in

Қытайда TikTok онлайн сауда нарығын қалай өзгертті?

Қытайға іссапарымыз барысында онлайн сауда орталығына арнайы барып, экспорт саласында алдағы уақытта болатын жаңалықтар мен сауда-саттық орталығының ауқымды жоспарларымен таныстық. Гуандун-Макао экономикалық аймағындағы Хэнцинь халықаралық сауда, қаржы орталығында электронды сауданы дамыту мен қаржылық мүмкіндігін сараптайды. Бүгінде әлеуметтік желілердің ішінде TikTok арқылы сауда жасау сұранысқа ие. Қолында алақандай смартфоны бар адамға қолжетімді. Тауарын үйіне жеткізіп береді.  

Осыдан бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев TikTok компаниясының бас директоры Шоу Чумен кездесті. Онлайн платформаның мүмкіндігін Digital Bridge халықаралық форумында талқылады. Президент біздің елде TikTok платформасының танымалдылығы артып келе жатқанын атап өтті. 2023 жылы 10 миллионнан астам қазақстандық тіркелген еді. Бейнеконтент жасауға және қарауға арналған әлемге танымал сервис алғашқылардың бірі болып қосымша интерфейсін қазақ тіліне аударды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен TikTok компаниясының бас директоры Шоу Чумен кездесуі. Астана қаласы. 2023 жыл. Фото: Akorda.kz

Жүздесуде  TikTok компаниясының бас директоры Шоу Чу Astana Hub халықаралық технопаркімен бірлесіп, TikTok StartUp Academy жобасын – қазақстандық стартаптарға арналған эксклюзивті білім беру бағдарламасын жүзеге асырып жатқаны туралы баяндады. Бұдан бөлек, серіктестік аясында TikTok Startup Valley байқауы өткізілді. Нәтижесінде, 200-ден астам стартап өз өнімдерін TikTok арқылы жарнамалау  әдістерін үйрету курсынан өтті.

TikTok компаниясының бас директоры Шоу Чу Қазақстан Президентімен жүздесуінде TikTok платформасының әлеуетін талқылады. Астана қаласы. Фото: Akorda.kz 

Кездесу барысында креативті индустрия саласындағы ынтымақтастық, жасанды интеллект бойынша зерттеу жүргізу, электронды сауданы дамыту, сондай-ақ TikTok платформасы арқылы Қазақстанның мәдениеті мен туристік мүмкіндіктерін жаһандық деңгейде насихаттау мәселелері қарастырылды.

Гуандун-Макао экономикалық аймағындағы дүниежүзілік сауда айналымын бақылау, қадағалау, талдау орталығы Фото: Aikyn.kz

Бұл орталықтың басты ерекшелігі жастардың жұмыс істеуіне басымдық беріледі. Стартап жобаны іске асыратын жастарға арнап салынып жатқан баспана. Қалашықта жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Smart қалашық тауар айналымның күрт өсуіне, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетуден көшбасшы болуды мақсат етіп отыр. Фото: Aikyn.kz 

Онлайн саудада логистика саласын дамыту маңызды мәселе. Әлемнің түкпір-түкпіріне тауарды уақытылы жеткізу үшін мыңдаған компания тәулік бойы жұмыс істейді. Оның жұмысын онлайн қадағалайтын, қауіпсіздігіне жауап беретін қызметкерлерге барлық жағдай жасалған. Фото: Aikyn.kz 

Дүниежүзілік тауар айналымды бақылап, талдайтын орталық жұмысы толықтай цифрландырылған. Соңғы жылдардағы аналитикалық зерттеу бойынша, 2018 жылға дейін тауар айналымы тұрақты болған. 2019 жылы коронавирус пандемиясы басталған тұста сұраныс күрт артқан. 2020 жылдан бастап 2022 жылдары жеткізу қызметінің нашарлығы, тапсырыстың көптігінен уақытылы жеткізілмеуі секілді түрлі себептен сауда құлдыраған. 2023 жылы нәтижеде оң динамика байқалғанымен, 2024 жылдан бәсекеге төтеп беру басты орынға шықты.  

