Соңғы жылдары әлемде литий, неодим, скандий, иттрий секілді сирек металдарға сұраныс күрт өсті. Өйткені бұл элементтер аккумулятор өндірісінде, жел генераторларында, ядролық энергетикада, электроникада, қорғаныс өнеркәсібінде және жасыл технологияларда кеңінен қолданылады. Сарапшылардың бағалауынша, алдағы онжылдықтарда мұндай ресурстар мұнай мен газ секілді стратегиялық маңызға ие болмақ.
Қазақстанда мұндай қорлар жеткілікті болғанымен, негізгі табыс көбіне шикізатты сыртқа сатудан түсіп келеді. Ал ең үлкен пайда металды терең өңдеу, химиялық қосындылар шығару, одан кейін дайын компоненттер мен технологиялық өнім жасау кезеңдерінде қалыптасады.
Осы жаһандық үрдіске сай Назарбаев университеті жанындағы New Materials and Energy Technologies институтында өткен басқосуда ғалымдар 2027-2031 жылдарға арналған ірі ғылыми-техникалық бағдарламаны жан-жақты талқылады. Бастаманың басты мақсаты – Қазақстанда сирек және сирекжер металдарын терең өңдейтін жүйе қалыптастырып, сол шикізаттан жаңа буын материалдарын шығару, сондай-ақ оларды энергетика саласында пайдалануға негіз болатын толыққанды ғылыми база құру.
Бағдарламаның бағыты қандай?
Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев бұл мәселенің ел болашағы үшін аса маңызды екенін айтты.
«Сирек металдар тақырыбы тек геология немесе кен өндіру мәселесі емес. Бұл – технологиялық тәуелсіздік, энергетика қауіпсіздігі, жаңа өндірістер ашу және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілетін арттыру мәселесі. Егер біз тек шикізат сатумен шектелсек, әлемдік нарықтағы үлкен мүмкіндіктерден қағыламыз», – деді ол.
Оның сөзінше, Қазақстанда табиғи қор жеткілікті болғанымен, толық өндірістік тізбек әлі қалыптаспаған.
«Бізде ресурс бар, бірақ кеннен бастап соңғы жоғары технологиялық өнімге дейінгі жолды толық бақылап отырған жоқпыз. Сондықтан қосылған құнның едәуір бөлігі сыртта қалып отыр. Ендігі міндет – осы тізбекті ел ішінде құру», – деді академия басшысы.
Ғалымдардың айтуынша, бағдарлама аясында бірнеше стратегиялық бағыт қамтылады. Соның бірі – сирекжер шикізатын тиімді өңдеу технологияларын әзірлеу. Бұл бағытта экологияға зияны аз, шығыны төмен әрі халықаралық талаптарға сай жаңа өндірістік шешімдер енгізу көзделіп отыр.
Екінші маңызды бағыт – энергетикаға арналған жаңа материалдар шығару. Әңгіме жоғары температуралы өткізгіштер, ядролық реакторларға қажет арнайы қорытпалар, энергия сақтайтын компоненттер және сутегі энергетикасына арналған материалдар жөнінде болып отыр.
Сондай-ақ цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект элементтерін өндіріс пен ядролық қауіпсіздік жүйелеріне енгізу ұсынылды. Бұл технологиялар апат қаупін азайтып, өндіріс тиімділігін арттырып, күрделі процестерді нақты бақылауға мүмкіндік береді.
Жиында сөз сөйлеген институт жетекшісі, академик Жұмабай Бәкенов бағдарламаның нақты бағыттарына тоқталды. «Жоба тек зертханалық деңгейде қалмайды. Біз ресурс қорын зерттеуден бастап, оны өндіру, өңдеу, дайын өнімге айналдыру және нақты өндірісте қолдануға дейінгі толық жүйені қарастырып отырмыз. Соның ішінде шағын модульді реакторларға қажетті материалдар мен Қазақстан шикізаты негізінде «жасыл» сутегі өндірісін дамыту да бар», – деді ол.
Берері мол бастама болмақ
Сарапшылардың айтуынша, мұндай бағдарлама сәтті іске асса, ел экономикасына бірнеше бағытта серпін береді. Біріншіден, шикізатқа тәуелділік азаяды. Екіншіден, жоғары жалақы төленетін инженерлік және ғылыми жұмыс орындары ашылады. Үшіншіден, экспорт құрылымы өзгеріп, Қазақстан тек кен емес, дайын технологиялық өнім сататын мемлекетке айнала бастайды.
Бұдан бөлек, жаңа өндірістердің дамуы өңірлердегі инфрақұрылымға да әсер етеді. Зертханалар, инженерлік орталықтар, шағын технологиялық зауыттар ашылып, ғылым мен бизнестің байланысы күшейеді.
Мамандардың бағалауынша, бұл бастама – уақыт талабынан туған шешім. Өйткені әлемдік экономикадағы бәсеке енді тек мұнай, газ немесе металл қоры үшін жүріп жатқан жоқ. Ендігі тартыс – сол ресурстан кім тезірек технология жасап, дайын өнім шығара алатынына байланысты. Егер Қазақстан осы мүмкіндікті тиімді пайдалана алса, алдағы жылдары ел экономикасында жаңа индустриялық кезең басталуы ықтимал. Сирек металдар саласы шикізат көзі ғана емес, технологиялық серпілістің тірегіне айналуы мүмкін.
