Бұл – ел экономикасының құрылымына қатысты маңызды мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы Жолдауында шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, жұмыспен қамтудағы үлесі 50 пайызға жуықтағанын атап өтті.
Соңғы дерек кәсіпкерлік саласында өсім бар екенін көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қазақстанда шамамен 2,4 миллион шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 2 миллионнан астамы жұмыс істеп тұр. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 6,1 пайызға жоғары. ШОК-та жұмыспен қамтылғандар саны 4,5 миллионнан асады. 2025 жылдың қорытындысында шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40,9 пайызға жетті. Ал сектордың өнім шығару көлемі 104,8 триллион теңгені құрады. Демек, кәсіпкерлік Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің біріне айналып келеді.
Қазақстандағы ШОК құрылымына қарасақ, кәсіпкерлердің едәуір бөлігі сауда және қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді. 2025 жылдың басында көтерме және бөлшек сауда, автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу саласында 806 мыңнан астам ШОК субъектісі болған. Бұл салалардың экономика үшін маңызы зор екені түсінікті. Сауда да, қызмет көрсету де халықтың күнделікті қажеттілігін өтейді, жұмыс орындарын құрады, салық түсіреді. Алайда елдің ұзақмерзімді экономикалық қуаты тек сауда айналымымен өлшенбейді. Өнім өндіретін кәсіпорын жаңа қосылған құн қалыптастырады. Зауыт пен цех жаңа технология әкеледі, инженер мен жұмысшыға сұраныс тудырады, шикізатты өңдейді, импортты алмастырады және экспортқа шығуға мүмкіндік береді. Ал дайын тауарды сырттан сатып алып, ішкі нарықта қайта сату экономиканың осындай технологиялық тізбегін қалыптастыра бермейді.
2026 жылдың басындағы дерек бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің ішінде өнеркәсіп саласында 118,3 мың ұйым болған. Оның 106,4 мыңы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Яғни өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпкерлердің саны өсіп келе жатқанымен, жалпы кәсіпкерлік құрылымындағы үлесі әлі де шағын. Осыдан келіп кәсіпкер сауда немесе қызмет көрсету саласына баруға дайын, бірақ «өндіріс ашуға келгенде неге тартыншақ?» деген орынды сауал туындайды.
Ал өндіріс ашу үшін қомақты инвестиция қажет. Жер, электр энергиясы, инфрақұрылым, құрал-жабдық, шикізат, инженерлік кадр, логистика және өткізу нарығы керек. Бұған қоса өндірістік кәсіпкер несие мөлшерлемесі, валюта бағамы, тарифтер, сертификаттау және түрлі әкімшілік талаптар сияқты тәуекелдермен бетпе-бет келеді. Сондықтан мемлекет кәсіпкерге тек несие немесе субсидия берумен шектелмеуі керек. Өндірісті бастауға және оны бірнеше жыл бойы тұрақты жүргізуге мүмкіндік беретін толық экожүйе болса, қанекей?! Мемлекет басшысы да Жолдауында осыны меңзесе керек.
«Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек. Қазір елімізде 21 кодекс, 300-ден астам заң бар. Оларға тым көп түзету енгізілген. Кейбір нормалар бір-біріне қайшы келіп жатады. Түптеп келгенде, осының бәрі бизнестің дамуына кедергі келтіріп отыр. Заңнаманы түгел тексеріп, зерделеп шыққан жөн», – деген еді өз сөзінде.
Жалпы, елімізде бизнеске мемлекеттік қолдаудың түрлі тетігі бар. Несие беру, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кепілдендіру, индустриялық жобаларды қолдау сияқты бағдарламалар жұмыс істеп тұр. Мәселе олардың жоқтығында емес, нәтижесін қалай өлшейтінімізде. Мысалы, қанша жобаға қаржы берілгенін санау оңай. Бірақ сол кәсіпорындардың қаншасы бес жылдан кейін жұмыс істеп тұрады? Қаншасы жаңа өнім шығарды? Экспорт пен импорты қанша? Технологиясын жаңартты ма? Мемлекеттік қолдаудың тиімділігі осындай көрсеткіштермен бағалануы қажет. Өйткені кәсіпкерлік саясатының мақсаты тек жаңа субъектілерді тіркеу емес, солардың арасынан тұрақты өндіріс орындарын, орта бизнесті және кейін халықаралық нарыққа шығатын компанияларды қалыптастыру болуы тиіс.
Бұл жерде Ұлттық экономика министрлігіне ерекше міндет жүктеледі. Кәсіпкерлердің жалпы санымен қатар олардың сапалық құрылымын көрсететін индикаторлар да тұрақты бақылануы керек. Мәселен, жыл сайын қанша жаңа өндірістік кәсіпорын ашылды, қанша кәсіпорын шағын бизнестен орта бизнеске өтті, қанша компания жаңа технология енгізді, қанша жаңа өнім түрі пайда болды деген сұрақтарға нақты жауап беретін жүйе қажет.
Президент былтырғы Жолдауында кәсіпкерлерді елді цифрлық дамытудың қозғаушы күші деп атады. Бұл міндет өндірістік бизнеске де тікелей қатысты. Цифрландыру дегеніміз – мемлекеттік қызметтерді құр электронды форматқа көшіру емес. Оның мәні одан әлдеқайда терең, мәселен, автоматтандыру, роботтандыру, өндірістік процестерді бақылау, логистиканы оңтайландыру және жасанды интеллектіні пайдалану сияқты заманауи өндіріс келбетін білдірсе керек. Сондықтан жаңа өндіріс ашатын кәсіпкерлерге технологиялық жаңғыру мүмкіндігін де қатар ұсыну қажет. Бәсекеге қабілетті кәсіпорын мемлекеттік субсидияға мәңгі тәуелді болмай, уақыт өте келе өнімділігін арттырып, нарықта өз орнын таба алуға тиіс.
Осы ойдың ұшқынынан туса керек. Осы аптада елімізде бизнеске қолдау көрсету және сүйемелдеу орталықтары іске қосылды. Әзірге Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ СҚО мен Ақтөбе облыстарында пилоттық режимде істеп тұр. Аталған орталықтар кәсіпкерлерге бірқатар мәселе бойынша қолдау көрсетеді. Оның ішінде берешекті қайта құрылымдау және қаржыландыруға қол жеткізу, мемлекеттік қолдау шараларын алу, салық берешегін реттеу, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту және басқа да көмек түрлері бар. Олардың дәстүрлі консультациялық форматтан айырмашылығы, бұл орталықтар нақты нәтижесіне қарай бағаланады. Кәсіпкерлердің өтініштері шешімін та-уып, аталған механизмдер жүзеге асқан жағдайда ғана орталықтар жұмысы лайықты бағасын алады. Демек, кәсібін дөңгелеткісі келетін немесе жаңа бизнес бастағысы келетін ынталылар үшін бұл да үлкен мүмкіндік.
Ал пилоттық жобаның өзі жыл соңына дейін жалғасады. Оның қорытындысы бойынша тиімділігі жан-жақты қаралып, оны еліміздің басқа өңірлерінде одан әрі енгізу және ауқымын кеңейту жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
Ербол ТҰРЫМБЕТ