Бұл орталықта TikTok-тағы сауда-саттықтың әрбір ұсақ-түйек көрсеткішіне дейін талдау жасалады. Орталық мамандарының айтуынша, сауда көлемін арттыру үшін жоспар күрт өзгеретін жағдайлар да кездеседі. Ең бастысы, бұл сауда нарығындағы тәуекелдердің алдын алуға және жаңа жобаларды електен өткізіп, қолданысқа енгізуге мүмкіндік береді. Соңғы 5-6 жылдың ішінде сауда-саттықта тұтынушының құқығы, қаржы үнемдеу үшін ұсынылатын жеңілдіктер, сатып алушымен кері байланысты маңызға ие. Себебі, қазіргі кезеңде тек қана үздіксіз жарнама тұрақты тұтынушылардан айырылып қалмауға негіз бола алмайды.      

Әлеуметтік желіде тікелей эфирде тауарды сан қырынан көрсету үшін қолданылатын cканерлер. Қозғалмалы сканерлер арқылы түсірілген видеолар тұтынушыға тауардың материалы, атқаратын функциясы, сапасы қолмен ұстап көргендей әсер қалдырады. Фото: Aikyn.kz

Дайын киім үлгісін компьютерлік графика арқылы сол сәтте өңдеп, Тік-Ток арқылы сатуға дайын өнім ретінде көрсетуге мүмкіндік бар. Тауарға сұраныс арттыру үшін көпшілікке танымал адамдардың жасанды бейнесін қолданады. Өнер, спорт, бизнес өкілдерінен “TikTok-та бет-әлпетін киім-кешек жарнамасына рұқсатсыз пайдаланды” деген шағым түскен жоқ па?” деген сауалымызға: “бұған дейін арыз түспеді” деген жауап алдық. 

Тауарды тікелей эфирде сатуға арналған студия. Фото: Aikyn.kz  

Бұл орталықтың артықшылығы тауарды сатып алуға келген саудагерлер сол жерден тікелей эфирге шығып, сауда жүргізуге арнайы кабинеттер жасақтап қойған. Кабинеттерде әлемнің кез келген нүктесіне тауар жөнелтуге болатын мүмкіндік жасалған. Сатылатын немесе келісімшарт арқылы тапсырыс берілетін кез келген тауар да осы орталықта тұр.  

Студиядағы сауда қатарлары. Тауарлардың тарихынан бастап толық мәлімет алуға болады. Фото: Aikyn.kz  

Орталықтағы тауарлар сертификатталған. Сапасына, тапсырыс берушіге уақытылы жеткізілетініне кепілдік беріледі. Фото: Aikyn.kz

Экономиканың таразы басында даму мен тоқырау қатар жүреді. Баға да бірде шарықтағанымен, күтпеген жерден құлдырауы мүмкін. Тұтынушының талғамы өзгеруі, сұранысқа ие жаңа қызмет түрлерінің пайда болуы, балама тауарлардың көбеюі тікелей әсер етеді. Оның ішінде, логистика да аса маңызды. Бұл мәселені күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында айтты.

«Электронды сауда-саттық пен озық технологиялық өнімдердің саудасы қызып тұрған қазіргі кезде әуемен жүк жеткізу аса жоғары сұранысқа ие әрі табысы көп тасымал түрі саналады. Сондықтан біз әуе хабтарын белсенді түрде дамытып, олардың жаһандық логистика тізбегіне кірігуін қамтамасыз етуге тиіспіз. Сонымен қатар экспресс-жүк тасымалдау саласын ретке келтіру қажет. Бұл қадам тұтынушылардың мүддесін қорғау үшін керек», – деді Мемлекет басшысы.

Бүгінде нарықта тауар өндіру, оны сату, сатқан тауарды уақытылы жеткізу процесінде бәсеке күшейді. Көшке ілесу ғана емес, қомақты үлеске ие болу одан да маңызды. 

Бұған дейін  Қытайда қоқысты өңдеп кәдеге жарататыны туралы жазған болатынбыз.