in

Байлығы 500 миллиард долларға қалай жеткен?

Reuters хабарламасына сүйенген Aikyn.kz жарты триллион байлық қалай құралғанын түсіндіреді.

Илон Маск 500 млрд долларлық байлыққа қол жеткізген алғашқы адам. Фото news.com.au сайтынан алынды

Сәрсенбі күні (1 қазан) Tesla-ның бас директоры Илон Маск шамамен 500 миллиард долларлық байлыққа қол жеткізген алғашқы адам атанды. Бұған электромобиль өндіруші компания акцияларының өсуі және кәсіпкердің басқа да технологиялық стартаптарының бағалануының күрт артуы себеп болды.

Илон Масктың байлығы тікелей Tesla-ға байланысты. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, компанияның 12,4%-дан астам акциясы миллиардерге тиесілі. Биылғы жылдың басынан бері компания акциялары 14%-дан астамға өсті. Ал сәрсенбі күні тағы да 3,3%-ға қымбаттап, Масктың байлығын 6 миллиард долларға арттырды.

Инвесторлардың көңіл күйі Илонның қайтадан өзінің компанияларына назар аударуымен жақсарды. Өткен айда Tesla директорлар кеңесінің төрайымы Робин Денхолм Масктың бірнеше ай бойы Ақ үйде жұмыс істегеннен кейін компанияда қайтадан «орталық рөлге» шыққанын айтқан.

Бұдан бірнеше күн өткен соң Маск шамамен 1 миллиард доллардың акциясын сатып алғанын мәлімдеп, Tesla-ның болашағына деген үлкен сенімін көрсетті. Қазір компания автокөлік өндірісінен жасанды интеллект пен робототехникаға бет бұрып келеді. Дегенмен көлік сату көлемінің төмендеуі мен маржаға түсетін қысым акция құнына кері әсер етуде. Осылайша, электр көліктерін жасаушы компания технологиялық «үлкен жеті» алыптарының ішінде ең әлсіздерінің біріне айналды.

Oracle-дың негізін қалаушы Ларри Эллисонның байлығы 350,7 миллиард доллар. Фото gqindia.com сайтынан алынды

Өткен айда Tesla директорлар кеңесі Маскқа 1 триллион долларлық компенсациялық жоспар ұсынды. Бұл жоспар қаржылық әрі операциялық мақсаттарды орындауды көздеп,  Масктың компаниядағы үлесін арттыру туралы талабын қанағаттандырды.

Миллиардердің жасанды интеллект саласындағы xAI стартапы мен SpaceX ғарыш компаниясы да биыл өз бағаларын айтарлықтай өсірді. Pitchbook дерегінше, xAI шілде айында 75 миллиард долларға бағаланған. Ал қыркүйекте CNBC компанияны 200 миллиард долларға бағалау мүмкін екенін хабарлағанымен, Маск ол кезде қосымша капитал тартылмағанын айтты.

Bloomberg агенттігі болса, SpaceX шамамен 400 миллиард долларлық келісім аясында қаржы тарту және инсайдерлік акцияларды сату жоспары талқыланғанын хабарлаған.

Forbes дерегінше, Масктан кейінгі екінші орынды Oracle компаниясының негізін қалаушы Ларри Эллисон иеленді. Оның байлығы сәрсенбі күнгі жағдай бойынша, шамамен 350,7 миллиард долларды құраған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.