтынға қатысты. Ядродағы балқыған алтынның мол қоры бүкіл Жердің бетін 46 см қабатпен жабуға жетер еді.

Нидерланд ғалымдары рутений мен вольфрам изотоптарының қатынасын зерттеп, оларды Гавайи, Баффин Жері, Галапагос және Реюньон аралдарындағы базальттар мен пикриттерден тапқан. 

Зерттеу нәтижесі рутений бар жыныстардың Жердің ядросы мен мантиясының шекарасынан шыққанын, кейін вулкандық процестер арқылы Жер бетіне көтерілгенін көрсеткен. Демек, алтын ядроның түбінде қалып қоймай, мантия арқылы жоғары қабаттарға көтеріліп, қолжетімді орындарға өзі жайлап келуі мүмкін.

Әрине, бұған миллиондаған жыл керек болады. Егер күтуге уақытыңыз болмаса, Күн жүйесінің қалыптасуынан қалған астероидтарға баруға болады. Мысалы, Психея деп аталатын астероид – бағалы минералдарға бай. Бұл астероидта алтын болса, оның құны 10 000 квадриллион АҚШ долларына жетуі мүмкін.

Зерттеу материалдарымен Nature журналынан танысуға болады. https://www.nature.com/articles/s41586-025-09003-0

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.