in

Стэнфорд университеті: жасанды интеллект жастардың жұмысқа тұруын қиындатты

Quartz сайтының материалы негізінде Aikyn.kz жасанды интеллект дәуіріндегі еңбек нарығының ерекшеліктерін түсіндіреді.

Зерттеу нәтижелері генеративті ЖИ жаңадан жұмысқа орналасқан жас қызметкерлерді ығыстырып жатқанын көрсеткен. Иллюстрация hardmode.com.au сайтынан алынды. Авторлығы: генеративті ЖИ

Стэнфорд университетінің деректерінде, жасанды интеллект революциясының алғашқы толқындары АҚШ еңбек нарығын шайқалтып үлгергені айтылады. Бұл өзгерістерді ең қатты сезінгендер – жас қызметкерлер болған. Жаңа зерттеу көрсеткендей, 22-25 жас аралығындағы жастардың жұмыспен қамтылуы ЖИ-ға ең бейім салаларда (бағдарламалық жасақтама әзірлеу, клиенттерге қызмет көрсету) 2022 жылдың соңынан бері 13%-ға төмендеген. Миллиондаған қызметкерлердің жалақы деректеріне негізделген зерттеу нәтижелері генеративті ЖИ жаңадан жұмысқа орналасқан қызметкерлерді ығыстырып жатқанын көрсеткен. Керісінше, осы қызметтерде жұмыс істейтін аға буынның жағдайы тұрақты немесе тіпті өскені байқалған.

Бұл деректер Z буыны арасындағы алаңдаушылықтың артып келе жатқанын растайды. Goldman Sachs университет дипломдарының құны тез төмендеп бара жатқанына назар аударса, Bank of America Global зерттеуі соңғы түлектер арасындағы жұмыссыздық деңгейі ұзақ жылдардан бері алғаш рет жалпы көрсеткіштен асып кеткенін анықтаған.

ЖИ аз әсер еткен салаларда жас және аға буын қызметкерлерді жалдау үрдістері ұқсас болды. Алайда технологиямен тікелей байланысты қызметтерде 22-25 жастағы қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы шамамен 6%-ға төмендеген, ал аға буын қызметкерлер арасында керісінше 6-9% өсім тіркелген.

Зерттеушілер мұны еңбек нарығындағы «ерте әрі ауқымды дәлел» деп атап, «тәжірибе мен айқын емес білім қызметкерлерді ығыстырылудан қорғайтын басты қалқанға айналуда» деген пікір айтады. Өйткені ЖИ жүйелері оқулықтардағы білімді оңай алмастыра алады, бірақ нақты жұмысқа тән және жүйелеуге келмейтін дағдыларды алмастыра алмайды.

Америкалықтардың 71%-ға жуығы ЖИ елдің тұтас өңірлерін жұмыссыз қалдырады деп алаңдайды. Фото Quartz сайтынан алынды. Авторлығы: Getty Images / Luis Alvarez

Жұмыс орындарының қысқаруы, әсіресе ақыл-ой еңбегіне қатты соққы берді. Microsoft, Duolingo және Walmart сияқты компанияларда ауқымды қысқартулар жүргізілді. Сонымен бірге көптеген компания технологияға ірі инвестициялар салуда. Сәуір айында Duolingo бас директоры Луис фон Ан қосымшаны «ең алдымен жасанды интеллектке негізделген» ету бастамасын жариялады.

Алайда Стэнфорд зерттеушілері ЖИ енгізудің барлық түрлері жұмыс орындарына теріс әсер етпейтінін айтуда. Олар құлдырау негізінен ЖИ «адам еңбегін алмастыратын» клиенттерге қызмет көрсету немесе базалық бағдарламалау міндеттері салаларында байқалатынын анықтаған.

Ал медициналық зерттеулер нәтижелеріндегі ауытқуларды анықтайтын ЖИ немесе маркетологтар түзететін бастапқы мәтіндерді құрастыратын ЖИ, әдетте еңбек өнімділігін арттырады, бірақ бастапқы деңгейдегі жұмыс орындарын қысқартпайды. «Бұл нәтижелер ЖИ-дың автоматтандырылған қолданылуы еңбекті алмастыратынын, ал толықтырушы тәсілдер алмастыра алмайтынын көрсетеді», – делінген баяндамада.

Ipsos пен Reuters сауалнамаларына сәйкес, америкалықтардың 71%-ға жуығы ЖИ тұтас өңірлерді жұмыссыз қалдырады деп алаңдайды. Оксфорд университеті мен Deloitte зерттеуінде алдағы 20 жылда бар жұмыс орындарының шамамен 35%-ы автоматтандырудың жоғары қаупіне ұшырайтыны көрсетілген.

«Біздің нәтижелеріміз генеративті ЖИ-дың еңбек нарығына әзірге теңдей әсер етпейтінін көрсетеді. Керісінше, ол жұмыспен қамту мүмкіндіктерін өзгертуде. Соның салдарынан жас қызметкерлер шамадан тыс қолайсыз жағдайда қалып отыр. Біз бұл нәтижелерді ЖИ-дың еңбек нарығындағы революциясының бастауы деп қарастырамыз», – дейді Стэнфорд зерттеушілері.

Қазақ жастарына болашақ мамандық таңдауда неге назар аудару керек?

Стэнфорд зерттеуіндегі мәліметтер тек АҚШ емес, қазақ жастары үшін де маңызды сабақ бола алады. Елімізде мемлекеттік қызмет көрсету саласы, бухгалтерия, аударма, тіпті бағдарламалаудың кейбір қарапайым бағыттары ЖИ арқылы орындала бастады. Бұл – жас мамандардың жұмыспен қамтылу тұрақтылығына қауіп төндіреді.

ЖИ көбінесе еңбек нарығына жаңадан кіретін (entry-level) жастарға әсер етеді. Оқуын жаңа аяқтаған жастарға тәжірибе жинау қиындай түсуі ықтимал.

Стэнфорд зерттеуі көрсеткендей, тәжірибесі мол мамандарды ЖИ бірден алмастыра алмайды. Бұл жастар үшін «ұзақмерзімді тәжірибені жоспарлау» қажеттігін білдіреді.

Сондықтан мамандық таңдауда мынадай факторларға назар аудару қажет:

Бірінші, ЖИ орасан зор ақпаратты жылдам өңдейді, бірақ шығармашылық ойлау мен стратегиялық шешім қабылдауды толық алмастыра алмайды. Сондықтан ЖИ-ды қолдана білетін, оны басқара алатын, жаңа құралдармен жұмыс істейтін жастардың бәсекеге қабілеттілігі артады.

Екінші, қарым-қатынас, келіссөз жүргізу, көшбасшылық сияқты «жұмсақ дағдыларды» (soft skills) да ЖИ алмастыра алмайды. 

Үшінші, медицина+ЖИ, заң+ЖИ, агроөндіріс+ЖИ сияқты қос салалы мамандықтар болашақта ерекше сұранысқа ие болуы мүмкін. Бір мамандықпен шектелмей, жаңа дағдыларды меңгеру жастарға еңбек нарығында тұрақты орнын сақтауға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, қазақ жастары үшін басты назарда – бейімделгіштік, үздіксіз даму және ЖИ-мен бәсекелеспей, оны толықтыратын, ЖИ-ды құрал ретінде пайдаланатын мамандықтарды таңдау болуы тиіс.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.