in

Бұл текетіресте экс-президенттің қолында «зілбалға», ал президенттікке үміткерде «скальпель» бар

Reuters агенттігінің хабарлауынша, екі ірі держава арасындағы бәсеке технологиялық салада ерекше білінуде. Aikyn.kz  осы материалға сүйеніп, «технология соғысы президенттік сайлаудан кейін тоқтай ма?» деген сұраққа жауап іздейді.

Құрама Штаттар мен Қытай арасындағы технология соғысы 5 қарашадағы АҚШ президенттік сайлауында кім жеңіске жетсе де күшейді. Фото scmp.com сайтынан алынды.

Құрама Штаттар мен Қытай арасындағы технология соғысы 5 қарашадағы АҚШ президенттік сайлауында кім жеңіске жетсе де күшейетін сияқты. Бұның дәлелін республикашыл Дональд Трамп пен қазіргі вице-президент демократияшыл Камала Харристің сайлауалды бағдарламалары анық көрсетуде. Дегенмен жаңа демократияшыл кандидат басқа ережелер де ойлап табуы мүмкін. Ал Трамп өзінің бұрыннан мәлімдеп келетін қатал тәсілді ұсынады деп ойлаймыз.

Байден мен Трамп әкімшілігінің бұрынғы шенеуніктер мен тәуелсіз сарапшылардың пікірінше, қытайлық чиптердің, ақылды көліктердің және басқа технологиялық тауарлардың АҚШ-қа, ал чип жасау жабдықтар мен жасанды интеллект үшін қажет қымбат күрделі чиптердің Қытайға импорты шектеледі деп күтілуде.

АҚШ президенттігінен үміткер демократ Камала Харрис «ХХІ ғасырдағы бәсекелестікте Қытай емес, Американың жеңісін» қамтамасыз ететінін айтуда. Республикашыл кандидат Трамп Қытайдың технологиялық прогресімен күресу үшін оларға тарифтерді өсіру саясатын ұсынуда.

Қысқасы америкалық ақша мен технологияның Қытайдың әскери және жасанды интеллект әлеуетін арттыру үшін пайдалануына жол бермеу үшін күрес екі кандидаттың қайсысы жеңсе де күшейетіні сөзсіз.

«Біз АҚШ-Қытай қырғи-қабақ соғысында деректерге, бағдарламалық жасақтамаға және қосылған құрылғыларға бағытталған технологиядағы жаңа майданның ашылғанын көріп отырмыз», – дейді Байден әкімшілігінің бұрынғы ұлттық қауіпсіздік қызметкері Питер Харрелл.

Технологиялық соғыста Трамп «зілбалғаны», ал Харрис «скальпельді» қолданады. Иллюстрация Reuters агенттігінен алынды. Авторлығы: File Photo / Dado Ruvic

Өткен айда АҚШ қытайлық құрамдас бөліктерден жасалған электрлі көліктердің Америкада жүруіне тыйым салу ережелерін қабылдады. Ал осы жылдың көктемінде TikTok қолданбасын келесі жылға дейін қытайлық бас компания америкалық компанияға сатпаса платформаны АҚШ территориясында жабуды талап ететін заң қабылдады.

«Қытайлық компания құрылғыларға қол жеткізіп, жаңартуларды бере алатын болса, бұнда үлкен алаңдаушылық бар. Интернетке қосылған көліктер мен TikTok – бұл айсбергтің басы ғана», – дейді Харрелл.

Егер Харрис сайлауда жеңіске жетсе, оның көзқарасы Трампқа қарағанда мақсатты және үйлестірілген болуы мүмкін екенін екі әкімшілікке де жақын адамдар айтады. Мысалы, Харрелл АҚШ технологиясын Қытай әскерилері қолдануына жол бермеу үшін Байден әкімшілігі сияқты одақтастармен жұмыс істеуді жалғастыратынын мәлімдеді. Екінші жағынан, Трамп әкімшілігі тезірек қимылдап, өз саясатына көнбейтін одақтастарын жазалауға да баруы мүмкін.

«Менің ойымша, біз президент Трамптың бірінші мерзімінен оның жылдам әрекетке бейім екенін білдік», – дейді Трамптың сайлауалды командасының өкілі Джеймисон Грир.

Сауда департаментінің бұрынғы қызметкері Назак Никахтар болса, Қытайға қатысты экспортты бақылау саясатында Трамптың әкімшілігі әлдеқайда агрессивті болатынын болжайды. Ол егер Трамп әкімшілігі қытайлық чиптердің импортына ғана емес, сонымен қатар «осы чиптері бар кейбір өнімдерге» де шектеулер енгізсе, таңғалмайтынын айтады. Және ол Трамп АҚШ басшылығын мойындамайтын одақтастарға Харриске қарағанда қатал болатынын ескертеді: «Трамптың философиясы қамшыға ұқсайды».

Жалпы сарапшылар Трамп бұл мәселені бақылауда ұстау үшін «зілбалғаны», ал Харрис «скальпельді» қолданатынын айтуда.

Трамп барлық импортқа (тек қытайлық емес) 10-20%-дық және Қытай импортына 60% немесе одан да жоғары тарифтер енгізетінін айтқан. Харрис Трамптың тарифтік жоспарын тұтынушыларға салынатын салық ретінде сипаттайды.

Бірақ Байден әкімшілігі 2025 жылға қарай жартылай өткізгіштерге мөлшерлемені 25-тен 50%-ға дейін арттыруды көздеп отыр.

Қытай өз құқықтары мен мүдделерін қорғайтынын бірнеше рет мәлімдеген. Өткен жылы ол Вашингтон америкалық чиптер мен жабдықтарды жасау үшін экспорттық бақылаулар сериясын енгізгеннен кейін америкалық жад микросхемаларын жасаушы Micron Technology компаниясына қысым көрсеткен. Сонымен бірге Қытай ұлттық қауіпсіздікке байланысты деген сылтаумен чип өндірісінде кеңінен қолданылатын германий мен галлийге де экспорттық шектеулер енгізді. 2023 жылдың қазан айында ол АҚШ чиппен байланысты экспортқа қатысты ережелерді қатайтқаннан бірнеше күн өткен соң, электр көліктерінің аккумуляторларына кіретін кейбір графит өнімдеріне жаңа шектеулер қойды.

Ал маусым айында Қытай әскери техника мен тұрмыстық электроника үшін маңызды болып саналатын сирек жер металдарына қатысты жаңа ережелер қабылдады.

Трамптың бұрынғы Сауда министрі Уилбур Росс АҚШ-тың Қытайға қатысты қатал позиция ұстануы керектігін, сонымен бірге стратегиялық көзқарасты да ұмытпауы қажеттігін айтады. Өйткені қазірдің өзінде сирек кездесетін металдар бойынша АҚШ Қытайға тәуелді болып отыр. Бұрынғы шенеунік бұны ескермеу өте қауіпті екенін жақсы түсінеді.

Батыс Еуропадан басқа әлем елдері АҚШ-тың «гегемониясынан» шаршаған уақытта Құрама штаттардың сыртқы саясаты да доллар мен әскери әлеуетке сенбей, икемді және иілгіш мазмұнда болуға жақындаған секілді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.