Профессор Жұмабай Бәкенов қарапайым мысал арқылы қосылған құнның айырмасын түсіндірді. Оның айтуынша, Қазақстанда өндірілетін мыс кені көбіне бастапқы шикізат ретінде бағаланады. Ал сол металдан кейінгі кезеңде электроникаға, энергетикаға немесе аккумулятор өндірісіне қажет бөлшектер жасалса, өнім құны бірнеше ондаған есе өседі.
«Біз көбіне кенді немесе бастапқы өнімді сатумен шектелеміз. Бірақ негізгі табыс соңғы кезеңдерде қалыптасады. Мысалы, кеннің бағасы бір басқа, ал одан жасалған жоғары технологиялық компоненттердің нарықтағы құны мүлде бөлек. Сондықтан ел үшін ең маңыздысы – шикізатты сыртқа шығару емес, оны осында өңдеп, дайын өнім жасау», – деді ғалым.
Оның сөзінше, дәл осындай тәсіл Қазақстанға экспорт құрылымын өзгертуге мүмкіндік береді. Қазір шикізат сатудан түсетін табыс әлемдік бағаға тәуелді болса, дайын өнім өндірісі тұрақты әрі табысты бағыт саналады. Әсіресе, электр көлігі, энергия сақтау жүйелері, жасыл технологиялар қарқын алған кезеңде металды терең өңдеудің маңызы артып отыр.
Мамандар аккумулятор өндірісін болашақтағы ең табысты салалардың бірі деп отыр. Өйткені жаһандық нарықта электр көліктеріне, күн және жел энергетикасына арналған энергия сақтау жүйелеріне сұраныс өсіп келеді. Егер Қазақстан өз шикізатын пайдаланып аккумулятор материалдарын шығара алса, бұл жаңа индустрияның негізіне айналуы ықтимал.
Нендей нәтиже күтеміз?
Осы бағытта алғашқы нақты нәтижелер де бар. Ғалымдардың айтуынша, отандық зерттеушілер әзірлеген 12 вольттық аккумулятор сериялық автокөлікте сынақтан өткен. Бұл әзірге шағын қадам болғанымен, технологиялық база қалыптастыру тұрғысынан маңызды жетістік саналады.
«Көп адам ғылыми жобаларды тек теория деп ойлайды. Бірақ бізде нақты сынақтан өткен шешімдер бар. Бұл Қазақстанда аккумулятор технологияларын дамытуға мүмкіндік барын көрсетеді. Ең бастысы – зертханадағы жұмысты өндіріс деңгейіне жеткізу», – деді профессор.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай жобалар тек бір өнім шығарумен шектелмейді. Оның айналасында инженерлік мектеп, жаңа мамандықтар, сервистік компаниялар, ғылыми орталықтар мен шағын өндірістер қалыптасады. Яғни, бір аккумулятор зауытының өзі ондаған қосымша саланың дамуына жол ашады.
Жиында тағы бір болашағы зор бағыт ретінде суперөткізгіш материалдар өндірісі аталды. Бұл – электр энергиясын аз шығынмен тасымалдауға, медицина құрылғыларында, ғылыми қондырғыларда және болашақ термоядролық энергетикада қолданылатын күрделі технологиялық өнім. Мамандардың сөзінше, Қазақстан сирекжер металдарын пайдалана отырып осындай материалдарды әзірлеу бойынша халықаралық әріптестікке кірісе бастаған. Егер бұл бағыт табысты дамыса, ел жаңа буындағы жоғары технологиялық экспортқа шыға алады.
Сарапшылар Қазақстан үшін кадр мәселесі де шешуші рөл атқаратынын айтады. Өйткені тек кен өндіретін экономикаға қарағанда, материалтану мен жоғары технологиялық өндіріс үшін мүлде басқа деңгейдегі мамандар қажет. Демек, инженерлер, химиктер, энергетиктер, дата-сарапшылар мен жасанды интеллект мамандарына сұраныс артады. Бұл өз кезегінде университеттер мен ғылыми орталықтарға жаңа талап қояды. Енді оқу орындары тек диплом беретін мекеме емес, өндіріс пен ғылымды байланыстыратын орталыққа айналуы тиіс.
Экономистердің айтуынша, Қазақстан шикізатқа бай болғанымен, ұзақмерзімді өсім үшін бұл жеткіліксіз. Соңғы жылдары әлемде ресурсы көп елдердің өздері қайта өңдеу мен технологияға қаржы құя бастады. Себебі кен орны таусылуы мүмкін, ал білім мен технология тұрақты артықшылық береді.
Егер ұсынылған бағдарлама толық іске асса, Қазақстан бірнеше маңызды нәтижеге қол жеткізе алады. Біріншіден, отандық өнімнің қосылған құны өседі. Екіншіден, сыртқы нарыққа тәуелділік азаяды. Үшіншіден, жоғары жалақы төленетін жаңа жұмыс орындары ашылады. Төртіншіден, ғылымның экономикаға нақты пайдасы көріне бастайды.
Сарапшылар бұл мүмкіндікті өткізіп алмау керек дейді. Өйткені сирек металдар үшін жаһандық бәсеке күшейіп келеді. Кім тезірек технология жасап, өндіріс тізбегін жолға қойса, болашақ нарықта сол ел үстемдік етеді. Қазақстан үшін таңдау анық: шикізатты бұрынғыдай экспорттай беру немесе сол байлықты жаңа экономиканың іргетасына айналдыру. Астанада өткен талқылау осы екінші жолға нақты қадам жасалғанын көрсетті.
Кәмила ДҮЙСЕН