CNBC жаңалығына сүйенген Aikyn.kz алтын бағасының қымбаттау себептерін түсіндіреді.
Сәрсенбі күні (8 қазан) алтынның бір унциясының бағасы 4 000 АҚШ долларынан асып, тарихи рекорд орнатты. Бұған инвесторлардың экономикалық және геосаяси тұрақсыздық жағдайында өз активтерін қорғауға ұмтылысы әсер етуде. Сондай-ақ АҚШ Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуінің күтілуі де себеп болды.
Әйгілі қаржыгер Джон Пирпонт Морган (JP Morgan) 1912 жылы Конгрестегі мәлімдемесінде: «Алтын – бұл ақша, ал қалғанының бәрі – несие», – деген екен.
Қазіргі жағдайда көптеген инвесторлардың қарыздық активтерден бас тартып, қаржысын алтынға аударуы заңды құбылыс. Нәтижесінде, сары металдың бағасы алғаш рет 4 000 доллар межесінен асты.
Уоррен Баффет кезінде «алтынның пайдасыз зат екенін, адамдардың Жерде алтынға таласқанын Марстағылар көрсе, бастарын қасып, таңғалар еді» деген екен. Фото CNBC телеарнасының сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Justin Sullivan
Bridgewater Associates компаниясының негізін қалаушы Рэй Далио инвесторларға өз портфельдерінің шамамен 15%-ын алтынға бөлуге кеңес берді. Ол қазіргі нарықты 1970 жылдардағы жағдаймен салыстырып отыр. Сол кезде де қарыздың өсуі мен ақша-несие саясатының белгісіздігі қағаз активтер мен ұлттық валюталарға деген сенімді әлсіреткенін айтады.
Дегенмен қаржыгерлердің бәрі бірдей алтынның құнын мойындай бермейді. Аты аңызға айналған америкалық инвестор Уоррен Баффет алтынға әрдайым сенімсіз көзқараста болған.
Ол 1998 жылы былай деген: «[Алтынды] Африкада немесе басқа жерден қазып алады. Сосын балқытып, басқа жерге көміп, оны күзететін адамдарға ақы төлейді. Бұл – пайдасыз зат. Бұны Марстан бақылап тұрған біреу болса, басын қасып таңғалар еді».
Иә, бәлкім Марстың тұрғындары адамның алтынға таласқанына таңғалар, бірақ Жердегі капиталистер әлі күнге дейін жарқыраған сары металл үшін соғысуда.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.