BBC News хабарламасына сүйенген Aikyn.kz мемлекеттік қызметті тоқтатудың себептерін түсіндіреді.
Мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі үкімет жұмысының тоқтап қалуына байланысты ақысыз демалысқа жіберілді. Олар өздерінің жалақысы «кепілге алынғанын» айтуда. Жұмысы аса қажет деп танылған қызметкерлер кезекшілік атқаруды немесе жұмыс орындарында қалуды жалғастыруы мүмкін. Бірақ олар да еңбекақы алмауы ықтимал.
Үкімет жұмысының тоқтап қалуы – АҚШ-та жиі кездесетін жағдай. Ол Конгресс жылдық бюджетті қабылдай алмаған кезде болады. Бұл жолғы тұйыққа тірелу өткен сәрсенбіде (1 қыркүйек) басталды. Оның негізгі себебі – екі партия арасындағы келіспеушіліктер мен демократтардың денсаулық сақтау саласындағы жеңілдіктерді ұзарту жөніндегі талабы.
Қызметтерді тоқтаудың тағы бір себебі бар. Өйткені президент Трамп бұл жағдайды мемлекеттік қызметкерлер мен шығындарды қысқарту үшін пайдаланғысы келеді.
BBC News федералдық қызметкерлермен олардың көзқарастары және жабылудың оларға қалай әсер еткені туралы сауалнама жүргізген. Көптеген пікірлер анонимді түрде берілген. Агенттік сұхбат берген адамдардың шынымен федералдық қызметкерлер екеніне көз жеткізген. АҚШ үкімет қызметкерлеріне әдетте бұқаралық коммуникация құралдарымен сөйлесуге тыйым салынады. Сондықтан британдық ақпарат агенттігі олардың аттарын жарияламаған. Себебі олар тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін.
«Соңғы жабылу өте ауыр болды», – дейді бір федералдық қызметкер. Ол 2018-2019 жылдардағы тұйыққа тірелу бір айдан артық уақытқа созылғанын есіне алған. Ол: «Шоттарды төлеу үшін зейнетақы жоспарымнан ақша алуға мәжбүр болдым. Қазір бұл қаражатты алу тіпті қиындап кетті. Сондықтан егер бұл жабылу алдыңғысындай ұзаққа созылса, шоттарды қалай төлейтінімді білмеймін», – деген.
Сол қызметкер: «Мен Трампқа дауыс бердім, бірақ ол бізге жасаған қысымдары үшін дауыс берген жоқпын», – деген пікірін де білдірген.
Нью-Джерсиден Ішкі қауіпсіздік департаментінің басқа бір қызметкері тіпті басқаша пікірде: «Мен еңбекақымды уақытылы алмай жұмыс істесем де, жабылуды қолдаймын. Жоғарғы сот президенттің Конгрестің қаржыны бөлу құзыретін айналып өтуге бағытталған әрекеттеріне назар аудармады. Тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін қамтамасыз ету қажет».
Әскери инженерлік корпустың қызметкері өзінің «ішкі қайшылығын» айтқан. Ол «қызметтің ауыр аяқталуынан, басшылықтағы тұрақсыздықтан және жаппай қысқарту қаупінен» уақытша демалғанына қарсы емес екенін жеткізген.
«Егер бұл жабылудан нақты нәтиже шықса, қолдаймын. Бірақ шынында ондай нәтиже болатынына сенімді емеспін», – дейді ол.
Канзас-Ситиден Авиациялық метеорологиялық орталықтың қызметкері Рэндалл: «Үкімет белгілі бір мәселелер үшін тартысып жатқанда, менің жалақымды кепілде ұстағанын қаламаймын. Әдетте екі партия да Ұлттық метеорологиялық қызметті қаржыландыру қажет екеніне келіседі. Онда неге Конгресс денсаулық сақтау немесе басқа бір мәселелер үшін тартысқанда мен бірден қаржыландырудан айырылуым керек?», – деген.
Әскери әуе күштерінің анонимді қызметкері жағдай шешілмесе, күнкөріске қаражат таппайтынын айтты. Ол дилеммасын былайша жеткізді: «Маған бәрібір жұмысқа баруға тура келеді, бірақ жалақы алмаймын. Ал егер жұмысқа бармасам, ол себепсіз қызметке келмеу болып саналады».
Қаржы министрлігінің бір қызметкері Трамптың Республикалық партиясының шығын жоспарына қарсы демократтарға үн қатты.
«Мен демократтарды денсаулық сақтау мен қарапайым америкалықтар үшін қызметтердің қолжетімділігін шектейтін шабуылдарға берілмей, берік тұруға шақырамын», – деді ол. Сондай-ақ жұмысына төнген кез келген қауіп-қатер оның көзқарасын өзгертпейтінін айтқан.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.